«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАНЫМ ОРДАСЫ

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қайта жаңартылғанына 10 жыл толуына орай мәдениет саласының қызметкерлері бас қосқан жиын өтті. Мұражайдың ғасырға таяу тарихындағы бір көлеңкелі кезең тоқырау жылдарында өңіріміз бен еліміздің өміріндегі алатын орны өлшеусіз осы мекеннің заман қиындығына шыдай алмай, аумағының саудагерлер мен кәсіпкерлердің қолында кетуі еді.

Жұртшылықтың бақытына қарай, мұражай сауда-саттықты кәсіп еткендерден арылып, экспозицияларын қайта жандандырғанына биыл аттай он жыл толды. Бүгіндері оның өң-келбеті мүлде өзгеріп, күрделі жөндеуден өткен соң өңіріміздің ғылыми-танымдық орнына айналды. Соның арқасында бүгінгі он үш залы небір көз тартып, көңілге қонатын жәдігерлерге толы.

Осы мерекеге орай ұйымдастырылған жиында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Нұрмұқанова ұжымды аталған мерейлі оқиғамен құттықтаса, еңбек ардагері, осы басқарманың бұрынғы басшысы Амангелді Балмұқанов ұжымға табыс тіледі.

Тарихи-өлкетану мұражайының директоры Гүлнәр Мұқышева, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Рәзипа Тәженова ғимараттың жөнделіп, көрермендерге бүгінгідей сәулетті есік ашуы туралы естеліктерін зердеге құйды.

Осы салтанат үстінде Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов мұражайдың танымдық, тағылымдық қызметін тілге тиек ете келіп, жақында одақтың мүшелігіне қабылданған ақын, мұражай қызметкері Ирина Матвееваны құттықтап, мүшелік билет тапсырды. Ақын Зейнолла Әкімжанов әріптесіне жылы тілегін жеткізді.

Ирина Матвеева көп жылдардан бері облыстық тарихи-өлкетану мұражайы әдебиет бөлімінің ғылыми қызметкері болып еңбек етіп келеді. Ол мұражай жанынан құрылған әдеби бірлестіктің хатшысы ретінде өңіріміздің Мағжан Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов, Есләм Зікібаев сияқты ұлы да көрнекті ақын-жазушыларының, сондай-ақ, қаламгерлердің орта және жас буындарының шығармаларын насихаттауға өз үлесін қосып келеді.

Ақынның «Звезды осени», «За кромкой мечты» атты өлеңдер және әңгімелер жинақтары оқырмандардан жақсы баға алған.

(Өз тілшіміз).

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp