Депутат болу – үлкен жауапкершілік. Атқарушы органдармен келісіп істеген жұмыстарының арқасында халық қалаулылары облыстың дамуына нақты үлестерін қосуда. Бүгінгі таңда депутаттардың 60 пайызы – ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің өкілдері. Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні құрмет көрсетілгендердің қатарында болған облыстық мәслихат депутаттары: “Зенченко және К” КС директоры Г. Зенченко, “Бабық Бұрлық” ЖШС-нің басшысы С.Махметов облыс әкімінің Алғыс хатымен, ал Қызылжар аудандық мәслихатының депутаты, “Якорь” ЖШС-нің директоры В.Очеретенко Ауыл шаруашылығы министрлігінің “Еңбек ардагері” медалімен марапатталды. Жыл сайын осындай наградаларға лайықты халық қалаулыларының саны артуда. Бұл – мемлекет тарапынан олардың еңбектерін бағалау, сонымен қатар өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесінің нәтижесі.
Депутаттар арасында шағын және орта бизнес басшылары да бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған олардың есімдері еліміздің өзге өңірлеріне де кеңінен таныс. Осыған қарап депутаттың жұмысы сан қырлы екенін түсінуге болады.
Үстіміздегі жылы облыстық мәслихат сессияларында депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі шаралар жоспарын, Солтүстік Қазақстан облысы аумағын дамыту бағдарламасын, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, дене шынықтыру және спортты дамыту жөніндегі жұмыс жағдайы туралы маңызды мәселелерді қарады. Осы мәселелерді әзірлеу барысында депутаттар аудандарға барып, жергілікті жердің жағдайымен жіті танысты.
Тұрақты комиссиялардың мүшелері қабылданған бағдарламалардың орындалуына қызығушылық танытып, бақылап отырады. Осы орайда көшпелі отырыстар ұдайы өткізіледі.
Сондай-ақ, биыл депутаттар 2015-2017 жылдарға арналған облыстық бюджетке төрт рет өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл қосымша қаражатты барынша қажет етіп тұрған әлеуметтік салаға дұрыс бөлуге мүмкіндік берді.
Тұрғындармен тұрақты жұмыс жүргізу – депутаттық қызметтің басымдығы. Кестеге сай депутаттар ай сайын азаматтарды қабылдайды. Келіп түскен сұрақтар тақырыбы да алуан түрлі. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтан бастап, күнделікті тіршілікке қатысты мәселелер айтылғанымен, депутаттар үшін бұлардың барлығы өзекті. Себебі, сайлаушылар депутатқа сенгендіктен ғана көмек сұрай келеді. Осы орайда К. Мұсырман, Ә.Шөкенов, Қ.Бишімов, С.Леонтьев, Г.Илдырымов, П.Мелашенко сияқты депутаттарға сайлаушылар өздерін толғантқан мәселелерін айтуға асық. Бір айтарым, халық қалаулыларының депутаттық қызметі мәслихат сессияларына қатысып, онда қаралатын мәселелерді зерделеумен шектелмейді. Халық қалаулыларының жұмысын жүйелесек, олардың әр ісі сайлаушыларының мәселелерін шешуге, қайырымдылық көмек көрсетуге, облыста өткізіліп жатқан барлық акцияларға қатысуға бағытталғанын көреміз.
Ел сенімін арқалағандар түрлі қоғамдық кеңестер мен комиссияларға мүше, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалымен қоян-қолтық араласады, тіпті, бірқатар депутаттар белсенділері болып табылады. Облыстық мәслихат депутаттары нұротандықтар ретінде де және өз құзыреттері шегінде қоғамдық келісімді, достық пен бейбітшілікті сақтауда ауқымды жұмыс жүргізуде. Атқарып жатқан жұмыстарын сайлаушылар назарына жеткізу үшін баспасөз беттеріне мақалалар жариялап, “Қазақстан-Петропавл” облыстық телеарнасындағы “Мәслихат” бағдарламасы бойынша тікелей эфирге шығады. Мұның барлығы – сайлаушылардың өздеріне артқан сенімді ақтау үшін атқарылып жатқан жұмыс.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған әр Жолдауында экономикалық саясатты іске асыру бойынша нақты шараларды анықтап береді. Халық қалаулыларының міндеті – оның тиімді орындалуы үшін барлық күш-жігерлерін салу.
Қайырлы ЕДІРЕСОВ,
облыстық мәслихаттың
хатшысы.