Полицияға Мағжан Жұмабаев көшесіндегі аула тұрғындарынан тоқтап тұрған «Lexus» маркалы жол талғамайтын көліктің бүйір жақ терезесі сынғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына келген полицейлер көліктің осы аулаға өз шаруасымен келген қала тұрғынына тиесілі екендігін анықтады. Көлік салонынан 200 мың теңгеден астам ақша, банк карталары, құжаттар болған барсетка ұрланған.
Қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері пәтер бойы тексеріп, көрген-білген куәгерлерді іздестірді. Ауладағы көлік қоятын орын камераның шолу аймағына ілікпейді, сондықтан оқиға болған ауданға жақын жердегі камералардағы бейнежазба зерделенді. Осы аудандағы аулалардың бірінен ер адамдар шыққаны, біреуінің қолында ұқсас барсетка болғаны анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шарасын өткізу нәтижесінде, келесі күні автокөліктерді тонап жүрген күдікті ұсталды. Ол базарға жұмысқа орналасу үшін жуырда Петропавлға келген, Тараз қаласының бұрын сотталған 33 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам өз таныстарымен бірге жалдамалы пәтерде болған. Тінту кезінде ұрланған барсетка, құжаттар мен ақшаның бір бөлігі алынды.
Күдікті уақытша қамауға алынды. Оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде. Полицейлер облыс тұрғындарына автокөлік салонында ақша мен құнды заттарды қалдырмауға, көлікті камераның шолу аймағына қоюға, ал ұрлық орын алған жағдайда «102» нөмірі бойынша шұғыл полицияға жүгінуге кеңес береді.