Екінші деңгейлі банктер 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін өздерінің портфеліндегі “нашар” несиелердің деңгейін 10%-ға дейін төмендетеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингінде ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов айтты. Оның мәліметінше, 2004-2007 жылдар аралығындағы жұмыс істемей тұрған несиелердің “қалдығын тазарту” кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Сол кезде бұл көрсеткіш 33% құраған болса, 2015 жылдың 1 қаңтарында бұл сан 23,5%-ға түсті.
“Дағдарыс кезінде қайта құруға ұшыраған банктерден басқасының барлығы дерлік нашар несиелер өздерінің портфелінің 15%-ынан аспауы керек деген тапсырманы орындады деуге болады. Ал 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін бұл көрсеткіш 10%-дан аспайды деп күтеміз. Сондықтан барлық банктер осы нормаға сай болуы тиіс”, – деп атап өтті Қайрат Келімбетов.
Төрағаның айтуынша, 2015 жылы Ұлттық банк теңгенің кенет құнсыздануына жол бермеуді жоспарлап отыр. “Қазіргі уақытта біз валюталық дәліздің ағымдағы саясатын ұстанып отырмыз. Біздің есебімізше, қазіргі макроэкономикалық жағдайлар осы дәлізде болуымызға мүмкіндік береді”, – деп түйді ол. Оның айтуынша, егер мұнай бағасы 50-60 доллар аралығында болса, онда Ұлттық қорға түсетін түсімдер шығындардан көбірек болады. Ұлттық банк алдағы үш жылда Ұлттық қордың әжептәуір өсімін де күтіп отыр. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қазіргі кездегі валюталық дәліз бізге теңге бағамын 1 долларға шаққанда 185 теңге шамасында ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық банкі ел экономикасын долларсыздандыру туралы жоспарды келесі аптада бекітуді жоспарлап отырған көрінеді. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұл шаралар ортамерзімдік сипатта болады және теңгеге қатысты нормалық-құқықтық базаларда біраз өзгерістер орын алады.
Қайрат Келімбетов қазақстандықтарды пәтер мен автокөліктерді есепшоттар арқылы сатып алуға шақырды. “Осылайша біз салық органдарымен бірге барлық төлемдерді көріп отыра аламыз. Сондықтан аз уақыттың ішінде осы салада біршама тиянақтылыққа қол жеткіземіз деп ойлаймыз”, – деп түсіндірді ол. Ал бүгінде Қазақстандағы барлық транзакциялардың 93 пайызы қолма-қол төленеді. “Сондықтан біз бұл саланы аздап тәртіпке келтіру керек деп ойлаймыз, сонымен қатар доллармен есептелетін бағаларды да реттеу қажет. Біз еліміздегі бағаның қалыптасуы ұлттық валютаға негізделетінін санамызға әбден сіңіруіміз қажет”, – деп түйді Қайрат Келімбетов. Оның айтуынша, Ұлттық банк саясаты теңгенің күрт құлдырап, “терең” девальвацияға ұшырауына жол бермейді. Ұлттық банк неғұрлым оңтайлы айырбас бағамын ұстанып отырады. Дегенмен, Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бұл айырбас курсы тұрақты болады деген сөз емес. “Теңге бағамы 2014 жылдан бері 180 мен 184 теңге аралығында құбылып отырды. Ал бүгін 1 долларға шаққанда 185 теңгеге жетті. Бұл қазіргі ішкі және сыртқы макроэкономикалық жағдайға толық төтеп бере алатын бағам деуге болады. Сондықтан біз ортамерзімді кезеңде неғұрлым ыңғайлы баға қалыптастыру саясатына көшеміз. Кез келген мұндай ауысу алдын ала хабарланатын болады. Осылайша нарық субъектілері мән-жайды біліп отырады”, – деп түсіндірді Қайрат Келімбетов.
“ҚазАқпарат”.