«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Талапты өрен — талпынған құстай

Облыстық кәсіпкерлер палатасы Айыртау аудандық филиалының мамандары Қаратал орта мектебінің 9-сынып оқушысы Уәлихан Базаркеновке ноутбук табыс етті. Талапты өреннің қашықтықтан кедергісіз білім алуына мүмкіндік беретін заманауи техника Білім және ғылым министрлігінің “Менің Атамекенім” қоғамдық бірлестігімен бірлесіп қолға алған “Oqýshyny qolda” акциясы аясында “DAULETTEN” қайырымдылық қорының қаржысына сатып алынды.

Өкінішке қарай, әсіресе, ауылдық жерде тұратын отбасылардың балаларының онлайн білім алуына қажетті компьютер, ноутбук немесе планшетке қолы жете бермейді. Акция аясында көпбалалы, аз қамтылған отбасыдан шыққан, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі өрендерге басымдық беріледі. Жиналған қаржыға қажетті техника сатып алынып, оқушылар пайдалануы үшін мектептің балансына тапсырылады. Осы орайда, “DAULETTEN” қайырымдылық қоры үлкен қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн. Олар планшет пен 10 ноутбук сатып алып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі көмекке мұқтаж балаларға табыстады. Осындай мүмкіндікке ие болған өрендердің бірі – Уәлихан Базаркенов. Тұл жетім және бала кезінен мүгедек. Церебральды сал ауруына шалдыққан ол қатарластарынан қалмай мектепке барып жүр.

“Уәлихан ән айтқанды жақсы көреді. Мектепішілік іс-шаралардан тыс қалмай, облыс орталығында өтетін “Шексіз әлем” байқауына бірнеше мәрте қатысты. Біз өз мектебіміздің намысын қорғап жүрген талапты, жігерлі оқушыларымызбен мақтанамыз”, – деген Қаратал орта мектебінің директоры Еркен Әлібеков акцияны ұйымдастырушы қайырымды жандарға алғысын білдірді.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp