«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘУІРДІҢ ДЕ СӘНІ БОЛМАҚ

Жылдың басы, көктемнің шуақты мейрамы, күн мен айдың теңелу мерекесі – Ұлыстың ұлы күніне облыстық ішкі істер департаментінің ілтипаты қашан да ерекше. Мереке уақытында қоғамдағы қауіпсіздікті жіті қадағалау ісі тәртіп сақшыларының тікелей міндеті болғандықтан, айтулы күндері олар күшейтілген қызмет бабына көшетіні белгілі. Соған қарамастан, полицейлер жаңа жылды сәл кештеу болса да, сән-салтанатымен қарсы алуды игі дәстүрге айналдырған.

Әр жылдың әз Наурызы барымызды бағамдап, байлығымызды түгендеудің, ұлттық бітім-болмысымызды бүтіндеудің бастауына айналды. 2008 жылдың Ұлыстың ұлы күнінде солтүстікқазақстандық полицейлерге 20-ға жуық сужаңа көліктің кілті табыс етілгені есімізде. Осылайша, жаңа жылда көлік паркі жаңартылып, тәртіп сақшылары жұмысқа тың қарқынмен кіріскен болатын.

2009 жылы қайырымдылық пен ізгіліктің бастауы саналатын Наурыз мейрамында кәмелеттік жасқа толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және сауықтыру орталығындағы балаларға мекеме қызметкерлері ұмытылмас кеш сыйлады. Ата-аналары бас тартқан, түрлі жағдайдарға тап болған жеткіншектердің жабырқаулы көңілі Қыдыр ата мен Алдар көсе кіріп келген кезде жадырап сала берді.

Былтырғы мейрамда қызметкерлеріміздің балалары қиын кәсіпті нәсіп еткен ата-аналарының жұмысының шет-жағасымен таныссын деген ниетпен ішкі істер департаментінің мұражайын аралаттық. Ондағы қару-жарақтардың әрқайсысын зор ынтызарлықпен қызықтап, қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан полицейлердің ерлік істері жайлы ерекше ден қойып тыңдаған балалардың жанарларынан мерейлі міндетті атқарып жүрген ата-аналары үшін мақтаныш сезімдері сезіліп тұрды.

Ұлыстың ұлы күні ұлықталатын бұл мерекеде тәртіп сақшыларының жұмыстары еселене түсері анық. Сол себепті де сәуір айында өздері ерекше тойлайтын әз Наурызда “Динамо” стадионынан әуелеген домбыраның үні көпке дейін үзілмейді. Арайлап атқан ақ таңның алғашқы шапағымен аудандық ішкі істер бөлімшелері киіз үйлерін құрып, буы бұрқыраған ұлттық тағамдарды әзірлеудің қамына кіріседі. 20-дан астам этнос өкілдері қызмет ететін ішкі істер департаментінің бұл тойында дәстүрлердің әр алуандылығы көрсетіліп, ұлттық дәмге бай ақ дастарқан жайылады. Қызметтік киімдерін ұлттық киімге ауыстырған құқық қорғаушы жігіттеріміз – шетінен күміс көмей әншілер, қыздарымыз мың бұралған бишілер…

Кезек спорттық сайыстарға келгенде қоғам қауіпсіздігін қызғыштай қоритын еңселі жігіттеріміз білектерін түріп, күш сынасады. Гір көтеру, арқан тартыс, қол күресі сияқты сайыстарды селқостықпен қарап тұру мүмкін емес. Иық тірестірген лайықты қарсыластар, жігерді қайраған жанкүйерлер, қызметкерлеріне қол ұшын созуға даяр тұрған жанашыр басшылар… Маңыздысы жеңу емес, әріптестерімен әңгімелесіп, әзілдесіп, психологиялық тұрғыда демалу екенін әрбір қызметкер жақсы түсінеді.

Әр шаңырақтың жанында алтыбақан тепкен қыз-келіншектер, әткеншектер басында мәз болысқан балалар, атпен серуендеп жүрген жастар – ұмытылмас сәттердің көріністері осындай.

Түс ауа қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлердегі мерекелік бағдарламалар мен спорттық сайыстардың үздіктері анықталып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етіледі. Осылайша “Динамодан” әуелеген домбыра үні жаңа жылда өңір жұртшылығына бақыт сыйлап, елімізге тыныштықты тарту етсін деген тілектерімен тәртіп сақшылары келесі күні кезек күттірмейтін қиын да қызықты, қым-қуыт қызметтеріне кіріседі.

Міне, қыс бойы қар құрсауында болған тіршіліктің оянатын, жер мен көктің жаңаратын мезгіліне де келіп жеттік. Мереке күндері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығында 72 жасақ тобы құрылып, олар қаланың 119 бағыты бойынша қызмет атқаруда. Өңір жұртшылығы Наурыз мейрамын тойлап жатқан уақытта 42 жаяу патруль мен 30 автопатрульдік полиция қызметкерлері өз міндеттерін орындайды. Меніңше, бұл да құқық қорғау органдарының ұлы мейрамға, ұлттық дәстүрлерге деген құрметінің бір белгісі.

Солтүстікқазақстандық сайыпқыран сақшылар ұлы тойдың мәртебесін биіктете отыра, құқық қорғау саласының шаңырағын нығайтып, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аянбай еңбек ете бермек.

Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,

облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы, мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp