Қай кезеңде болсын, жастар өздерінің жалынды жігерімен, тың ізденістерімен, ақыл-парасатымен, белсенділігімен қоғамды ілгерілетуші, қозғаушы, дамытушы күшке айналған. “Жастық шақ – ерлік жасаушы шақ” деген ғұламалар олардың тау көтерер Толағайдай екпініне, игілікке масаттанбай, қиындыққа мойынсұнбайтын батыл мінездеріне иек артса керек.
Өткен жылдың мәліметі бойынша аймақтағы жастардың үлесі 23 пайызды құрады. Олардың 58 мыңы – қалада, 75 мыңы ауылды жерде өмір сүруде. Өңірде барлығы 63 жастар ұйымы тіркелген. Аталмыш ұйымдарға жетекшілік етіп жүрген өңір белсенділері облыстың әлеуметтік-экономикалық жағынан алға басуына оң өзгерістер әкелуде. Жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар олардың жігерін арттырып, ынталандыруда. Өмірдің сан саласына тартылуына жағдай жасауда.
Жоғарыда атап өткен 63 ұйымның 15-і нақтылы айқындалған бағыт бойынша жұмыс жүргізуде. Олардың қатарында республикалық “Жас Отан” жастар қанатының, “Қазақстан студенттер альянсының” облыстық филиалдары, “Жастар кадрлық резерві”, “Ардис”, “Жас ұлан” бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы” қоғамдық бірлестіктерінен өзге бір облыстық, 13 аудандық жастар бастамалары орталықтары жұмыс істейді. Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы аясында құрылған аталмыш орталықтар, әсіресе, ауыл жастарының, екі қолға бір күрек таппай жүрген өрендердің жұмысқа орналасып, еңбекке белсенділігін арттыруда. Облысымыздың аудандарында жастар саясатымен айналысатын бөлімшелер, ауылдарда әкімнің бұл мәселелерге жауап беретін кеңесшілері жергілікті жастармен жүйелі жұмыс істеуде. Шалғайдағы елді мекендер де назардан тыс қалып жатқан жоқ. Әр ұйым өзіне қарасты барлық ауылдарды қамтуға тырысады. Сонымен қатар ауылдық жерлерде жастармен жұмыс істейтін нұсқаушылар мен әдіскерлер бар. Өрендердің, жасөспірімдердің тұлға ретінде жетіліп, олардың азаматтық, патриоттық ұстаным жөнінде жалпы көзқарастарын қалыптастыратын жастар ұйымдарының өскелең ұрпақты тәрбиелеуде де еңбегі елеулі.
Жастарды тәрбиелеу, олардың бойына берік ұстаным қалыптастыруда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент қызметкерлерімен тығыз байланыста қоян-қолтық жұмыс жүргіземіз. “Алғыс”, “Саланг”, “Ер Отан”, “Ассоциация” атты клубтарымыз бірігіп, түрлі тақырыпта іс-шаралар өткізіп тұрады. Өткізіп қана қоймай, жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы қатарларын толықтыруда. Өңіріміздегі барлық колледждер мен 24 мектепте жастар ісімен айналысатын комитеттер құрылып, елін, жерін сүйетін, адал қызмет ететін буын өкілдерін тәрбиелеуді басты назарда ұстауда. Үстіміздегі жылдың алғашқы айында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдоламен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен бірігіп күресу үшін жоспар құрдық. Ақпан айының соңына қарай облыстағы білім ошақтарын аралап, рейд шараларын жүргізбекпіз. Одан өзге семинар-тренингтер, флешмоб, “дөңгелек үстел” отырыстарын, акцияларды жыл бойы бірігіп атқару ойымызда бар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет, әлем болып күресіп жатырмыз. Қоғамның осындай кеселімен күресуді басты мақсатымыз санаймыз. Алдағы уақытта студенттермен, оқытушылар құрамымен етене жұмыс жасамақпыз. “Ата-анамның үкілі үмітіне селкеу салмай, ақтап, оқуды ойдағыдай бітірсем” деп мәселенің тұңғиығына үңіле бермейтін түлектерге жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Бүгінде жастарға қолдау көрсетіп отырған мемлекеттік бағдарламалар біздің өңірімізде де сәтті жүзеге асуда. Мысалы, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша өткен жылы 314 жас маман ауылды жерлерге жұмысқа тартылды. Бір қуантатыны – Жамбыл ауданының өзіне 5 жас дәрігер барып, ауданның емдеу жүйесінің алға басуына аянбай күш жұмсап жатыр. “Жастар практикасы” жобасы да өз жемісін беруде. Өткен жылдың көрсеткіші бойынша 534 адам өтініш білдіріп, олардың 350-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Еліміздегі экологиялық ахуалды тұрақтандыру мен жақсарту мақсатын көздейтін “Жасыл ел” бағдарламасына да жастар өз үлестерін қосуда.
Алмагүл РАМАЗАНОВА,
облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі
басқарма басшысының міндетін атқарушы.