«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘТТІ ҚАДАМ

Облыс орталығында мектеп жасына дейінгі мекемелердегі орын тапшылығы – өзекті мәселелердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке осы мәселені оңтайлы шешуге жеке секторды тартып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы жағдайды жақсартуды тапсырған болатын.

Бұл орайда біздің облысымызда да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әріден орамай, өңіріміздің өткен жылғы мәліметтеріне жүгінсек, облыс орталығында жаңадан 6 балабақша ашылып, 5 балабақша кеңейтіліп, олардан мыңға жуық балаға орын табылды.

Мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің іскерлік байланысы негізінде сегіз орындық шағын орталық ашқан Альбина Күдерова 11 адамды жұмыспен қамтып отыр.

“Няня” шағын орталығының көп орындық балабақшадан еш айырмасы жоқ. Онда да оқыту, ойнату, дене шынықтыру, мамандармен кездесу арнайы бағдарлама бойынша жүргізіліп, ұйқы мен тамақтанудың белгіленген кестесі сақталады. Бүлдіршіндер үшін бұл жер – қоғамдық орта. Олар мұнда көп нәрсеге үйренеді. Мекеме әкімшілігі тәлім-тәрбиені мектеп жасына дейінгі балаларға арналған “Қарлығаш” бағдарламасы бойынша ұйымдастырады. Бүлдіршіндермен екі тәрбиеші, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінің мамандары, логопед пен психолог, әдістемеші мен есепші, дене шынықтыру нұсқаушысы мен аспаз жұмыс істейді.

Аталмыш орталық 2015 жылдың 13 қазанында ашылды. Оның балабақша ашуды қолға алуы кездейсоқ емес. Бала күтімімен демалысқа шыққанға дейін ол облыс орталығындағы №26 мектептің шағын орталығында екі жыл тәрбиеші болып еңбек еткен, яғни бұл саладағы істің жайынан хабары мол.

– Кәсіпкерлікті ашып, оны күн-көріс көзі ету бұрыннан ойда жүретін. Былтыр жұбайым Бауыржан екеуміз облыс орталығындағы “Береке” шағынауданынан ипотекаға төрт бөлмелі пәтер сатып алдық. Бұл – жас отбасылары көп шоғырланған аудан. Оның үстіне бұл маңда балабақша көп емес. Осыдан ой түйіп, жас отау ретінде өз басымыздан өткен қиындықтарды ескеріп, сұранысқа ие болатын бизнесті қолға алуды жөн көрдік. Отағасы да бұл бастамаға қарсылық білдірген жоқ. Осылайша іске кірісіп кеттік, – дейді Альбина Талғатқызы.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде құрылған орталыққа мемлекет тарапынан бірқатар көмектердің болуы заңды. Дәлірек айтсақ, кәсіпкер жұмысқа қабылдаған 11 қызметкердің жетеуінің еңбекақысы жергілікті әкімдіктің бюджеті есебінен төленеді. Сондай-ақ, коммуналдық қызмет ақысын төлеуде жеңілдік қарастырылған. Тегін ойыншықтар мен кітаптар берілді.

– Бағытымыз белгілі болса да, оны қалай ұйымдастыру керектігінен бейхабар едік. Қаншама адамнан ақыл-кеңес сұрап барғанда тұшымды жауап ала алмадық. Бірақ шыдамдылық танытып, арманыңды орындауға ұмтыла берсең, жолың бірте-бірте ашылады екен. “Нұр Отан” партиясының кеңсесіне қолдау сұрап барғанымда Елена Маккейн деген адамды жолықтырдым. Ол кәсіпкерліктің неден басталып, немен бітетінін егжей-тегжейлі түсіндірді. Осыдан кейін жұмысты ұйымдастыру жеңілдей түсті. Бұл істің бастамасы ғана. Болашақта бизнесті кеңейту жоспары күннен-күнге пысықтала түсуде, – дейді кәсіпкер.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp