Қазақстан Республикасының “Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы” Заңына сәйкес барлық жаңа селекциялық жетістіктер, ауыл шаруашылығы дақылдарының будандары мен басқа да егілетін өсімдіктер, отандық және шетелдік селекцияның сұрыптары ауыл шаруашылығы өндірісінде қолданылғанға дейін тиімділігі мен ерекшелігін, біртектілігі мен тұрақтылығын (DUS TEST) анықтау үшін мемлекеттік сынақтан өткізілуге тиіс. “Тұқым туралы” Заңға байланысты селекциялық жетістіктердің Мемлекеттік тізіліміне енгізілмеген ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын жүзеге асыруға және себуге тыйым салынады.
Мемлекеттік сұрып сынаудың басты міндеті нақты аудандар мен аймақтар үшін сұрыптар мен будандардың аурулар мен зиянкестерге төзімді, сапасы жағынан бағалы, жаңа жоғары өнімді дақылдарды аудандастыруға ұсыныстар енгізу мен анықтау, жан-жақты сараптамалық баға беру мен іздестіру болып табылады.
Мемлекеттік сынақ жүргізілген жылдардан бері инспектура облысымызда 95 дақыл бойынша 350-ден астам сұрып пен буданды аудандастырды. Соңғы 5 жылдың ішінде Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізіліміне 57 сұрып енгізілді, оның ішінде дәнді дақылдардың 9 сұрыбы, оның 4-еуі – бидай, 3-еуі – арпа, 2-еуі – сұлы, 11-і – майлы, 3-еуі – көкөніс дақылдары, 8-і – картоп, 6-уы – көпжылдық шөптер мен басқа дақылдардың сұрыптары.
Облыста 8 топырақты-егіншілікті аудан бар. Сұрыптарды сынау біздің өңірімізде орналасқан жеті сұрып учаскесінде жүргізіледі, олар: дәнді дақылдар, көкөніс және жеміс-жидек сұрыптарының учаскелері. Сұрып учаскелері негізінен орманды дала, дала, қуаңдалалық және таулы-шоқылы аймақтарда орналасқан.
Солтүстік Қазақстан инспектурасының мемлекеттік сұрып сынау учаскелері биыл 362 сұрыпқа сынақ жүргізді, оның 151-ден астамы – будандар. Соның нәтижесінде республикалық мемлекеттік комиссияның бекітілген жоспарына сәйкес 818 сұрып тәжірибеге алынды. Олардың 6-уына – өндірістік, 705-іне – конкурстық, 107-сіне – ерекшелігіне, біртектілігі мен тұрақтылығына сынақ жүргізілді. Шаруашылыққа тиімділігін анықтаудан басқа, сынақ учаскелерінде сұрыптық технологиялар бойынша тәжірибе жасалды: 18, 23, 28 мамыр кезеңдерінде себілген тұқымдардың тиімділігін және тұқымдардың перспективалы сұрыптарының әртүрлі себу нормасын анықтау, жаңа аудандастырылған сұрыптарды минералдық тыңайтқыштармен және минералдық тыңайтқыштарсыз себу жағдайлары басты назарға алынды.
Соңғы жылдары сынауға түсетін сұрыптар мен дақылдардың саны мен географиясы кеңейе түсті. Еліміздегі инвестициялық ахуалдың қолайлылығына байланысты шетел селекциясындағы сұрыптар мен будандар бойынша өтінімдердің өсіп отырғандығын байқауға болады.
Үстіміздегі жылы сынақтан өткен барлық сұрыптардың 31,5 пайызын – қазақстандық, 28,5 пайызын – ресейлік, 40 пайызын басқа шетелдердің селекциясы иеленеді. Осының өзіне қарап, шетелдік сұрыптар үлесі артып келе жатқанын байқай аламыз.
Биыл мүлдем жаңа 131 сұрып сынақтан өтті, оның 25-і – қазақстандық селекция. Жаңа сұрыптардың 27-сі – дәнді, 2-еуі – бұршақты, 52-сі – майлы, 10-ы – жемазықтық дақылдар, 15-і – көкөніс пен картоп.
Жалпы бидайдың 61 сұрыбына тәжірибе жасалды, оның 47-сі – жұмсақ бидай,14-і – қатты бидай. Ерте пісетін топта 11 сұрып, орташа пісетінде – 20, кеш пісетінде 16 сұрып болды. Сонымен бірге бидайдың 14 қатты сұрыбы сынақтан өткізілді.
Дәнді дақылдардың барлық сұрыбы пісу тобына қарай отырғызылды. Арнайы пісу тобына сәйкес келетін аудандастырылған сұрыптар стандарт ретінде алынды. Ерте пісетін топта “Астана” сұрыбы стандарт болып саналады, орташа пісетін топта – “Омбы-38”, кеш пісетін топта – жақсартылған “Шортанды-95”.
Екі жылғы сынақ нәтижесі бойынша арпаның “Сабир” (Бараев ат. ҒӨО), “Саша” (СИБАШҒЗИ), жалаңашдәнді “Омбы” (СИБАШҒЗИ), сұлының “Иртыш-21”, “Ишим-13”, “Уран” сұрыптары (бәрі СИБАШҒЗИ) аудандастырылуға ұсынылды.
Жоғары өнімді сібір сұрыптары тауар өндірушілердің қызығушылығын тудыруда, олар: орташа ерте пісетін “Светланка”, “Памяти Азиева”, “Омбы-36”, орташа пісетін “Омбы-38”, кеш пісетін “Омбы-28”, “Омбы-35”, қатты бидайдың “Омская янтарная”, “Жемчужина Сибири” сұрыптары. Олардың қатарына өткен жылы қосылған арпаның “Ворсинский” сұрыбын да жатқызуға болады. Бұл сұрыптардың барлығы сынақтан өткеннен кейін облыс бойынша аудандастырылған болып табылады.
Диқандарда кеш пісетін сұрыптар барынша өнімді деген пікір қалыптасқан, алайда соңғы жылдардың сараптамасы ауа райы жағдайының өзгеруіне байланысты бұл тұжырымның дұрыс бола бермейтіндігін дәлелдеп отыр. Агротехникалық шараларды дұрыс сақтаған және минералдық тыңайтқыштар енгізген жағдайда ерте пісетін сұрыптар олардан кем соқпайтындығын, кей жағдайда асып түсетіндігін көрсетуде. Өйткені, агротехникалық шараларды сақтап, минералдық тыңайтқыштарды қолданған кезде астықтың шығымдылығы мен сапасы жақсарады, дәнді дақылдардың өсіп-өну мерзімі қысқарады және топырақтың құнарлылығы артады.
Ермек МҰСТАФИН,
облыстық ауыл шаруашылығы сұрыптарын сынау
инспектурасының басшысы.