Балаларды қорғау күні облыс орталығында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірге Қайсар Малғаждаров атындағы жекеменшік қайырымдылық қоры мереке күні акция өткізді. Екі күнге жоспарлаған іс-шара “Олимпиада үміткерлері” деген тақырып аясында өрбіді.
Саламатты өмір салтын насихаттап, жас ұрпақты спортқа бейімдеу мақсатында жүзеге асқан шараға әр ауданнан үш оқушыдан қатысты. Олардың барлығы соңғы үш жыл ішінде спорттан жақсы жетістікке қол жеткізген жеткіншектер.
Спортқа біртабан жақын жастардың басын тоғыстырған іс-шараның салтанатты ашылу рәсіміне облысымыздың беткеұстар спортшылары қатысып, өскелең ұрпаққа ақ тілектерін жеткізді.
Акцияға қатысушылар “Нептун” аквапаркінде болып, “Қызыл Жар СК” (Петропавл) және “Болат АМТ” (Теміртау) қалалары арасында өткен жарысты көріп, “Құлагер” ипподромын тамашалады. Сонымен қатар, спортсүйер қауым акция барысында облыс орталығындағы тарихи-өлкетану мұражайында, ботаникалық бақта, қалалық демалыс және мәдениет саябағында болды.
“Қарасай” стадионында жерлесіміз Қайсар Малғаждаровты еске алуға арналған футбол турнирі ұйымдастырылды. Оған қала мен аудандардан жиналған жас спортшылар қатысып, өзара ойын ойнап, біліктіліктерін танытты. Ойын барысында топ жарып, алға шығып, жеңіске қол жеткізген қатысушылар акцияның жабылу салтанатында марапатқа ие болды.
Ұшақ апатында сұм ажал ортамыздан алып кеткен жерлесімізді еске алуға арналған осындай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп үміттенеміз. Жас ұрпақтың жеке тұлға болып қалыптасуына осы бағыттағы игі жұмыстардың тигізетін ықпалы зор екені айдан анық.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.