«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сыртқы жарнама бағасы төмендеді

Облыстық кәсіпкерлер палатасы сыртқы жарнама бизнесіне жеңілдіктер алып берді. Ол туралы аталмыш мекеме директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің қатысуымен өткен брифингте хабарланды.

2010 жылдың 23 шілдесінде облыстық мәслихаттың шешімімен өңірдегі сыртқы жарнама (визуалды) нысандарының базалық төлемдері екі есеге көтерілген болатын. Мәселен, жарнама берушілердің жайылма жарнама құрылғыларын пайдаланғаны үшін мемлекетке төлейтін салықтары 5-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілген. Ол құрылғының екі жағын есептеген кезде ай сайынғы төлем 39 640 теңгеге жеткен. Ал 70 шаршы метрден жоғары көлемдегі билбордты пайдаланғаны үшін мемлекетке төленетін салық 100 айлық есептік көрсеткіш болып белгіленген. Бұған қоса ол жарнаманы табыс көзіне айналдырып отырғандардың қызмет ақысы бар. Жеме-жемге келгенде Петропавл қаласындағы жарнама бизнесінің төлемақысы еліміздің мегаполюсі саналатын қалалардан да жоғарылап кетіпті. Салыстырмалы түрде айтсақ, плакат, тент, ілмешек түрлеріндегі жарнаманың 5 шаршы метріне жерлестеріміз 2 айлық есептік көрсеткішпен ақы төлесе, Алматыда оның жартысын ғана төлейді.

Бағаның өсуіне байланысты жарнама берушілердің қатары азайған сайын жарнама бизнесіндегілердің де табысы ортайып қалған. Сондықтан осы күнге дейін жарнама берушілер төлемдерді жеңілдету жолдарын іздеп, талайдың табалдырығын тоздырыпты. Алайда, мәселе шешімін таппаған.

– Біз осы жылдар ішінде қаншама клиенттен айрылдық. Ең қиыны жергілікті тауар өндірушілер жарнама беруден қалды. Бұл біздің жұмысымызға ғана емес, жергілікті бизнес ортасына да көлеңкесін түсірді. Тауарлардың өтімділігі жақсы жарнамаға байланысты екендігі сөзсіз. Дегенмен, қымбат жарнаманы олардың қалталары көтермейді. Біздің қызметімізді пайдалуға ресейлік тауар өндірушілер жиі өтініш білдіреді, бірақ біз оған келісе бермейміз. Сондықтан бізді баға мәселесі қатты толғандырды, – дейді “Pa artcity” жарнама агенттігінің директоры Александр Ещанов.

Бұл мәселенің шешімін облыстық кәсіпкерлер палатасы тауып берді. Аталмыш ұйым директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, олар бұл істі осыдан 5-6 ай бұрын қолға алып, бүгінгі баға көрсеткішін осыдан 5 жыл бұрынғы айлық есептік көрсеткіш деңгейіне түсірген. Жарты жыл бойы мониторинг жүргізіп, зерттеу қорытындысы бойынша палата қызметкерлері шын мәнінде сыртқы жарнама нысандарына төленетін ақының жоғары екендігін дәлелдеп шықты.

– Біз енді бұрынғы ортамызды қайта қалыптастыруымыз керек. Өз қызметіміз үшін біраз жеңілдіктер қарастырып отырмыз. Ең бастысы жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін жарнамалауға ниет білдірсе деген тілегіміз бар, – дейді Александр Ещанов.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp