«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Табыстың көзі – ауылда

Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны Евгений Золотарев соңғы бірнеше жылдың көле­мінде қырыққабат, қызанақ және қияр өсірумен айналысуда. Туған өлкесінде кәсібін өрге дома­латқан іскер жанның өнімін облыс тұрғындары тұтынады.

Дала басында қарбалас жұ­мыс әлі жүріп жатыр. Қияр мен қы­занақ жиналып бітсе, қырыққа­бат­ты суық түспей қоймаларға жет­кізіп алу керек. Ауа райы мүм­кіндік берсе, жұмысшылар 150 тонна қырыққабат жинауды жос­парлап отыр. Медвежка ауылы­ның түбіндегі алқаптарды бір­не­ше жылдан бері баптап жүрген же­ке кәсіпкер Евгений Золотарев биыл мол өнімнен үмітті. Бастап­қыда аудан әкімдігінен 4 гектар жер сұрап алған ол қазір көкеніс алқабының көлемін 14 гектарға дейін жеткізді.

– Мен өсірген қырыққабатты “Солтүстік” әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сатып алып, тұр­ғын­дарға қолжетімді бағамен өт­кізеді. Биыл оларға 200 тонна өнім жеткізбекпін. Сонымен қатар “Семейный” супермаркеттер же­лі­сі­мен, “Южный” базарымен жә­не аудандағы бірнеше сауда нүк­телерімен келісіп, сатып жүрмін, – дейді Евгений Золотарев.

Қырыққабат өсіру – араға 10 жыл салып туған ауылына қайтып оралған Евгений Золотаревтың не­гізгі кәсібі. Ол ауыл мектебінде 9-сыныпты тамамдаған соң об­лыс орталығындағы гуманитар­лық-техникалық колледжде тех­ник-бағдарламашы мамандығын меңгереді. Кейін әскерге алынып, Отан алдындағы борышын өтеп, Петропавлдағы кеңселердің бі­рін­де еңбек жолын бастайды. Бір кездері аула сыпырғанын да жа­сырмайды. Бірақ табыстың кілтін туған жерінде тапты. “Ауылыма 6 жыл бұрын небары 80 мың тең­ге­мен келіп, үш бұзау сатып алдым. Бір жылдан соң мал басы 17-ге жетті. Кейін досыммен бірлесіп, азық-түлік дүкенін аштық. Біраз­дан соң ғимарат сатып алдым, жеке дүкенім пайда болды. Сол кезде тұтынушылар тарапынан қырыққабатқа деген сұраныстың бар екенін байқадым. Алғашқы өнімді жұрт лезде сатып әкетті. Сол күннен бастап аталмыш кө­көністі өсіруді қолға алдым”, – дейді кәсіпкер.

Қырыққабат пен қызанақтың көшеттері далаға отырғызылады, ал қияр жылыжайда жақсы өнім бе­реді екен. Биыл қызанақ көшет­терінен – 20, қиярдан 5 тонна өнім жиналған. Көктемде көкөністі уақ­ты­лы отырғызып, күзде мол өнім­ді дер кезінде жиып алу үшін Евге­ний ауылдастары мен еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келген ағайындардың көмегіне жүгінеді. Қауырт кезде жалдамалы жұмыс­шылардың саны 30-ға дейін жете­ді екен. Өйткені, негізгі жұмыс қол­мен атқарылады. Ал жерді жыр­тып, суаруға тракторы бар. Оны са­тып алу үшін Евгений Золота­рев “Ауыл шаруашылығын қар­жы­лай қолдау қоры” АҚ-ның об­лыстық филиалына жүгініпті. “Ең­бек” бағдарламасы аясында не­бары 6 пайызбен несие алған.

Жеке кәсіпкер тек пайда мен та­бысты ғана ойламай, туған ауы­лындағы мектебіне қолынан кел­генше қолдау көрсетуде. Евгений Золотарев білім ошағының асха­насына қажетті көкөністерді тегін бе­реді екен. Тұрмысы төмен от­ба­сыларға да көмек қолын созу­дан аянбайды. Жақында іскер аза­мат “Атамекен” ұлттық кәсіпкер­лер палатасы облыстық филиа­лы­ның жанындағы өңірлік кеңес­тің құрамына мүше болып кірді. Ондағы мақсаты – Қызылжар өңі­рін­дегі шағын және орта кәсіпкер­лікте кездесетін күрделі мәсе­ле­лерді шешуге өзіндік үлесін қосу.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp