«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТЕГІН ІРІМШІК ҚАҚПАНДА ҒАНА БОЛАДЫ”

Карантин уақытында той-томалақтарға тыйым салынғаннан кейін табысынан қағылған әншілер мен жұлдыздар пайда табудың басқа амалын ойлап тапқан сыңайлы. “Instagram” әлеуметтік желісін ашсақ болғаны, олардың “тегін ақша, ұялы телефон, көлік, тағы басқа сыйлықтарды таратамыз” деген хабарландыруларынан көз аша алмай қаламыз. Өйткені, байқауға қатысып, олжалы болуға мүмкіндік аламын деушілерге қойылатын басты талап оп-оңай – аталған жазбаны өз парақшасында жариялап, ұйымдастырушының достарына тіркелсе болғаны. Өңіріміздегі оңай жолмен олжалы боламыз деп ниеттенген жастардың дені бірінен-бірі қалмай, жазбаларды жарыса жариялауда. Әнші, актерлер бастаған танымал адамдар ел алдындағы беделін, атақ-дәрежесін пайдаланып, халыққа көмек жасап жатқан сыңай танытып, әлеуметтік желілерде түрлі “гив” ұйымдастырып, сыйлық таратып әлек. “Көзі ашық, көкірегі ояу” білімді жастардың да осындай “жалған” уәделерге алданып, байқау талаптарын бұлжытпай орындап жүргеніне не дерсің?

Әлеуметтік желі арқылы пайда табуға бағытталған әдістің ресми атауы – “Giveaway”. Көздің жауын алатын сыйлықтарын көргенде, кез келген адамның “бағымды сынап көрсем қалай болады екен?” деп ойлауы заңдылық. Пандемия кезінде төтенше жағдайға қарамастан, жалған ұтыс ойнатты деп айыпталған Ернар Айдардың әрекеті әшкере болып, “Мен алдандым” деп жанұшырып ақталып жатқанда, қалғандары міз бақпай алаңсыз жарнамалары мен ұтыстарын жалғастыруда.

Иә, бір қарағанда, әнші-әртістер қайырымдылық танытып, шынымен өз қалтасынан ақша таратып жатқандай көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе, мұның кейбір өнер иелерінің құйтырқылығы екенін түсінесіз. Желі қолданушыларына: “мынанша оқырманға жазылып, оның суреттеріне “лүпіл” бассаң болғаны, шотыңа ақша жібереміз”, – деп жариялап, екінші жағынан оқырман санын көбейтуді ғана ойлайтын блогерлерден қаржы жинап, осы екі ортада делдал болып жүрген әншілердің әрекетін қайырымдылық деуге келмейтін сияқты. Біреу құрғақ уәдеге алданбай, адал терімен ақша табу үшін аянбай еңбектеніп жүрсе, оларға сенген қарапайым халық, әсіресе, жастар сыйлық немесе ақша үшін барлық талаптарды орындап, арамтер болады. Соңғы үш-төрт ай көлемінде үздіксіз жалғасып келе жатқан осындай ойындардан қажып шаршаған, үміті ақталмаған қатысушылар бұл ұтыстардың жалған екенін де ашына жазуда. Мұндайда жұлдыздар халықты алдап, ақымақ қылып отыр ма деген ой қылаң береді. Ал оны ұйымдастырушы әншілер ойынның адал әрі жеңімпазды таңдау көпшіліктің көзінше “рондон” арқылы немесе дырылдату әдісі арқылы өтетінін айтып ақталуда. Кімнің ісі ақ, кімдікі қара екенін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Осындай ұтыстар ұйымдастыруға қатысты деп басы дауға қалған әншілердің қатарында Кәмшат Жолдыбаева, Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа да бар. Ал өнердегі жолын жаңа бастаған жас әншілердің осы ойынды күнбе-күн ойнатып, одан өзіне тиесілі қаржысын тауып жүргені жасырын емес. “Instagram” желісін ашуымыз мұң екен, көліктің түр-түрін, қазіргі жастардың арманы – “Iphone Х”, ақшалай сыйлықтар, тіпті, жылқының етіне дейін “таратып” жатқан өнер адамдарының жазбалары жетіп артылады.

Әрине, бұл әдіс қарапайым халықтың адал жолмен тапқан ақшасын арам пиғылмен жинап, алдап кетіп жатқан қаржы пирамидалары мен алаяқтардың қасында маңызы жоқ болып көрінуі мүмкін. Бірақ жастарға адал термен, еңбекпен пайда табуды насихаттайтын “Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей”, “Еңбектің наны тәтті” сияқты мақал-мәтелдердің мән-маңызын төмендетпей ме? Көптеген жастар жеке кәсіп ашып, шама-шарқынша еңбектеніп, кішігірім бақшасына көкөніс өсіріп күнелтіп жүргенде, “алма піс, аузыма түс” деп қарап жатуды жөн көретіндер ойлануы тиіс. Дайын жұмыс, үй, көлік бола қалса деп армандайтынымыз рас. Жұмысқа кіріп, аздаған жалақыға еңбек етіп, айлығымыз көтеріліп, тәжірибе жинақталғанша терлеп-тепшіп жүруге шыдамымыз жетпей жатады.

Әйтсе де, арамызда мұндай әрекеттерге қарсы екенін білдіру арқылы көпке үлгі көрсетіп жүрген жастар да жоқ емес. Солардың бірі – белгілі вайнер Ақарыс Әділжан “Instagram” әлеуметтік парақшасында: “Қазіргі жастарға өткен заманаларда өмір сүрген ержүрек бабаларымыздың өнегелі ғұмырларын, еңбекпен өрілген өмірбаяндарын үлгі ету қажет. Қай заманаларды алып қарасақ та, адамды биік шыңға тек адал еңбек жеткізетінін аңғаруға болады. Өкініштісі сол, бүгінде саусақ ұшын қимылдатпай мол ақшаға кенелуді ойлайтындар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Олардың мұндай теріс әрекеттері өздерінің болашақтарына ғана емес тұтас мемлекетіміздің ертеңіне балта шабуда. Сондықтан да мен барша қазақ жастарын адал, еңбекқор болуға, желідегі жылтыраған дүниеге алданбауға шақырамын”, – деген жазбаны жариялады. Әрине, әлемде неше адам болса, сонша ой бар дегендей, жастың бұл пікірін жақтағандар да, даттағандар да табылып жатты. Алайда, бұл ескертулерге жастар құлақ түріп, алтын уақыттарын әлдеқайда пайдалы істерге жұмсаса, құба-құп.

Осындайда ойымызға “Тегін ірімшік қақпанда ғана болады” деген сөз келеді. Тек мұны жастардың түсінбей отырғаны алаңдатады. Шариғатта нәтижесі немен аяқталатыны беймәлім нәрсеге ынтығып, қаражат жұмсау, немесе тер төкпей, оңай жолмен дүние табуға әуестену харам болып саналады. Сондықтан желі пайдаланушылары жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруден аулақ болып, адал жолмен нәпақасын табуға ден қойса деген ниеттеміз.

Гүлден СИМБАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp