«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Солтүстікқазақстандық учаскелік полицейлер Мемлекет басшысымен кездесті

Солтүстік Қазақстан облысынан үш үздік учаскелік полиция инспекторы астанада Мемлекет басшысы өткізген Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысып қайтты. Олардың бірі – учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Қадырбек Исин. Ол Мамлют ауданындағы Пригородный ауылдық округіне қызмет көрсетеді.

«Ел Президентімен кездесуден өмір бойына жетерлік әсер алдым. Кеңейтілген алқа отырысында учаскелік инспекторлардың қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды. Олардың дені біздің құзыретімізге жатпайтын міндеттерден босатып, бірінші кезекте өзіміз қызмет көрсететін аумақта қылмыстың алдын алу бағытындағы міндеттерді орындау үшін уақыт бөлу қажеттігіне қатысты болды. Өз жұмыс тәжірибем бойынша айтарым, учаскелік инспектор үшін, әсіресе ауылды жерде уақыт тым тапшы. Қызмет көрсететін ауылдардың арасы 35-40 шақырым, әр шақырту, тексеру көп уақыт алады. Сондықтан, көбінесе біздің міндетімізге жатпайтын әскерге шақырушыларды әскери комиссариатқа жеткізу сияқты және басқа да міндеттерді орындаудан босату ұсынылды. Біз үшін ауылдық учаскелік полиция инспекторының көмекшісі лауазымын енгізу қазіргі жағдайда аса маңызды болып табылады», – деп өз ойымен бөлісті Қадырбек Исин.
Учаскелік инспекторлар күткен жаңалықтардың бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың жолы болып табылатын ресімдерді оңтайландыруға бағытталған заңнамадағы өзгерістер. Биылғы жылы Қадырбек Исинге отбасындағы жанжалқойларға қатысты 7 рет сотқа материал жинауға тура келген екен. Мұндай жұмыс бірнеше күнге созылады, кейде бар жұмысы зая кететін жағдайлар да болады: әйелдері жұбайларының уәделеріне сеніп, жазған арыздарын кері қайтарып алады. Жиында отбасындағы зорлық-зомбылық деректері бойынша татуластыру мен ескерту түріндегі әкімшілік жазаны алып тастау ұсынылды. Өйткені, тәжірибе көрсетіп отырғандай, соңғысының тиімділігі шамалы.
«Ауылдық учаскелік инспектор – ерекше адам» деп санайды майор Исин. Тұрғындар оған кез келген мәселе, кейде оның құзыретіне жатпайтын сұрақтар бойынша да көмекке жүгінеді. Өз қызметі барысында оған мұраға қалған тұрғын үйдің құжаттарын ресімдеу, ішімдікке әуес күйеуімен ажырасу, өзге де мәселелер бойынша ақыл-кеңес беруіне тура келген. Оның учаскесінде 1043 адам бар, әр жағдайға түсіністікпен қарап, ауылдықтарға көмектесуге тырысу қажет. «Біздің отбасымыз да көпшіліктің назарында: учаскелік инспектордың жары мен балалары заң бұзушылыққа жол бермей, абыройына нұқсан келтірмеуі тиіс. Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаев полиция қызметінің беделін арттыру қажеттігіне тағы да тоқталды. Учаскелік инспектор халықпен тығыз байланыста жұмыс істейді, сондықтан біздің жұмысымыз арқылы жалпы полиция мен мемлекет туралы ой қалыптасады. Мұндай сенімге қиянат жасауға болмайды», – дейді Қадырбек Исин.
Алқа отырысында Петропавлдағы №8 учаскелік полиция пунктінің инспекторы Жаслан Кәкішев Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Ал Тайыша ауданы Абай ауылдық округінің учаскелік инспекторы Руслан Бекболатов мерзімінен бұрын майор шеніне ие болды. Олар бұл марапат әрі қарай жұмыс істеуге ынталандыратын баға деп біледі.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp