«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХИ ТҰЛҒАНЫҢ ҒИБРАТТЫ ҒҰМЫРЫ

Иван Шухов атындағы қалалық кітапхананың №2 филиалының кітап қоры жаңа туындымен то­лықты. Осы жолы оқырмандарымыз зерттеу, тарихи тақырыптағы жарияланымдарымен танылған қаламгер, журналист Тілекқабыл Боранғалиұлының “Жәңгір хан” атты кітабымен таныса алады. Автор өз еңбегінде тұғырлы тұлға Жәңгір Бөкеевтің өмірі мен саяси көзқарасы, қолбасшы ретінде қа­зақ еліне әкелген пайдасы туралы әңгімелейді.

Туындының негізгі бөлігінде Жәң­гірдің билік құрған тұсы Исатай-Махамбет бастаған халық көтерілісімен байланыстырылып жазылады. Сондай-ақ, білімді де сауатты ханның 22 жыл бойы тақта отырған кездегі қайраткерлігі мен өнегелі істері кеңінен баяндалады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: “…Исатай мен Махам­бет басқарған ұлт-азаттық қозғалысы жайлы айтылғанда олардың Бөкей Ордасын басқарған Жәң­гір ханға қарсы бағытталғаны көп айтылады. Меніңше, бұл – жаңсақ пікір”, – деген болатын. Қаламы қарымды журналист Ті­лекқабыл Боранғалиұлы да өз туындысында Жәңгірдің қазақ тарихындағы орнын дұрыс бағалауды ұсынып, оның халық бірлігін сақтап қалу жолындағы еңбектерін мысал ретінде келтіреді. Мәселен, кітапта өз ордасының іргесін бекемдеудегі Жәңгірдің жеке-дара күресі, Ресей патшаларымен, губернаторларымен қарым-қатынасы деректер негізінде ашып көрсетіледі. Жәңгір ханның ұлты үшін сіңірген еңбегінің ең маңыздысы – қазақ жерінде тұңғыш мектеп ашуында. Ол жастарды Ресейде оқытып, сол кездегі қазақ астанасының іргетасын қалады. Басқару ісінде де халық игілігіне қызмет етуге тырысты. Дәстүрлі заң ережелерін қағаз бетіне түсіріп, отырықшылық, ағарту ісі, өнер мен кәсіп саласында өзін реформатор ретінде танытты.
Кітапты оқи отырып, автордың отандық тарихымызды зерттеуде, әдеби мұраларымызды зерделеуде көп білетінін аңғаруға болады. Ол еңбегінің алғы сөзінде: “Есімін қадір етсек ханға рауа, рухын құрмет етсек не етеді екен?” – деп заманында бел немерең Шәңгерей ақын да қапалы өтіп еді. Ендеше, осы кітап тағыңа тағзым болсын”, – деп ханның рухына тағзым етеді. Кітаптың құрылымы ғұмырнамалық тізбе емес, нақты тарихи оқиғаларға негізделген. Жәңгірдің Александр және Николай бірінші патшаларымен, Гумбольдт, Гебель сынды әйгілі тұлғалармен таныстығы қызықты хикаялармен өрбиді.

 

Ләззат ЕРҒОЖИНА,
И.Шухов атындағы қалалық кітапхананың
№2 филиалының меңгерушісі.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp