«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“СОНАУ ШЕТТЕ СОЛ БІР ҮЙ”

Қуандық Қасымов облысымыздың мәдениет және өнер саласына айтарлықтай үлес қосқан тұлғалардың бірі болды. Оның кез келген өнер иесінің бойынан табыла бермейтін адамгершілігі, еңбекқорлығы, ұқыптылығы, кісілік келбеті баршаны баурайтын. Ол осындай қасиеттері арқылы өзі тізгінін ұстаған ұжымның мақтанышына айналды. Кең тынысты дауысымен қазақтың халық әндерін орындағанда, әртүрлі мерекелік шаралардың бағдарламаларын жасағанда оның қабілеті ерекше аңғарылатын.

Өңіріміздегі қазақ өнерінің қарашаңырағы – С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының тізгінін ұстай жүріп, жас ұжымның шығармашылық әлеуетін жоғары деңгейге көтере білді. Қазақтың өнері мен мәдениеті ұлтымыздың айнасы екенін үнемі айтып жүретін. Айтулы өнер иесін есте қалдыру мақсатында биылдан бастап облыстық деңгейде музыкалық фестиваль өткізу жоспарланып отыр. Оның алғашқысы 27 ақпан күні Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Өнерді ұлықтаудан шаршамаған” деген тақырыппен өтетін болады.

Қуандықты менің анам жөргегінен бастап тәрбиелеген еді. Ол кезде біздің үйіміз “Баян” ауылының ең шетінде болатын. Өсіп-өнген, балалық шағының балдәуренін қалдырған сол қарашаңырақты бертінге дейін аузынан тастамай, өлеңге қосып айтып жүрді.

“Сонау шетте сол бір үй,

Кетер ме, сірә, көңілден?

Алады тартып мені ылғи,

Махаббат жастық лебімен”, – деп ауылға барғанда сол үйдің жанына тоқтап, екі ауыз өлеңді тебірене оқушы еді.

Ағайын-туыстың арасында кез келген шаруаның басы-қасында жүретін, кездескен мәселелердің түйінін ісімен де, сөзімен де шешетін көшбасшы болады ғой. Қуандық сондай еді. Көп нәрсені айтқызбай-ақ өзі түсініп, туыстық жүрегін бәрімізге ұсына білді.

Ол 1975 жылы музыкалық училищені бітіргеннен кейін жолдамамен Шал ақын ауданына келіп, Өнер мектебінде сабақ берді. Қабілетті балаларды өнерге баулып, домбыра оркестрін құрды. Осылайша әртүрлі мерекелік концерттерде кең тынысты баритон дауысымен Шал ақын ауданы тұрғындарының сүйікті әншісіне айналды. Мен ол кезде Шал ақын аудандық партия комитетінде қызмет атқардым. Ұмытпасам, 1978 жылы Қуандықты аудандық Мәдениет үйінің директоры қызметіне тағайындадық. Жас кадр келе сала аудан орталығындағы талантты өнерпаздарды іздеп тауып, кейін ауданға қарасты елді мекендерде өнерге икемді, нотадан хабары бар жастарды жинап, аталмыш Мәдениет үйінің жанынан домбыра оркестрін құрды, оның құрамында жиырмадан астам талантты өрен болды. Сол жылы “Ақ бидай” ән-би ансамблі жасындай жарқ етіп, ерекше таныла бастады. Халық әндерін оркестрдің сүйемелдеуімен орындау үшін оған аранжировка жасайтын Қуандық еді. Қазақтың халық әндерінің түрленіп, жаңаша сипатқа ие болғанына куә болып, таңдай қаққан адамдардың қатары көбейді. Музыканың адам жүрегін селт еткізетін сиқырлы дүние екендігін мойындадық.

Ансамбль сол кезде облысымызда жаңа бағытта жұмыс істей бастаған алғашқы өнер ұжымы болды. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу оңай шаруа емес еді, қажырлы еңбекті, тыңғылықты дайындықты талап етті. Жаңа құрылған ансамбльдің жанашыры бола білгенімді мақтаныш санаймын. Ұжымды техникалық құрал-жабдықтармен, музыкалық аспаптармен қамтамасыз етуге көмектестім. Сол жылдары ұжым мүшелерінің алдында ансамбльді республикаға таныту міндеті тұрды. Ол үшін өнер ұжымын жаңа, жас кадрлармен толықтыру қажеттігі туындады. Сол кезде ұжымға Қалқай Ниязов, Абай Малдыбаев, Самат Ғабдуллин, Ардақ Сұрағанова, Татьяна Шевцова сынды талантты өнерпаздар, жаңа есімдер қосылды.

Аз уақыттың ішінде ансамбль облысқа ғана емес, республикаға белгілі өнер ұжымына айналып, Алматыға екі рет гастрольдік сапармен барып, республикалық теледидардан да бірнеше мәрте көрсетілді. Өңір өміріндегі айтулы шаралардың барлығы “Ақ бидайсыз” өтпейтін. Бұл – іскер басшы, шебер ұйымдастырушы Қуандық Қасымовтың жемісті еңбегінің көркем көрінісі.

“Ақ бидайдың” даңқты жолының бір тармағы 1980 жылы дүниежүзілік Мәскеу Олимпиадасында өнер көрсетуі болды. Айтулы шараға еліміз бойынша санаулы ұжымның барғандығы, олардың қатарында “Ақ бидай” ансамблінің болғандығы облысымыздың мәдени өміріндегі зор жетістік болды.

Атақ, бедел, абырой ешкімге оңайлықпен келмейді. Ол үшін ақыл-ой, қабілет, парасат, еңбек керек. Оның Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атануы да көпжылдық қызметінің жемісі еді.

Уақыт бір орнында тұрмайды, сынаптай сырғыған сайын Қуандық Қасымовтай өнер қайраткерінің қадір-қасиеті артып, шоқтығы биіктеп, тұлғасы даралана түсетініне мен кәміл сенемін.

Сәбит РАМАЗАНОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp