Айгүл қаладағы дәріханалардың бірінде мектепте бірге оқыған бала күнгі құрбысы – Назымды кездейсоқ жолықтырып қалды. Алғашында сыртқы түр-сымбатына, киген киіміне, бір аяғын сылтып басқанына қарап танымай қалғаны рас. Оның ауылдағы мұғалім – Әшірбайдың қызы, он бір жыл бойы бір партада отырған Назым екенін жібектей нәзік, құлаққа жағымды естілетін дауысы айтып тұрды. “Назым, бұл сенбісің? Қалайсың, жаным? Өзгеріп кетіпсің ғой. Тұрмысқа шығып, балалы боламын деп, өзіңді-өзің жоғалтып алғансың ба? Әлде бір үйдің отанасы атанғанның жөні осы екен деп сұлулығыңа өз қолыңмен сызат түсірдің бе?”, – деді мойнынан қапсыра құшақтап тұрып. Назым болса үнсіз. Оның көңіл күйінің түсіңкі, жағдайының мәз емес екенін жанарынан ақ көйлегіне ыршып түскен көз жасы жайып салғандай. Амандық-саулық сұрасып болғандары сол еді, Назым өзінің асығыс екенін, сыртта көлікте күйеуі күтіп отырғанын айтты. Сәл кешіксе басына әңгір-таяқ ойнататынын ым-ишарамен жеткізді де, дәріханадан шығып кетті. “Өз көзіме өзім сенер емеспін. Ой, Алла, айналдырған бірер жылдың бедерінде өне бойынан мін табылмаған қыз да көріксіз келіншекке айналады екен-ау?! Тағдыр-ай, Назымға сонша қатал болғаның не? Әлде оған бәріміздің тіліміз тиіп, көзіміз өтті ме екен?”, – деді Айгүл іштей күбірлеп.
Айгүл ақ құба, талдырмаш, көзі ботадай мөлдір, жанарынан жылылық ұшқындап тұратын, осы үріп ауызға салғандай Назымның өмірден екінші жартысын жолықтырып, онымен отау құрғаннан кейін бірден әбіржіп, азып-тозып кеткенін, қыз кезіндегі тайсалмай сөйлейтін батылдығын жоғалтып, үркек болып қалғанын ауылдастарынан естіген. Бірақ иланбаған еді, көрсеқызарлардың ойында піскен қауесет әңгіме шығар деп мән бермеген. Енді сенбесіне болмай тұр. Қалың, қолаң шашы әбден жұқарып, оң жақ шекесінің терісі көрініп қалыпты. “Осының бәріне қызғаншақ, адамгершілік пен мейір-махаббаттан жұрдай күйеуі кінәлі”, – деседі жұрт.
Иә, халқымыз әлімсақтан қызыл итке балаған қызғаныштың бір отбасының күнін түн етіп, бала-шағаны тыныш ұйқысынан айыратыны дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Оның “айтағына” еріп, жетегінде кетіп, сүйіп қосылған жарының мөлдір сезімін, өз бақытының ұясын талқандап жатқандар аз емес. Облыстық статистика департаменті берген мәліметке сүйенсек, жұбайлардың ажырасу көрсеткіші өңірімізде жылдан-жылға көбейіп барады. Былтыр бір мыңнан астам неке бұзылса, биылғы жылдың тоғыз айында алты жүзге жуық отбасы татулығы таусылғандар қатарын толықтырыпты. Ұзақ жылдан бері отбасылық мәселелерді шешумен, ерлі-зайыптылар арасындағы даулардың түйінін тарқатумен айналысып жүрген Петропавл қалалық сотының судьясы Несібелді Жәнібекова ажырасудың негізгі бір себебі осы қызғаныш екенін бүгіп қалмады. “Ұл өсіріп, қыз өсіріп, тіпті, адал некелеріне ешқандай қиянат жасамағандардың өзі қызғаныштың салдарынан екі жаққа кеткендердің талай мәрте куәсі болғанмын. Қызғаныш – адамның ішіне кіріп алып, оның ойын сан-саққа жүгіртетін, ақыр соңында өзінің мақсатын орындататын сойқан күш. Есі бар дегендердің қағынан безген құландай ессіздігі қынжылтады. Бұл – қазақ қоғамын алға бастырмайтын, ел деңгейінде шешілуі тиіс үлкен мәселе” , – деді судья.
Атам қазақ “қып-қызыл қызғаныш, қызғаныштың қызыл иті” деген тіркестерді бекер қолданбаған-ау, сірә. Расында да, қызғаныштың түр-түрі болады екен. Біз ол туралы жеке психолог Анара Жолдыбаевамен әңгімелескенде білдік. Маман біреулер екінші жартысына деген қызғанышын айғай-шумен, ұрыс-керіспен, ойында жүрген барлық күдігімен ақтарып білдірсе, екінші біреулер күмәнін жылдар бойы ішіне жинай беретінін айтты. Өкпесі, қызғанышы мен күдігі өсе келе, қараптан-қарап еш дәлелсіз-ақ Құдай қосқан қосағына деген сезімнің отын өшіріп, жек көре бастайтын көрінеді. Мәселен, бұрын психологтар еркектерге қарағанда әйел адамдар әлдеқайда қызғаншақ деп есептеп келген. Оның себебін нәзік жандардың іштері сезетін болар. “Отбасында, ошақ қасында, бала-шағаның қамымен үйде отыратын әйелдер жұмыстан кешігіп келген күйеулерін қызғанып, ұрыс-керістің басталуына бірінші себепкер болатыны дәлелдеуді де қажет етпейді ғой. Алайда, бұрынғы жағдайды қазіргі уақытпен әсте салыстыруға болмайды. Бүгінде қыз-келіншектердің көбі оқыған, тоқыған, күйеулерімен бірдей қызмет істеп, отбасын керек-жарақпен қамтамасыз етіп, шаңырағының жыртығын бірге жамасуға жәрдемші болып отыр. Әйел түзде жүргенен кейін ер адамның қызғануы заңдылық”, – дейді психолог.
