Облыс прокуратурасының құрылу, қалыптасу жолдарын қысқаша шолатын болсақ, әр кезеңнің өз ерекшелігіне қарамастан барлық күш-жігер мен тәлім-тәжірибе ортақ мақсатқа, яғни еліміздегі заңдылықты көздің қарашығындай сақтауға жұмылдырып отырғанын, сонымен қатар тарихтың «ақтаңдақ беттері» бұл саланы да айналып өтпегенін байқау қиын емес.
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында өңірден 5635 адам саяси қуғын- сүргінге ұшыраса, прокуратураның 40 қызметкері жұмыстан еш себепсіз шығарылып, 16-сы сотталған. Араларында Есләм Әбдірахманов, Даниил Белоусов, Фома Гопенко, Мұхамеджан Ещанов, Ғали Мұстафин, Сейдахмет Өтепов, Ақан Сәбитов, Самбай Рахметов, Игнатий Скоренко, Қасен Фазылов, тағы басқалары бар. И. Скоренко шетелдің барлау ұйымымен «тығыз байланыс орнатып, диверсиялық әрекеттер жасағаны үшін» ату жазасына кесілген. Немесе атышулы «Преснов ісін» алайық. «Қылмыстық іс» НКВД тарапынан қозғалып, оның қармағына аудан прокуроры Қасен Фазылов та іліккен. Ешқайсысы «контрреволюциялық топпен сыбайластығын» мойындамаса да, 8 адам «батыр – бір оқтықтың» кебін құшқан. Бұл фактілерді жіпке тізгендей етіп келтіріп отырғанымыз, фашистік Германиямен болған арадағы соғыс барысында 35 прокуратура қызметкерінің қан майданға аттанып, жаумен шайқаста батырлықтың үлгісін көрсетуі салдарынан білікті маман жетіспеушілігі өте-мөте қатты сезілген. Қолынан іс келеді-ау деген алғыр да талапты қыз-келіншектерді амалсыз қызметке алуға тура келген. Егер 1941 жылы жедел қызмет бөлімдерінде 58 әйел істесе, 1942 жылы олардың саны 207-ге жеткен. Оның 8-і аудан және қала прокуроры болған. Өңір прокурорларының жеңіске қосқан өлшеусіз үлесін жұртшылық жақ сы білгенімен, өкінішке қарай, тылдағы жанқиярлық ерліктерінен хабарсыз. Осы себепті көпшілікке беймәлім кейбір мәліметтерді газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.
Архивте мынандай «қызықты» деректер кездеседі. 1943 жылы облыстық партия комитетінің бюросы Преснов ауданының прокуроры Шортановтың жеке ісін қарап, партиядан шығаруға ниеттенген. Оны жазықсыз адамдарды заңсыз жауапкершілікке тарту салдарынан ауданда қылмыс көбейіп кетті деп кінәлаған. Облыс прокуроры қосымша тексеру жүргізіп, бюроға жұмыс қорытындысы жайлы анықтама жолдаған. Оның негізінде мемлекет дүниесін талан-тараждан қорғап қалған Шортановтың жеке ісін талқылау тоқтатылған. Қоғам мүлкі бөгденің құлқынында кетпеу үшін әділдіктің ақ жолын ұстанып, өр мінез көрсеткен Шортановтың әріптестері аз емес. Олардың бәріне қоғамдық тәртіп пен заңды құрметтеу тән. Соғыстың алғашқы жылдарында Отан алдындағы парызын өтеуден қасақана жалтару, бой тасалап, қашудың алдын алу міндеті тұрды. Жасы кәмелеттен әлдеқайда асып кеткен бір азамат өзін-өзі Есіл өзеніне «батырып», соғысқа бармаудың «амалын» тапқан. Бірақ оның бұл қулығын бұрынғы Ленин ауданының (Есіл) прокуроры әшкерелеген. П. Харитонов деген орташа дәулетті адам дәрігерлік комиссиядан өтіп, әне-міне армия қатарына шақырылады деп жүргенде әскери билеттегі «жарамдылық» белгісін жойып жіберген. Бұл жайтты Преснов ауданы прокурорының қырағы көзі байқап қалған. Жергілікті прокурорлар Мәскеу жерге орналастыру институтының директоры Л.Черкасский мен оның орынбасары Г.Банкиннің үстінен қозғалған қылмыстық істі сотқа жолдауына тура келген. Сөйтсе, бұл екеуі кәсіпорынды эвакациялау жөнінде бұйрық шықпай жатып, жау құрсауында қалған ұжымды тастап, «шу, қарақұйрық!» деп Петропавлға бірақ табан тіреген. Біреуі 8, екіншісі 5 жылға түрмеге қамалған. Мұндай жайттар аз кездеспейді.
Тиісті салық төлемінен, ат-көлігін мемлекет жұмысына беруден бас тартқандар да жазадан жалтара алмаған. Қоғамда заң мен тәртіпті жедел орнату, қылмыспен күресу өзекті мәселеге айналған тұста прокурорлар күрделі қылмыстық істерді тергеуге белсене қатысқан. Бір сөзбен айтқанда, әділдік пен жазаның бұлжымай орындалуы үшін тер төккен. 1941 жылы социалистік меншікті талан-таражға салудың 855 фактісі анықталған. Оның ішінде ірі көлемде қаржы (12 мың рубль) жымқыруды көздеген бас бухгалтер, кассир, элеватор жүргізушісі, бухгалтерден құралған сыбайлас топ құрықталған. 1941-1943 жылдар аралығында тіркелген қылмыс саны – 254.
Облыстық прокуратураның ресми құжаттарына сүйенсек, соғыс жылдары мал шаруашылығы саласында қылмыстың әбден меңдеп кеткенін аңғаруға болады. Ленин аудандық прокуратурасы маскүнемдікке салынып, жұмысты бетімен жібергені, қысқа жемшөп дайындамағаны, оның ақыры 1635 ірі қараның аштан арам қатуына себепкер болғаны үшін «Память» ұжымшарының төрағасы Н. Лымарь, 250 центнер астықты шірітіп жібергені үшін «Звезда коммуны» ұжымшарының басшысы М.Шульц 8 жылға абақтыға тоғытылған. Булаев ауданының прокуратурасы 7 адамдық қылмыстық топты қолға түсірген. Олар ұзақ уақыт бойы бидай ұрлаумен айналысып келген. Қылмыстық топтың екі мүшесі ату жазасына кесілген, қалғандары түрлі мерзімге сотталған.
1944 жылдың 6 айында 515 ұрлық фактісі тіркеліп, 321 қылмыстық іс қозғалған, 318 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Маман тапшылығы алабөтен сезіліп, 141 тергеуші мен прокурордың көмекшілері хатшылар және техникалық қызметкерлер есебінен толықтырылған. Өндірістен қол үзбей оқитын екі айлық заңгерлік курс ұйымдастырылған.
Батыс жақ қанға боялып жатқанда жергілікті прокурорлардың қиындықты еңсерудің барлық мүмкіндіктерін қарастырып, тығырықтан шығудың жолдарын тынбай іздестіруі, тылды нығайту заңдарының орындалуына пәрменді бақылау жасауы, осылайша жеңісті жақындатуға айтарлықтай үлес қосуы — құрметке әбден лайық.
Қайрат ӘБДІХАНОВ,
облыс прокуроры, 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.