Тәуелсіздік жылдарында тарих ғылымы жаңа белестерге көтеріліп, үлкен биікке жетті. Әрине, оның дамуына отандық тарихшылардың сүбелі үлес қосқаны ақиқат. Бұл орайда алдымен, атақты ғалым, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, академик Манаш Қозыбаевтың есімі ауызға түседі. Ол қазақ халқына танылған тарихи жалған пікірлерді әшкерелеумен айналысып, ақтаңдақтарды ашуға арнады.
Манаш Қабашұлы Қозыбаев 1931 жылы 16 қарашада қазіргі Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Таз көл басындағы ауылда шаруа отбасында дүниеге келді. 1937 жылы Еңбек бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, зеректігімен өз сыныптастарынан оқ бойы озық тұрады. Болашақ ғалымның қалыптасуына ата-анасы, мектеп және педучилищедегі ұстаздары айтарлықтай ықпал жасағанын да айтып өткен жөн.
Ол 1944 жылы “Жаңа тұрмыс” жеті жылдық мектебін үздік тамамдағаннан кейін Ы.Алтынсарин атындағы Меңдіқара педагогикалық училищесіне оқуға қабылданды. Бұл жылдар сұрапыл соғыс уақытымен тұспа-тұс келгендіктен, студенттік шақта қысылтаяң күндерді басынан өткізеді. Мұндағы өмірі, тәлім-тәрбие берген ұстаздары жайында ғалым өз естеліктерінде тебірене жазады. Мәселен, педагогикалық училищенің директоры Қаражігітов, оқу ісінің меңгерушісі Хасен Ерғалиев, Мағзұм Жақыпов, Анна Попова секілді тамаша ұстаздар дәріс бергендігі жайлы: “…үш жыл үзбей оқытқан ұстазым Андроник Дмитриевичтің сүйікті шәкіртінің бірі болғанымды мақтанышпен еске аламын, ұстаздар ұжымы өз оқушыларын нағыз азамат болуға шақырды, қиындықтарды жеңуге баулыды, төзімділікке үйретті”. (Асылбеков М., Төленова З. Академик М.Қ. Қозыбаев: ғұлама ғалым, ірі қоғам қайраткері. – Алматы: Елтаным баспасы, 2014. – 280 б.).
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің мұражай қорында педагогикалық училищедегі студенттік өмірі жайында ғалымның және курстас құрбыларының қолымен жазылған түпнұсқа альбом-дәптер сақталған екен. Естелік дәптерде ғалымның құрбыларына арнап шығарған мынандай өлең жолдары бар:
Ескерту, өлеңменен жаза салдым
Ақындай болмасам да саңғақ тұлпар
Шыққанда шабысына ере алмайтын
Болуға ақындай кім болмас құштар
Көп сөзді текке бекер қозғамайын
Жазылған өлеңімді тыңдаңыздар.
Өткіздім сіздерменен екі-үш жылдай
Өмірдің жақсы-жамандәмін көріп,
Түйіскен кезеңімде фашист сұмырай…
Манаш Қабашұлы 1948 жылы сол кездегі С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түсіп, оны 1953 жылы үздік бітіріп шығады. Үлкен өмір жолына жолдама алған жас маман ғылыми-оқытушылық қызметін Қостанай педагогикалық институтында бастады. Осы кездің өзінде Қостанай өңіріндегі азамат соғысы, ұлтазаттық қозғалыстары мәселелерімен айналыса жүріп, зерттеушілік талантымен, ғылымға деген таудай талабымен көзге түсіп, Алматыдағы Партия тарихы институтына жұмысқа шақырылды. “Ең бастысы, ғылыми жұмыспен айналыстым. Облыстық газеттерге көптеген мақалалар жаздым, өлкетану тақырыбын игеріп, Қостанай сахарасының тарихына мамандандым. Алғашқы кітапшаларым жарық көрді, Қостанай пединститутының ғылыми еңбектері жинағының негізін қаладым. Ғылыми жұмысқа деген ынтам артты, қаламгерлік болмысым қалыптасты. Менің есімімді республикалық ғылыми орындар тани бастады”, – деп жазады сол жылдар жайлы Манаш Қозыбаев. (Академик Манаш Қозыбаев. Мерейтойлық жинақ/Құраст. Ә. Пірманов, А. Қапаева. – Алматы: Атамұра, 2001. – 240 б.).
1969 жылдың 4 маусымы күні Мәскеудегі КОКП Орталық Комитеті жанындағы марксизм-ленинизм институтының ғылыми кеңесінде профессор С. Бәйішевтің ғылыми жетекшілігімен “Қазақстан Коммунистік партиясы Ұлы Отан соғысы жылдарында” тақырыбында қорғаған докторлық диссертациясының ғылыми жаңалықтары мәскеулік ғалымдарды да таңғалдырды. Осылайша, өзінің ғалым ретіндегі тұлғасын бірауыздан мойындатты. Ол, ең бастысы, Қазақстаннан майданға, тыл армиясына алынғандардың саны екі миллионға жуық екендігін, ал мұның шығыстағы ұлттық аймақтар генофонының әлсіреуіне тигізген әсерін ғылыми тұрғыдан тың деректермен дәлелдеп берді. Жас ғалымның замана ызғарынан қаймықпай айтқан сол уақыттағы теориялық пікірлері кейін көптеген зерттеу жұмыстарына арқау болды.
Кеңестік саясаттың салқыны ұлт мәселесін де шарпыды. Соғыс жылдарында тыл жұмысына қазақтың азаматтарының көптеп алынуына ол өз еңбектерінде арнайы тоқталып, 1916 жылғы Ресей патшасының жергілікті халықтың мүддесімен санаспағанын батыл айтты. Манаш Қозыбаевтың сол жылдары еңбекке жарамды азаматтардың жаппай мобилизацияға ілінуі салдарынан ауыл шаруашылығындағы ауыр еңбекке қариялар мен бала-шағаның жегілгенін, олар мұндай қадамға шарасыздықтан барғаны жайындағы дәлеліне мәскеулік әріптестері де назар аударды.
Тəуелсіздік жылдарына дейінгі жазылған тарихты таразылауға, ғылыми негізделген теориялық-əдіснамалық тұрғыдан зерделеуге тек егемендікке қол жеткізгеннен кейін ғана мүмкіндік туды. Əрине, бірден тарих парақтарын түбегейлі өзгертіп тастау мүмкін емес еді. Дегенмен, дəл сол өтпелі кезеңде ұлт тарихын зерделеуге салиқалы бетбұрыс жасалды. Ол өзгерістерге Манаш Қозыбаевтың да өзіндік үлесі зор. Ол бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі дəуірде өмір сүрді. Ғалымның шығармашылығын саралап қарасақ, дəуірлер арасындағы айырмашылық оның өмірі мен шығармашылық мұрасының мазмұндық құндылығына айтарлықтай əсер ете қоймағандығын, оның кешегі қанды қол кеңес кезеңінде де өткір ойтұжырымдар айта білгенін аңғаруға болады.
Өзінің бір еңбегінде академик жаңа дәуір алдындағы тарих ғылымының міндетін: “Қазақ халқының талай дәуірлерді бастан өткерген тарихын империялық көзқарастан арылып, адамзатқа игі болған арман, мұрат негізінде таразылау, ата тарихын жазу, Отанның рухани болмысын шыңдау, бодандық, құлшылық идеологиясын табандатып жеңу, айбынды, қарымталды егемен елдің алдында қарызы мен парызын өтерлік перзенттер тәрбиелеу қажет” – деп айқындайды.
Өмірінің негізгі бөлігін кеңестік дəуірде өткізген бірегей тарихшының сол қоғамның талай əділетсіздігінен опық жеген кездері де болды. Мəселен, 1973 жылы М.Қозыбаев пен З.Голикова бірлесіп жазған “Золотой фонд партии (из опыта кадровой политики КПСС)” монографиясын “тезге” салу басталды. Бұл еңбекте басшы партия кадрларын қалыптастыру кемшіліксіз еместігі, қажетсіз қайта құрулар мен кадрлық ауысулар ұйымдастырушылық қарым-қабілетті ашуға бөгесін екендігі айтылған еді. Осыны тілге тиек еткендер жеңіл-желпі сынаушыларды жоғары жаққа құбыжық қылып көрсетуге тырысты. Ақыры, Қазақстан Компартиясының ХIV съезінде кітап Д. Қонаевтың аузымен сыналып, автор басына туған ауыр күндер 1979 жылға дейін созылды (1. Əбжанов Х. Қазақстан: ұлттық тарих, идея, методология. – Алматы: Елтаным баспасы, 2014. – 328 б.).
