“Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі” атты жұлдызды 25 күн шарасынан ауыл мектебі де тыс қалған жоқ. Оқушылар еліміздің Тәуелсіздік алған ширек ғасырында жеткен жетістіктерімен, егемендіктің негізін салушы тұлға – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбектерімен танысты.
Шараға қатысқан аудандық ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы С.Бабағұмаров балаларға арнаған сөзінде: “Осы уақыт аралығында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды әлемдік деңгейге көтерді. Тізгінді қолға алған күнінен-ақ Елбасы қазақстандықтарды жарқын да кемел болашаққа бірлік пен татулық, іскерлік пен қабілеттілік арқылы жетелеп келеді”, – деді.
Оқушылар Елбасы, Тәуелсіздік, туған жер тақырыптарына арналған өлеңдерді оқыса, шағын орталықта жұмыс істейтін Нұргүл Қожахметова тамылжыта ән салды. Ауыл кітапханашысы Алма Құрманқұлова Елбасы еңбектерінен кітап көрмесін ұйымдастырып, оқушыларды таныстырды.
Шараға балаларымен бірге ата-аналар да атсалысты. Олардың балалармен бірлесіп жасаған шығармашылық жұмыстары қатысушылар назарына ұсынылды. Ата-аналар Нұрлыбек Шамғанов “Хан шатырының”, Есен Жангарин “Пирамиданың” макетін балаларымен бірге жасап, мектепке сыйлады. Өздері мен балаларының егемен елде өмір сүріп жатқандарын олар мақтанышпен айтты.
Гүлмира ЖҮКЕНОВА,
Еңбек бастауыш мектебінің меңгерушісі.
Шал ақын ауданы.