«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЕРМОС-ВАГОН — ТАҒАМ ЭКСПОРТТАУДА ТАПТЫРМАС ҚҰРАЛ

Жаһандық дағдарыс кезінде тиімді реформалар жасау арқылы өзге елдермен салыстырғанда өрлей түскен мемлекетіміздің экономикасы соңғы жылдары дамудың жаңа баспалдақтарын бағындырды деп үлкен сеніммен айта аламыз. Еліміздің экономикасын алға сүйрейтін қозғаушы күш – әлемде бәсекеге қабілетті экспорттық өнім шығару екендігі сөзсіз. Ал сол отандық тауар өндірушілердің өнімдерін шетелдерге сапасына еш нұқсан келтірмей және дер кезінде тасымалдау өзекті мәселелердің бірі саналады.

Алыс-беріс артуы тиіс

Қазақстан үшін еш кедергісіз өнім шығаратын үлкен нарық – Еуразиялық экономикалық аймаққа кіретін елдер. Өкінішке қарай, коронавирустық пандемия алыс-беріске аздап салқынын тигізгенін көреміз.

Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларының аралығында Қазақстанның Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара саудасы 10 401,2 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,1 пайызға кем. Соның ішінде экспорт – 2847,4 млн. АҚШ доллары (19,4 пайызға азайды), импорт – 7553,8 млн. АҚШ доллары (7,5 пайызға кеміді). Еліміздің сыртқы сауда айналымының 92,4 пайызы – Ресей Федерациясына, 4,0 пайызы – Қырғызстан, 3,5 пайызы – Беларусь, 0,1 пайызы – Арменияға тиесілі.

Солтүстік Қазақстан облысы да одаққа мүше елдердің ішінде Ресей, Қырғызстан, Беларусьпен тығыз байланыс орнатқан. Жергілікті атқарушы орган Ресейдің көршілес өңірлерінде отандық өнімдер сатылатын дүкендерді ашуды қолға алғаны да экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік бергені сөзсіз. Нәтижесінде сөресінде тек Қазақстанда жасалған өнімдер саудаланатын “Казмаркет” дүкендер желісінің тоғыз нүктесі жұмыс істеп тұр. Жергілікті тауар өндірушілер көршілес мемлекетпен сатып алу-сату жөнінде жиырма келісімге қол қойғанын да атап өткен жөн. Олардың қатарында “Казмясопродукт”, “Молочный союз”, “Асиона”, “Сергеевка сүт өнімдері”, тағы басқа серіктестіктер бар. Осындай шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда экспорт көлемін 6 есеге арттыру мүмкін болды. Облыстық әкімдіктің ресми сайтында жарияланған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, биылғы жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара сауданы бірге есептегенде, Солтүстік Қазақстан облысының сыртқы сауда айналымы 424,5 млн. АҚШ долларына тең келген. Оның 295,5 млн. доллары – импортқа тиесілі болса, есептік кезеңдегі экспорт көлемі 119,0 млн. АҚШ долларын ғана құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9 пайызға азайған. Экспорт бойынша негiзгi әрiптестердің қатарын Ауғанстан, Өзбекстан, Қытай, Бельгия, Түркия, Польша мемлекеттері бастап тұр. Экспорт көлемін арттыру – еліміздің, өңіріміздің экономикалық дамуы үшін алға қойылып отырған басты міндеттердің бірі.

Тасымалдайтын құрал тапшы

Елімізде соңғы жылдары тағам экспорты бір жолға қойылып, Ресей, Қытай сияқты бірқатар мемлекеттерге азық-түлік өнімдерін тасымалдау қолға алынған. Әдетте, сүт, ет, балық, көкөніс сияқты тез бүлінетін ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге жеткізу қиындық туғызып жатады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықовтың айтуынша, Қазақстанда аталған өнімдерді қиындықсыз жеткізуге қажетті вагон-термостар мүлдем шығарылмайды.

– Сарапшылардың бағалауы бойынша, жүк тасымалдау саласында вагондардың тапшылығы байқалады. Еліміздегі тасымалмен айналысатын компаниялар кедергісіз жұмыс істеуі үшін қазіргіден 10-20 мың артық вагон болуы тиіс, – деді Нұржан Садықов.

Бүгінде тез бүлінетін өнімдерді діттеген жеріне жеткізу үшін қажетті температура сақталатын, он күн бойы бір қалыпта тұруын қамтамасыз ететін изотермиялық вагондарға деген сұраныс арта түсті. Қазір ТМД аумағындағы изотермиялық вагондардың 90 пайызының тозығы жеткен. Вагондарды жаңарту міндетін мойнына алған кәсіпорындар да аз. Сондықтан өткен жылы “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ-ы “Cool infinity” Ресей – Қазақстан бірлескен кәсіпорнымен серіктестік аясында нарықта сұранысқа ие жаңа өнім – ет, балық, көкөніс секілді тез бүлінетін өнімдерді тасымалдауға арналған изотермиялық вагондар шығаруды қолға алған болатын. 16-1807-04 модельді изотермиялық вагондарды өндіруге бағытталған тың жобаны жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 4 470 млн. теңге инвестиция құйылды. Жобаның экспорттық үлесі 80 пайызды құрайды. Аталған жұмыстарға кіріспес бұрын зауыт басшылығы тез бүлiнетiн тамақ өнiмдерiн жеткiзумен айналысатын жергілікті компания өкiлдерiмен ақылдасып, пікір алмасуды да жөн көрген.

Барлық талаптарға сай

Екіжақты келісімшартқа қол қойғаннан кейін вагон-термостар жобасын әзірлеп шығаруға дайындық жұмыстары екі ай бойы жүргізілді. Сол кезде жиырма жылдан бері бос тұрған цех қайта қалпына келтіріліп, 50 жаңа жұмыс орны ашылды. Жаңа технологияны меңгерген білікті мамандар жалпы аумағы 30 мың шаршы метрді құрайтын цехтың бір бөлігінде темір жол вагонының қанқасын дайындады. Ал цехтың екінші бөлігінде бөлшектер біріктірілді. Кейін вагондардың іші полистирол және полиуретан материалдарымен қапталады. Бұл, өз кезегінде, вагонның изотермиялық қасиетін арттырады екен. Ауаның ішке өтпеуін қамтамасыз ету үшін есіктерді әзірлеуге де үлкен тиянақтылықпен, жауапкершілікпен қараған жөн. Яғни, тасымал құралының ішіне жылу немесе суық кірмеуі тиіс. Сыртқа шықпағаны да маңызды. Себебі, бұл – қарапайым вагон емес, ет, балық, көкөніс, жеміс сияқты тез бұзылатын тағам өнімдерін діттеген жеріне жеткізетін құрал.

Өткен жылы осы талаптардың барлығын қатаң сақтай отырып, зауыт алғашқы изотермиялық термос-вагондарды жасап шығарды. Көп ұзамай алғашқы екі үлгі зауыттық сынақтан өтті. Яғни, жаңа вагондардың тежегіш жүйесінің жұмысы, жылу өткізу коэффициенті, тағы басқа өлшемдері тексерілді. Бұдан кейін өнімдер жылжымалы сынаққа жіберіліп, одан да сәтті өткені Ресей Федерациясының сынақ орталығының қорытындысымен дәлелденді. Жергілікті кәсіпорында әзірленген жаңа өнімнің алғашқылары көршілес Ресей Федерациясына жіберіліп те үлгерді. “Қазақстан темір жолы” ҰК” акционерлік қоғамының зауытында біліктілік комиссиясының қатысуымен тестен өткізілді. Сынақ қорытындысы бойынша “Петропавл машина жасау зауыты” акционерлік қоғамы Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес 1200 дана вагон шығару жөніндегі сертификатқа ие болды. Тамыз айының басында Ресейдің Мәскеу қаласында вагон шаруашылығы сараптама тобының отырысында зауыт сертификаты расталып, кәсіпорын моделі 16-1807-04 изотермиялық вагон-термостарды өндіруші зауыт ретінде Ресей Федерациясы темір жол көлігінің федералдық агенттігінің “Жүк көліктерінің үлгілері” анықтамалық тізіміне енді. Оның үстіне, кәсіпорын изотермиялық вагондарын “CT-KZ” формалы тауарды шығару туралы сертификатқа да қол жеткізді. Вагон шығару технологиясымен танысу үшін Ресейдің Троицк қаласынан мамандар да келіпті. Комиссия дайын өнімнің мінсіз екенін айтып, жоғары баға берген.

Ресейде сұранысқа ие

Осындай қыруар жұмыстың нәтижесінде 20 вагоннан тұратын тәжірибелік-өндіріс партиясын шығару қолға алынды. Оның он данасы дайын болғанннан кейін бірден Ресей Федерациясының “Транско көлік тобы” жауапкершілігі шектеулі қауымдастығына сатылды. Ал келесі жылдың қаңтар айында аталған компаниямен тағы он вагонды әзірлеп, жеткізу туралы келісім жасалды. Сонымен қатар көрші елдің “Изотранс” жауапкершілігі шектеулі қауымдастығымен 60 заманауи вагонды шығару туралы келісімге қол қойылды. Бүгінге дейін 803 млн. теңгеге 20 вагон әзірленіп, тапсырыс беруші кәсіпорынға уақытында жеткізілді.

Ал биылғы жылдың басында “Cool infinity” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өндіріс көлемін арттыру мақсатында “Петропавл машина зауыты” акционерлік қоғамының аумағы 30,4 мың шаршы метрді құрайтын өндіріс ғимаратын сатып алу туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда аталған орында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, аяқталғаннан кейін ғимарат қажетті құрал-жабдықтармен толықтырылып, темір жол бағыты салынады. Тамыз айында кәсіпорын термос-вагон өндіруге қажетті техникалық құжаттаманы алып, Еуразиялық экономикалық одақ талаптарына сәйкес қажетті сертификатқа ие болды. Ғимаратты жөндеу, қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаннан кейін өндіріс қуатын арттыру мақсатында қосымша 500 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Дайындық жұмыстары аяқталған соң кәсіпорын жылына 1,5 мың термос-вагон шығармақ.

“Cool infinity” машина жасау корпорациясының бас директоры Валентин Каргин атап өткендей, бұл термос-вагондар 2,5 мың шақырым қашықтыққа дейін жүк тасымалдау кезінде қажетті температураны сақтауға мүмкіндік береді.

– Тасымалдау жағынан жаңа вагондар автомобиль көлігімен бәсекелестікке түсе алады. Азық-түлік тауарларын 6 мың шақырым қашықтыққа дейін жеткізуге мүмкіндік бар. Аумағы 145 текше метрді құрайтын бір термос вагон арқылы 58 тоннаға дейін жүк тасымалдауға болады, – деген Валентин Каргин вагонның қызмет ету мерзімі 25 жылды құрайтынына назар аударды.

Кәсіпорын директорының сөзіне сенсек, қазіргі таңда Ресей Федерациясынан және жергілікті көлік компанияларынан жаңа вагондарға деген сұраныс артуда. Сонымен қатар азық-түлік өндіруші кәсіпорындар жеке тасымалды жүзеге асыру үшін де заманауи өнімнің мүмкіндіктерін пайдалана алады.

Отандық компанияларға қолжетімді

Заманауи өнім жергілікті кәсіпорындар үшін де қолжетімді болары сөзсіз. Алғашқы болып тапсырыс беріп, изотермиялық вагон-термостардың тиімділігін пайдалануды ұйғарған жергілікті кәсіпорын – “Масло-Дел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жиырма жылдан астам уақыт бойы еліміздің барлық өңірлерін және алыс-жақын шетел тұрғындарын сапалы өніммен қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын жылына 150 мың тоннаға дейін өнім шығара алады. 2000-нан астам адам еңбек ететін ұжымда 100-ден астам өнім түрі бар. Олардың арасында күнделікті пайдаланатын сары және өсімдік майлары, маргарин, майонез, сүт, тағы басқа өнімдер жоғары сұранысқа ие. Халықаралық нарықты игеру жоспарына сәйкес, сондай-ақ, экспортты дамытуды жүзеге асыру үшін “Масло-Дел” серіктестігі Ресейде, Қырғызстанның Бішкек, Қытайдың Урумчи қалаларында өкілдіктерін ашқан болатын. Бүгінде компания өз өнімдерін Қытай, Ауғанстан, Эстония, Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты мемлекеттерге экспорттайды. Қазіргі таңда алыс-жақын шетелдердегі ірі тарату компанияларымен серіктестік қатынастарын дамыту бағытында бірқатар шаралар қолға алынған. Сондықтан серіктестік сүт, майонез, кетчуп сияқты тез бүлінетін өнімдерді еш қиындықсыз шетелге экспорттау мақсатында “Cool infinity” серіктестігіне 10 жаңа термос-вагонға тапсырыс берген. Тапсырысты уақытында әрі талаптарға сай орындағандарын айтқан “Cool infinity” зауытының директоры Валентин Каргин заманауи өнімнің бес данасы “Масло-Дел” серіктестігіне жеткізілсе, қалғаны дайын, жақын арада жіберілетінін хабарлады. “Масло-Дел” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі филиалының директоры Наталья Солохинаның айтуынша, қазіргі таңда тапсырыстың бір бөлігі қабылданған.

Бәсекелес жоқ

Термос-вагон өндірісіне көз жүгіртсек, ТМД елдерінде мұндай вагондарды 2010 жылы украиналық “Азовмаш” зауыты шығармақ болған екен. Алайда, өндіріс тоқтап қалды. Оған ТМД және Балтық елдері теміржолшыларының тез бүлінетін жүктерді тасымалдау ісін доғаруы себеп болды. Бұл міндетті атқару жүк көліктеріне тапсырылған. Кейін кәсіпорын қиын жағдайға ұшырап, қызметін мүлдем тоқтатуға дейін барды. Өткен жылғы ақпараттарға сәйкес, қарыздары үшін мүлкі тәркіленіп, зауыт банкрот деп танылды.

Қазір Германияда жасалған техника көп пайдаланылуда. Оның да нарыққа шыққанына 30 жылдай уақыт өтіпті. Яғни, тасымал құралдары әбден тозды. Сондықтан да болар, Ресей Федерациясы тарапынан біздің өңірде шығарылатын өнімге сұраныс өте жоғары. Бір сөзбен бәсекелес жоқ. Алайда, бәсекелестік жоқ екен деп, өнімнің сапасына назар аударуды ұмытпаған жөн. Тың жобаны қолға алған кәсіпорын басшылары тез бүлінетін тауарларды сапалы тасымалдау үшін жаңа өнімнің кем-кетік тұстарын жөндеуге ерекше мән берген. Жобаны жүзеге асыру аясында жоспарланған шаралар ойдағыдай орындалып, заманауи өнім алдағы уақытта нарықта жоғары сұранысқа ие болады деген сенім мол.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp