«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ

Қазақ ырымшыл халықпыз ғой. Бұрынғы салтымызда бала тұрмай, шетіней берсе, көпбалалы ер адамды терезеден кіргізіп, шарананың кіндігін соған кестіретін де рәсім болған екен. Кестіріп қана қоймай, сосын ол сәбиді көп бала туған жеті кемпірдің аяғының арасынан өткізетін көрінеді. Бұған дейін дүниеге келген үш бірдей сәби шетінеп кеткен соң Қазира апай туғанда әулеттің үлкендері тура осылай істеген. Сөйтіп, әуелі Алланың жазуымен, сосын осы ырымның арқасында Қазира апай мен одан кейін туған бауырлары аман қалып, Бурабайдың бауырындағы Үлгі алған ауылында ата-анасының көз қуанышы, көңіл жұбанышына айналған.

 

Оң жақта отырғанда ешкім бетінен қақпай ерке боп өскен бойжеткен бөтен босағаны аттап, келін болып түскеннен бастап енесінің ақылымен шаруаға икемделген. “Жұбайым Рүстемнің туған анасы ерте дүние салып, мен өгей ененің қолына келін болып түстім. Бірақ “жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келінсап” дегендей, енем артық ауыз сөзі жоқ, ақылды кісі болды. Мені үй шаруасына төзімділікпен үйретті”, – деген Қазира апай – бүгінде өзі де келіндер тәрбиелеп, олардан шөбере сүю бақытына ие болған жан. Сексеннің сеңгіріне шыққан Қазира апай – Құдай қосқан қосағы Рүстем Уәйісовтың басына бақ құсы болып қонып, оның шаңырағына құт-береке құтайтып отырғанына алпыс жыл болыпты.

Қазира апай мен Рүстем ағамыз Көкшетаудағы қазақ педагогикалық училищесінде оқып жүріп танысқан. Соңғы курсқа келгенде қазақ тілінде білім беретін педагогикалық училище жабылып, олар оқуларын сол кездегі Целиноград педагогикалық училищесінде жалғастырады. Білім ордасының директоры Нұртаев деген кісі жетім өскен, мінезі қатал болса да, адамгершілігі мол жан екен. Жас жұбайларға жатақханадан бір бөлме, шәкіртақы бөліп, олардың оқуларына барлық жағдайды жасайды.

Қос маманның ұстаздық еңбек жолдары Жамбыл ауданындағы Қайранкөл, Буденный орта мектептерінде жалғасады. Мектепте өлкетану мұражайын, Ленин бөлмелерін жабдықтап, білім ошағындағы жұмыс жандана түседі. Кішкентайларының, азын-аулақ малдарының болғанына қарамай, үйдегі шаруаны ұршықша үйірген апай балаларды мұнтаздай етіп киіндіріп, тәрбиелеп, оқытуды өз мойнына алады да, ағамызды сырттай оқуға жібереді.

Рүстем Сәдуұлы осылайша Алматыдағы қазіргі Қазақ ұлттық университетін тамамдап, көп ұзамай Казанка орта мектебіне директор болып тағайындалады. Осы кезде Рүстем аға мен Қазира апай ұстаздық шеберліктерімен, ұйымдастырушылық қабілеттерімен ерекшеленіп, ата-аналармен тығыз қарым-қатынас орнатады. Оқушыларды Киев, Ленинград, Алматы қалаларына экскурсияларға апарып, ел мен жер көрсетеді.

Жанып тұрған жас кезі. Рүстем ағаның еңбегі облыстық партия комитетіндегі Сақан Құсайынұлы, Әнуарбек Нәжмеденұлы, Ніл Адғамұлы, Қасым Жүнісұлы сияқты ағаларының назарына ілігеді. Осыдан бастап оның облыстық, аудандық партия комитеттеріндегі жұмысы үздіксіз жалғасты. Бірнеше жыл идеология мәселесімен айналысып 1995 жылы зейнет демалысына шығады.

Өмір бойы еңбектен қол үзбеген Рүстем Сәдуұлы зейнеткерлікке шыққан соң да белсенділігінен айнымай, оқушылар мен ұстаздарға арнап от ауызды, орақ тілді қазақ билері мен олардың шешендік сөздерін жинақтап жарыққа шығарды. “Жансары уақ” әулетінің шежіресін зерттеп немерелеріне мұра етсе, бір кездері облыстық атқару комитетінің төрағасы болып, өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Сақан Құсайынов туралы естелік кітабы да тарих беттерінен сыр шертеді. Рүстем ағамыз үшін “халық жауы” ретінде атылып кеткен нағашы атасы Нұрыш Данияров туралы зерттеу кітабы ерекше қымбат.

Осындай өнегелі ғұмыр кешкен отағасының өзінің қас қабағын бағып, ойындағысын айтқызбай тауып отырған зайыбы Қазира апайға айтар алғысы шексіз. Екі рет инсульт алған ағамыз артық қозғалысты, у-шуды көтере алмайтын болған соң оның қарауын Қазира апай өз мойнына алған. Қалада тұратын ұлы Сәлімжан мен келіні жиі келіп, қажеттерін әкеп береді. “Жасыратыны жоқ, зайыбым анамдай ақылшы, әкемдей қамқоршы бола білуде. Татулықтың, сүйіспеншіліктің, сыйластықтың арқасында лайықты абырой-беделге ие болдық. Осындай отбасымыздың барына, үбірлі-шүбірлі екендігімізге Аллаға шүкіршілік етеміз”, – дейді Рүстем аға көзі жасаурап.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp