«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛЯРИЙ ҚАУІПТІ МЕ?

Демалыстан оралған адамның терісінен-ақ оның жағажайда күнге қыздырынғанын білеміз. Кей қыз-келіншектер қыстың ортасында да осы кейіпті сақтау үшін солярийге баруды әдетке айналдырған. Осы ретте солярий қаншалықты күн сәулесін алмастыра алады деген сауал туындайды.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің коммуналдық объектілерді бақылау және қадағалау бөлімінің жетекші маманы Айгүл Мурталимова солярийдің пайдасы мен зияны жайлы айтып берді.

– Солярийге бармас бұрын косметологпен немесе дерматологпен кеңескен жөн. Өйткені адамдардың бәріне бірдей жаға бермейді, қарсы көрсетілімдер бар. Күнге күю арқылы әйелдер көп жағдайда терідегі әртүрлі кем- шіліктерді жасырады. Біздің өңірде ыстық күндер өте аз. Сондықтан солярийді қолданады. Оның ең бірінші пайдасы – ағзаны Д дәруменінің қажетті дозасымен қамтамасыз етеді, бақыт пен қуаныш гормонын – серотонин мен эндорфин өндіреді, соның арқасында адам шаршау сезімінен арылып, көңіл күйі жақсарады, – дейді Айгүл Мурталимова.

Сонымен қатар солярийдің босаңсытатын, тыныштандыратын, бактерияға қарсы және гормоналдық бұзылысқа қатысы болмаса безеуді кетіретін, теріні қалпына келтіретін әсері бар екен. Сондай-ақ теріге жағымды түс береді. Ультракүлгін сәуле иммунитетті жақсартады, нәтижесінде адам ЖРВИ, тұмауды сирек жұқтырады. Дегенмен оның ағзаға кері әсерін де ұмытпаған жөн. Маманның айтуынша, адамда жоғары немесе төмен қысым, бронх демікпесі, туберкулездің белсенді түрі, қан аурулары, ісіктер, варикозды тамырлар, қалқанша безінің аурулары болса, өршуі мүмкін.

– Сондықтан солярийге үнемі және бақылаусыз баруға болмайды. Ультракүлгін сәуле терінің қатерлі ісігіне, ерте қартаюына әкеледі, қауіпсіздік ережелерін сақтамаған жағдайда күйік алу қаупі жоғары. Шашты бас киіммен қорғамаған жағдайда зақымданады, сондай-ақ көздің қабынуы және катарактаға әкелуі мүмкін. Барлық артықшылықтар мен кемшіліктерді, тәуекелдер мен қарсы көрсетілімдерді есепке алып, солярийге анда-санда барып, жасанды күн энергиясын дұрыс пайдаланған жағдайда оның пайдалы тұстары көп, – дейді Айгүл Мурталимова.

Солярий ағзаға зиянын тигізбеуі үшін көзді қорғау керек. Жай жұмған жеткіліксіз, ультракүлгін сәуле көзге өтпеуі үшін арнайы көзілдірік киген дұрыс. Бірінші сессия 3-5 минуттан болса, ал қалғандары 10 минуттан аспауы керек. Солярийге барғаннан кейін кем дегенде 2 күн үзіліс жасау ұсынылады. Солярийге дезодорант, иіссу жағып, макияж жасап баруға болмайды. Теріде жаралар болса солярийден бас тартқан жөн. Сондай-ақ мең, татуажды арнайы қорғаныш жапсырмамен жабу керек.

Процедурадан кейін тері құрғайды, сондықтан арнайы ылғалдандырғыш кремдерді қолдану маңызды. Солярийге барған күні жоғалған ылғалдың орнын толтыру үшін көбірек су ішу қажет.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp