
Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен отырыста мемлекеттік кәсіпорындардың жұмысы, сондай-ақ, су және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану жағдайы сөз болды.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов коммуналдық меншікте 1412 ұйым бар екендігін, оның 50,9 пайызын – білім беру, 15,5 пайызын – денсаулық сақтау, 14,1 пайызын – мәдениет, 8,6 пайызын – ТКШ, 6,4 пайызын – ауыл шаруашылығы, 3,6 пайызын дене тәрбиесі мен спорт саласы құрайтындығын алға тартып, олардың жұмысына тоқталды.
Облыс әкімі дебиторлық қарызы бар кәсіпорындармен жұмыс істеуді аудан басшыларына тапсырды.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қабиден Сәдуақасов өз сөзін өңірдегі негізгі су көзі – Есіл өзені екендігінен, оның облыстағы ұзындығы 690 шақырымды құрайтындығынан бастады. Су нысандары мен су шаруашылығы құрылыстарында экологиялық және санитарлық-гигиеналық талаптарды қамтамасыз ету үшін су қорғау аймақтары мен жолақтары орнатылады. Осы мақсатқа бюджеттен 26,5 млн. теңге қаражат бөлінген. Биылғы жылы оқу орындарындағы жастар ісі жөніндегі комитеттермен бірге 5 мамыр мен 5 маусым аралығында “Таза мекен” және “Таза жағалау” айлықтары өткізілген.
Облыста 26 гидротехникалық құрылыс бар, оның 22-сі – мемлекет меншігінде. Шарық гидро желісі республикалық меншікке берілді. Қазіргі уақытта облыс аумағындағы балық шаруашылығына жарамды 395 су қоймасының 248-і табиғат пайдаланушыларға жалға берілген.
Облыс әкімі қалған 47 су қоймасын жалға беруді, балық өнімдерін ұқсатуды түмендіктермен бірлесіп шешуді басқарма басшысына тапсырды.
Қабиден Қайырбекұлының айтуына қарағанда, мемлекеттік орман қоры 549,7 мың гектарды құрайды. Өңірдегі 33 орман пайдаланушының 25-і отын дайындаумен және ағаш өңдеумен айналысады. Оларда 370 тұрақты жұмыс орны құрылған, 70 адам келісімшартпен жұмыс істейді, тағы 120 адам ағаш дайындаумен айналысады. Ағаш өңдеу цехтарында 33 түрлі өнім шығарылады. Биыл жалпы сомасы 425 млн. теңгенің екі инновациялық жобасы жүзеге асырылған.
Ерік Хамзаұлы ағаш өнімдерін экспорттау мәселесін жұмыс бабында шешу қажеттігін, оған өз тарапынан көмек көрсететіндігін жеткізді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.