Қызылжар өңірінде 88 ауылды орталықтандырылған тіршілік көзімен қамтитын 4 сорғы стансасы пайдалануға берілді. Тайынша ауданында өткен топтық су құбырлары мен ауылішілік су желілерін іске қосу салтанатты рәсіміне Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты.
Үкіметтің қолдауының, Су ресурстары және ирригация министрлігінің жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмысының арқасында жүзеге асқан жоба өңір үшін аса маңызды.
– Өңірімізде сумен жабдықтау саласындағы жобаларды іске асыруға 74 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді, оның ішінде 45 миллиард теңгесі қайтарылған активтер есебінен қарастырылды», – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.
Таза сумен қамтамасыз етілген елді мекендердің 19-ы – Айыртау, 5-уі – Шал ақын, қалғандары Ақжар, Тайынша аудандарында орналасқан. Сорғы стансалары Көкшетау және Булаев топтық су құбырларына қосылған. Тұтастай алғанда, төрт ауданның 22 мыңнан астам тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді. Айта кету керек, бұл елді мекендердің көпшілігі алғаш рет таза ауызсуға қол жеткізіп отыр. Бұдан бөлек, 9 ауданда 46 кешенді блок-модуль орнатылып, 37 орталықтандырылған су жабдықтау нысаны салынуда, бұл ауызсудың сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда өңір бойынша ауылдық елді мекендердің 97 пайызы таза су тұтынады.
Министр Нұржан Нұржігітов 2050 жылға дейін еліміздің барлық ауылдарын сапалы ауызсумен қамту талабы тұрғанын, бұл міндет теріскей өңірлерде жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мәселен, Булаев топтық су құбырын реконструкциялау және Тайынша ауданының ауылдық елді мекендеріне су құбырлары мен тармақтарын салу жұмыстары аяқталды. 13 ауылға жалпы ұзындығы 170 шақырым болатын су құбырлары салынды, сонымен қатар сорғы стансасы іске қосылды. Булаев топтық су құбырын реконструкциялау және Ақжар ауданының ауылдық елді мекендеріне су құбырларын тарту жобасы аяқталды. 5 ауылға жалпы ұзындығы 123,2 шақырым болатын тарату желісі салынды. Көкшетау топтық су құбырына қосылатын желінің құрылысы аяқталуға жақын. Жобаның аясында Шал ақын және Айыртау аудандарының 24 ауылына жалпы ұзындығы 220 шақырым құбыр салынды.
Жұмыс сапары аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавл қаласының маңайы және Қызылжар ауданындағы қорғаныс бөгеттерінің құрылысымен танысып, елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған қайта жаңғырту іс-шараларының барысын бақылады.
Ойқаладағы бөгет әзір, Былғары зауыты шағынауданындағы құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Тепличное елді мекенінде қойылған қорғаныс бөгеті былтырғы көктемгі су тасқыны кезінде қатты зақымданған болатын. Осы күні қалпына келтіріліп жатқан бөгеттің ұзындығы – 5 шақырым, биіктігі – 7,5 метр. Жоба құны – 3,5 млрд.теңге.
«Су ресурстары және ирригация министрлігі өткен жылғы көктемгі су тасқынының алдын алу үшін «Қазсушар» кәсіпорнына қарасты филиалдардан 84 техника жұмылдырған болатын. Осылайша тасқын салдары азайып, су өткізу жылдамдығы арттырылды. Қосымша сыйымдылықтар есебінен жиналатын су мөлшері көбейтілді», – деген министр қабылданып жатқан іс-шаралар халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Жауапты мамандарға жағдайды ұдайы бақылауда ұстау жүктелді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan» .