«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫНЫБЫММЕН МАҚТАНАМЫН

Әдия Әлібаева – сыныбымыздың оқу үздігі. Тәртібі де ұстаздарға ұнайды. Оған қарап, үлгілі оқушы қандай болу керек деген сауалға жауап алуға болады.

Біздің сыныпта 23 оқушы бар. Соның ішінде ер балалар қыздарға қарағанда екі есе аз. Кейде біз, ұлдар, “Неге аз болдық?” – деген өкініш білдіретініміз рас. Бірақ бұл жай әншейін қыздардың алдындағы өркөкіректік. Сыныпта ер балалар көп болса, тәртібіміздің төмендеп кететіні сөзсіз. Өйткені, ұлдардың тентектікке жақын болатынын мойындаймыз.

Әдия өзінің әдептілігімен, сыпайылығымен, еңбекқорлығымен баршамызға үлгілі бола біледі. Ол өзінің уақытын тиімді пайдалануға тырысады. Кітапты көп оқиды. Сабақтан соң спорттық жаттығуына асығып бара жататынын талай көріп жүрміз. Ғылыми жоба жазып, өзінің зейінін дамытудан жалықпайды. Ол 1-сыныпта қазақтың тазы иті туралы шағын зерттеу жүргізсе, биыл көркем гимнастиканың адам ағзасына пайдасы және ондағы ұлттық белгілер жайында ғылыми тұжырымдама жасап, оны қорғап шықты. Әдияның көркем гимнастикадан жеңіп алған 18 медалі бар. Соның ішінде үш рет республикалық сайыстарда 1-ші орын иеленді.

Мен сыныптастарымның әрқайсысы болашақта үлкен тұлға болатынына сенімдімін. Мектеп табалдырығын аттағаннан бері бәрімізді қанатының астына алып, білім нәріне сусындатып келе жатқан Бақытжамал Кенжетаеваның еңбегі зор. Баршамыз үшін Бақытжамал Бәділқызы алғашқы ұстаз ғана емес, жүрек түкпірімізден мәңгілікке орын алған қадірлі жан болып қалары сөзсіз. Оның тәрбиелеген шәкірттері жақсы жолды ғана таңдауға тиіс.

Әлішер САЯН,

Қожаберген жырау атындағы №6 орта

мектептің 4 “ә”

сынып оқушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp