Бұған дейін антисептик өндірісін бастаған «Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зарарсыздандыру кабиналарын шығаруды қолға алды. Төтенше жағдай кезінде бұл құрылғылардың алғашқысы Петропавл қаласындағы «Dostyq mall» сауда-ойын-сауық орталығында орнатылды. Серіктестіктің бас директоры Дмитрий Шарапаевтың айтуынша, бұл құрылғы түрлі аурулар тудыратын бактериялармен және вирустармен күресте таптырмас құрал болмақ.
– Сауда орталығының кіреберісіне орнатылған кабина – Италия мен Түркия елдерінде шығарылатын өнімнің баламасы. Ол нысанға кіріп-шыққан әр адамдарды автоматты түрде зарарсыздандырады. Бұл құрылғы қауіпті вирустың алдын алуға көмектесетін болады. Бастапқыда біз оны серіктестігіміздің қажеттілігі үшін жасаған болатынбыз. Бірақ жергілікті кәсіпкерлер қызығушылқ танытқанын көріп отырмыз. Үлкен қысыммен шашыратылатын сұйықтықтың 0,1 пайызы – диахлор, 5 пайызы – спирт, ал 95 пайызы – тазартылған су. Қазір асқабақ иісін қолданудамыз. Бұл сұйықтықтың киімге ешқандай әсері жоқ. Қазақстанда коронавирус дертінің таралуына байланысты нарықта бұл өнімге сұраныс жоғары болады деп ойлаймын, – деді Дмитрий Анатольевич.
Көп ізденген зауыттың мамандары күніне 3-4 зарарсыздандыру кабинасын жасай алады. Әр кабина 20 литрлік ыдыспен қамтылған. Бірақ оларды тұтынушылардың қалауынша басқасына ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Әзірге он кабинаға тапсырыс түскен. Әр кабинаның бағасы 350-500 мың теңгенің аралығында. Кәсіпкер бағаға шетелден тапсырыспен алдыратын сорғы құрылғысы бағасының 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін қымбаттауы себеп болғанын айтады. Петропавлдағы сорғылар таусылуына байланысты, қазірде бұл құрылғылар Алматы қаласынан жеткізілуде. Кәсіпорын мамандары құрылғыны жетілдіру бойынша жұмыс жүргізуде.
Наурыз айынан бастап серіктестіктің мамандары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекіткен талаптарына жауап беретін антисептиктің алғашқы сынама үлгілерін жасап шығарған болатын. Бүгіндері цех тәулігіне 14 тонна өнім шығаратын қуаттылыққа жетті. Қазіргі уақытта өнімге еліміздің басқа қалаларынан да тапсырыстар түсуде. Кәсіпорын Ресейдің Омбы қаласына алғашқы тапсырысты жеткізуге дайындалуда. Бұдан бөлек, зауыт цехында жолдар мен аялдамаларды зарарсыздандыратын 10 тонна сұйықтық дайындаған.