Жыл соңына дейін Петропавл қаласында сүт өнімдерін қайта өңдейтін жаңа желі іске қосылады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Масло-Дел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған цехтың мүмкіндігімен танысты.
Өңіріміздегі белді кәсіпорындардың біріне айналған серіктестік 2004 жылы құрылған болатын. Содан бері сүт зауыты еліміздің барлық өңірлерін сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыс істеуде. Жылдық қуаты 84 мың тоннаны құрайтын серіктестік сары және өсімдік майлары, май, айран, сүзбе, маргарин, майонез, сүт сияқты 70-ке жуық сапалы өнімімен танымал. Соңғы екі жылдың ішінде зауыттың 28 млрд. теңгені құрайтын 106,6 мың тонна өнімі тұтынушыға жол тартқан.
Өндіріс аясын кеңейтуді көздеген серіктестік басшылығы осыдан екі жыл бұрын “Tetrapack” желісін іске қосып, нәтижесінде сүт өңдеу көлемі 5 пайызға артқан болатын. Ендігі кезекте жыл соңына дейін арнайы технология бойынша қаймақ шығаратын желі пайдалануға берілмек. “Масло-Дел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының директоры Наталья Солохинаның айтуынша, сүт цехтарында жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 4,8 млрд. теңге бағытталған. Бұл қаржыға ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Швейцарияда шығарылатын жоғары технологиялық қондырғылар орнатылды.
– Желтоқсан айында жылдық қуаты 32 мың тоннаны құрайтын жаңа желі жұмысын бастайды. Сөйтіп, тәулігіне 250 тонна өнім нарыққа шығатын болады. Сегіз жаңа өнімнің тұтынушыларымыз арасында сұранысқа ие болатынына сенімдіміз. Себебі, швециялық “Tetrapack” фирмасы қондырғыларының көмегімен қаймақтың сапасы жақсарып, оны сақтау мерзімін төрт айға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Жоба толық жүзеге асырылғанда 85 жаңа жұмыс орны құрылып, жылдық қуаттылық 120 мың тоннаға дейін артады, – деді Наталья Николаевна.
Жергілікті кәсіпорын өз өнімдерін көрші Ресейдің бірқатар облыстарындағы сауда нүктелерінде де саудалайды. Мәселен, жыл басынан бері 1,2 млрд. теңгенің 1,7 мың тонна өнімі экспортталған. Филиал директорының айтуынша, цехтарды жаңғырту нәтижесінде бұл көрсеткіш арта түспек. Сондай-ақ, 2021 жылы тәулігіне 1200 тонна өнім шығаратын майлы дақылдарды қайта өңдейтін зауыт іске қосылады деп күтілуде. Оның құрылысына бөлінген қаражатқа бүгінде темір жол тұйығы салынып, тозығы жеткен жол мен ғимараттарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Цехтарда орнатылған заманауи құрылғылардың жұмысымен танысқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов серіктестік қолға алған жобалардың облыс тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз етуде зор үлес қосатынын атап айтты. Жыл басынан бері өңірімізде 497 мың тонна сүт өндірілген. Жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 600 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 10 пайызды құрамақ.
– Қызылжар өңірінде өндірілген сүт өнімдері ел бойынша ең сапалы тауарлардың бірі болып саналады. Облыста жыл өткен сайын сүт өндірісінің көлемі артып келеді. Қазір облыста сүт өңдеу зауыттары шикізатпен 91 пайызға қамтамасыз етілген. Соңғы екі жылда 7 тауарлы-сүт кешені салынса, биыл 12 ферманың құрылысы жалғасуда. Нәтижесінде сүт өндірісі тағы 30 мың тоннаға өспек. Сондықтан қайта өңдеу мәселесіне басымдық берудеміз. Бүгінгі таңда облыста сауылған сүттің тек 46 пайызы ғана қайта өңделеді. Жаңа желінің арқасында оның көрсеткіші 50 пайызға дейін жеткізіледі деп күтілуде, – деді Құмар Іргебайұлы.
Бұдан бөлек, “Молочный Союз” ЖШС-і де жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Серіктестік ірімшік шығаратын жаңа желіні іске қоспақ. Жыл сайын 600 тонна ірімшік өндірілсе, сұраныс 1700 тоннаны құрайды. Ал жаңа желінің жылына 2500 мың тонна ірімшік түрлерін шығаруға қуаты жетеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.