Анара Бақтығалиқызы мақаламыздың әлқиссасында айтып өткен Назым есімді келіншектің тағдырына қатысты да өз көзқарасын білдірді. Айтуынша, себепсіз қызғаныштан отбасының берекесін кетіріп, әйелін өзі өлшеп-пішкен қалыптан шығарғысы келмей, болмашы нәрселерге бола таяқтың астына алып, көк ала қойдай ететін еркектер психологиялық тұрғыдан ауру саналады. Нәзік жандардың бар өмірлерін мұндай ер-азаматтармен бір жастыққа бас қойып өткізгісі келмейтіндері ай туғандай ақиқат дүние.
Жалпы, отбасы деген ұлы ұғымның шаңырағының ортасына түсуіне көп жағдайда ықпал етіп отырған осы тақырып бірнеше аптадан бері ойымда жүрген. Бұл жайында өмірден көрген-білгені көп аға буын өкілдерімен де пікірлестім. Олардың біразы әңгімелерін: “Күйеуі қызғаншақ келіншектердің көрген күндері құрысын”, – деп бастады. Алдыңғы толқынның осы сөздерінен-ақ, отбасының ойранын шығарып, ажырастыруға апармаса да, талай жүйкелерді жұқартып, өмірлерді қысқартатын да қызғаныш екенін білуге болатындай. Автовокзалда маған қарама-қарсы орындықта отырған Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Жамал апай: “Әйелдің қырық жаны бар” деген мақал бекер шықты дейсің бе? Олар осындай төзімділіктерінің арқасында мынау жарық дүниені тәрк ете алмай жүр емес пе?! Қызғаншақ еркектің жарларына сәнді киінуге, бейтаныс адаммен сөйлесуге, үйден рұқсатсыз шығуға, әтір себуге, еріндеріне далап жағуға, тіпті, көрші-қолаңмен қарым-қатынас жасауға болмайды”, – деп налыды.
Иә, келіншегінің әрбір басқан қадамын аңдып, өзінің жеке дүниесі сияқты көзінен таса қылмай, барынша өзгелермен араластырмауға күш салу – Алла тағаланың адамзатқа берген сыйы ауаның өзін сығымдап жұттырғанмен, судың өзін таңдайға тамшылатып тамызғанмен бірдей емес пе?! Замандастарына, көршілеріне, қала берді туысқандарына жолатпай, жартысын билеп-төстеуге, тек өз ырқына көндіруге тырысудың шынайы махаббатпен сүйіспеншілікке ешқандай қатысы жоқ. Мұндай адамдардың әйелінің, яки күйеуінің көзіне шөп салу туралы мүлде ниеті болмауы мүмкін. Алайда, қызғаныш дертіне шалдыққан адам күн сайын ілік іздеп, бірдеңені дәлелдемек болып, тергеп-тексеруді доғармайды. Бітпейтін де қоймайтын күдік пен тексеруден құтылу үшін әйел байғұс азар да безер болып ақталып жатқаны. Ештеңе болмағандығын, алаңдауға себеп жоқ екенін логикалық тұрғыда дәлелдеп, түсіндірмек болса, басы одан да әрмен бәлеге қалады. Қызғаншақ адам мұның бәрін болған іске ақталу деп қабылдайды.
Күйеуінің шеттен шыққан қазғаншақтығынан отбасын сақтай алмаған мамлюттік Гүлдария қазіргі өміріне дән риза. Ол қапас тіршіліктен босап шыққан еркін құстай өзін қай жағынан болсын тәуелсіз сезінеді, ең бастысы сәбилері бұрынғыдай ұрыс-жанжалды, төбелесті көрмей өсуде. Ал Петропавл қаласында тұратын Сәбина Бүркітбаева болса, ажырасып тынғанымен қызғаншақ күйеуінен әлі күнге дейін қорқып өмір сүруде. Үйден ұзап шықпақ түгіл, қарға адым жер аттай қалса құр сүлдерін сүйреттіретін күйеуі күндердің бір күнінде қолына шоқпарын алып, есіктен ентелей кіріп келетін сияқты.
Жазушы Проспер Мерименнің “Кармен” повесінде балгер сыған кемпірінің: “Сүйгеніңді қызғанышпен суарсаң – гүлің сенің тікенек боп өседі”,– деп зарлайтыны сол туындыны оқыған жандардың есінде болар. Қызғаншақ күйеулерінің әрбір тергеп-тексерулерінен әбден зәрезәп болған қанша әйел қара суларын қайғысыз ішуді армандап жүр десеңізші! Олардың шыдамы қашанға дейін жетеді екен? Әлде қауызын жарған гүл ғұмырлар тікенек тірлікке де көндіге бермек пе?
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.