«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СҰЛУ ТАБИҒАТ – СЫРЛЫ ӘЛЕМ

Облыстық бейнелеу өнері мұражайында кәсіби фотосуретші Александр Коротковтың “Край белых берез” атты жеке көрмесі ашылды. Сұлу табиғатымызды бейнелейтін 60-қа жуық еңбекті алғашқылардың бірі болып мектеп оқушылары мен қала тұрғындары тамашалады.


Көрме авторы өмірінің 40 жылын фотожурналистикаға арнаған жан. Ол облыстық “Ленинское знамя” газетінде қызмет еткен жылдары өңіріміздің айшықты оқиғаларын басылым беттеріне жариялап, заман ағымынан қалыспауға тырысты. Александр Львовичтің іссапарларға шыққан кезіндегі табиғат аясында түсірген суреттері түрлі байқауларда жоғары бағаға ие болған. Бүгінде оның “Достопримечательности и памятные места Северо-Казахстанской области”, “Природа Северного Казахстана”, “Петропавловск” және тағы басқа фотоальбомдарында негізінен сұлу табиғатымыздың түрлі көріністері бейнеленген. “Суретке түсіру өнерін арнайы үйренбесе де, оның еңбектерінде кәсіби шеберлерге тән қолтаңба байқалады. Бұл жерлесіміздің табиғи дарынының ерекше бір қырын байқатады. Біз осындай тұлғаларымызбен мақтануымыз керек”, – деді көрмені тамашалағандардың бірі Әсем Іргебаева.

Тылсым табиғаттың құпиясына бойлап, әр мезгілдің сырына қанығып, қас қағым сәттерді тарихқа айналдыра білген фотограф суреттерін бір-бірін қайталамайтындай етіп түсірген. Өткен ғасырдың 60-ыншы жылдарынан бері Александр Коротковтың шығармашылығына тәнті болып келе жатқан ақын Владимир Тимошиннің пікірінше, әсем дүниені дөп басып көрерменге жеткізе білудің өзі асқан шеберлік. “Табиғат-ананың ғажап көрінісін қаз-қалпында ұсыну кез-келгеннің қолынан келмейді. Мәселен, дархан даланың кеңдігін, сары алтындай астықтың әсемдігін, жайқалған орманның сұлулығын сол қалпында жеткізе білу әрбір фотосуретшінің қолынан келе бермейді”, – деген қаламгер көрме авторына шығармашылық шабыт тілеп, өзінің жыр жинағын сыйға тартты.

Көрме бір ай бойы жалғасады.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp