“Ел-шежіре” қоғамдық қоры “Ұлы дала тұлғаларының даналық сөзі” жинағын басып шығарды. Кітапқа қазақ топырағында туып-өскен жүзден астам танымал тұлғаның әдеби және ғылыми мұраларынан, әр жылдары баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен естеліктерінен және тағы да басқа деректерден іріктеліп алынған 1500-ге жуық нақыл сөздері мен ой толғамдары топтастырылған.
Біздің халқымыз сөз құдіретіне ерекше мән берген ғой. Ықылым заманаларда ғұмыр кешкен бабаларымыздың өсиеттері бізге даналық сөздер, мақал-мәтелдер түрінде жетті. Қазақ руханиятының қалыптасуына елеулі үлес қосқан жандардың асыл сөздері уақыт көші алға жылжып, замана жаңғырған сайын өз мағынасын жоймақ емес. Жаңа басылымдағы ғасырлар қойнауынан жеткен әрбір нақыл сөздің де бүгінгі қоғамға берер пайдасы мол. Кітапқа енген ойшылдар тағылымы адам мәселесі, оның өмір сүру қағидалары, мақсат-мұраттары және қоғам мен ұлттық болмыс хақындағы әлеуметтік-тұрмыстық жайттар туралы ой өрбітеді. Сондай-ақ, онда халқымыздың болашағы, жалпы адамгершілік құндылықтар мен қасиеттерді сақтау, тәлім-тәрбие, ата салтты, дәстүрді құрметтеу мен қастерлеу мәселелері сөз болады.
Жинақта әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Ахмет Йүгінеки, Жүсіп Баласағұни, Қорқыт ата, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп тәрізді кемеңгер ойшылдардың, Күлтегін, Білге қаған, Шыңғысхан, Әлихан Бөкейханов, Нұрсұлтан Назарбаев сынды түрлі кезеңдерде ел бастаған билеушілер мен көсемдердің, есімі елге мәлім ғалымдардың, атап айтқанда, Ақжан әл-Машани, Қаныш Сәтбаев және Әлкей Марғұланның таңдаулы нақыл сөздері басылған. Олардың ғақлиялары тұжырымдарын “Таза мінсіз асыл сөз…”, “Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл”, “Ұранға Алаш деген атты аламын” сынды бөлімдерінен оқуға болады. Бұл құнды еңбек жас ұрпақты туған жерді сүюге, тарихи шежірелері мен жәдігерлерін тануға, қорғауға және баба мұрасын құрметтеуге, салт-дәстүрді білуге баулиды.
Ләззат ЕРҒОЖИНА,
И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың №2 филиалының меңгерушісі.