Манаш Қабашұлы өзінің саналы ғұмырының 40 жылын ғылым жолына арнады, өзі таңдап алған тарих ғылымын дамытуға үлес қосты. Бастапқыда ғылымдағы ізденістерін өлкетану, Қазақстанның Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне қосқан үлесін зерделеуден бастаған ол біртіндеп ғылыми-зерттеу аясын кеңейтіп, қазақ халқының шығу тегіне, оның өркениеттегі орны, ХХ ғасырдың қасіретті тағдыры туралы тұтас, кешенді де маңызды, мазмұны терең тұжырымдар жасады. Сонымен қатар, тарих ғылымының дамуы мен жаңа ауыспалы кезеңнің талаптарына сай жазылған зерттеулерінде қазақ халқының тілі, ділі, діні, мəдениетінің өзекті мəселелері қаралып, кешегі кеңестік қоғамдағы жалпылама бірегейлендіру жүйесін бұзып, ұлттық болмысымызды айшықтауда да академик тарихшылардың көшбастаушысы болды.
1980-ші жылдардың екінші жартысынан ол саяси қуғын-сүргіннің құрбандарын анықтау жəне оларды ақтау жолында жалпы мемлекеттік маңызы бар көлемді де жүйелі жұмыстар жүргізді. Соның нәтижесінде Алашорданың туын көтерген қазақ халқының аяулы азаматтары ақталып, энциклопедиялық жинаққа енгізілді. М.Қозыбаев Алаш зиялыларының халқына жасаған ұлан-ғайыр еңбектерін болашақ ұрпаққа жеткізу тарихшы ғалым ретінде өзінің парызы екендігін мына бір толғанысында анық айтады: “Өлім екі түрлі. Бірі – табиғи өлім, екіншісі – рухани өлім. Біздің мақсатымыз шын мəніндегі тарихи тұлғаларды рухани өлтірмеу” (2. М. Қозыбаев. Ғұмырнамалық ойлар. – Алматы, 1998. – 376 б). Ал 1990-жылдардың басында отандық тарих ғылымында ұлтазаттық қозғалысқа байланысты, соның ішінде Кенесары Қасымов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Əбдіғаппар Жанбосынов бастаған ұлтазаттық жəне Алаш қозғалысы, Алашорда автономиясына қатысты тыңғылықты зерттеулер жүргізілді. Сөйтіп, объективті шындықты қалпына келтіруде елеулі жұмыстар атқарылды.
Манаш Қозыбаевтың Ш. Уəлиханов атындағы Тарих жəне этнология институтын басқара жүріп, ұлттық тарихнамаға салған екі олжасын айрықша атап өту лəзім. Біріншісі – “Қазақстан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы” (1995 ж.) еңбегі, ал екіншісі – бес томнан тұратын “Қазақстан тарихы” академиялық басылымның алғашқы үш томын жарыққа шығаруы. Тұжырымдамада тарих білімінің негізгі басымдықтары, тарих ғылымының өтпелі кезеңдегі басты мəселелері мен оларды шешудің мүмкін бағыттары, оқу-ағартуды реформалау жолдары көрсетілген.
М. Қозыбаев аңсаған күн де туды. Мемлекет тарапынан тарих ғылымына көңіл бөлініп, мұны жай ғана ғылым ретінде немесе мамандық тұрғысынан қарамай, бүгінгі жаһандану кезеңінде тұтас идеологияның негізіне айналдыру қажеттігі туындады. Елбасының “Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Қазақстан халқына Жолдауында “Мəңгілік Ел” идеясының көтерілуі жəне “Халық тарих толқынында” мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы ұлттық тарихты зерделеуге, насихаттауға мүмкіндік туғызды.
Ақмарал ИБРАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.