Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған іскер әйелдер кеңесінің ұйымдастыруымен “дөңгелек үстел” өтті. Оның барысында нәзік жандарға кәсіпкерлікті несиелеу бағдарламалары арқылы қолдау жолдары түсіндірілді.
– Қазіргі таңда елімізде кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жұмыс істеуде. Бүгін бизнесті дамытудың негізгі тетіктері туралы әңгіме қозғамақпыз. Осы мақсатпен “дөңгелек үстел” басына “Даму” қоры, “Дельта банк”, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының мамандары мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдерін жинап отырмыз, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Райхан Әбдірахманова.
Отырысқа 50-ден астам кәсіпкер әйел қатысты, оның ішінде облыстың 13 ауданынан бейнебайланысқа шыққандар да болды. Олардың арасында мемлекеттік қолдау бағдарламаларының қатысушылары да бар. Отырыста “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қорының бағдарламаларымен кәсіпкерлікке қызмет көрсету орталығының кеңесшісі Рахымбек Зейнуллин таныстырды. Оның айтуынша, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы жаңа бизнес-бағдарламаларды қолдау, бизнесті салалық қолдау, валюталық қауіп-қатерлерді төмендету және кәсіпкерлікті қолдаудың қаржылай емес шараларын ұсыну бағыттары бойынша жұмыс істейді. Бағдарламаның бірінші бағыты, әсіресе, ауылдық жерлер мен шағын және моноқалаларда тұратын кәсіпкерлерге, өз ісін ашып, шаруасын дөңгелеткісі келетіндерге арналған.
Шарада бизнесті қолдау бағдарламасы, оның ішінде әйелдер кәсіпкерлігі туралы “Дельта банк” АҚ Солтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары Айгүл Мұратова мен “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының жетекші маманы Әлия Кудрякова әңгімеледі. Облыстағы әйелдер кәсіпкерлігінің жайына облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жарова кеңінен тоқталды.
Оның айтуынша, біздің облысымызда 2016 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша 40 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, оның 40 пайызы немесе 17,6 мыңы – әйел-кәсіпкерлер. 16 мыңы – жеке кәсіпкерлік жұмыспен айналысып жатса, 1,1 мыңы – заңды тұлғалар. Сол сияқты, 542 шаруа және фермерлік қожалығына әйелдер басшылық етеді.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.