Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы аясында 180 орынға шақталған Аққайың ауданындағы Полтавка орта мектебі 2007 жылы пайдалануға берілді. Содан бері білім ошағынан 60 оқушы жоғары оқу орындарына грантпен түскен. Екі “Алтын белгі” және бір ерекше үлгідегі аттестат иегері шықты. Ұжым облыстағы білім беру мекемелерінің арасында өткізілген “Тиімді ауыл мектебі” байқауына қатысып, барлық көрсеткіштер бойынша сүрінбей өтіп, 1-орынды жеңіп алды.
Ұжым уақыт ағымынан қалмай еңбек ету үшін өз-өздерін жетілдіріп, халықаралық, республикалық, облыстық деңгейлердегі сайыстарға үнемі қатысады. Мектептің педагогикалық ұжыммен жұмыс істеу формасы да ерекше көзге түседі. Жұмабике Әшірбекова басшылық етіп отырған білім ошағында 27 мұғалім еңбек етеді. Олардың арасында “Ұстаз – бұл бейімділік” атты мемлекеттік кітапқа есімдері енген мұғалімдер де бар. Сонымен қатар, білім ошағында заманауи білім беру технологияларын оқу-тәрбие үдерісінде қолдану жүйесі де оң жолға қойылған. Оқыту жүйесіне деңгейлік бағдарламалардың жеті модулін енгізу бағытында сертификатталған мұғалімдер: Татьяна Сүлейменова, Марина Дроздова, Гүлван Окенова “Lesson Study”, “Коучинг” сабақтарын нәтижелі өткізуде.
“Балаға алдымен тәрбие, сосын білім беру керек” деген қағиданы ұстанатын мұғалімдер қауымы тәрбие жұмысын тиімді ұйымдастыруды алдыңғы орынға қояды. Бұл бағытта мектептегі “Жандостар” балалар ұйымы, тарихи-өлкетану мұражайы ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда. Полтавка орта мектебіндегі мұражай Екінші дүниежүзілік соғыстың және педагогикалық еңбектің ардагері Алексей Шостактың бастамасымен 1987 жылы ашылған. Бүгінде онда танымдық сабақтар, экскурсиялар, әңгімелесулер, сынып сағаттары, атаулы күндер өткізіліп тұрады.
Зерттеу жұмыстары өлкетану материалдары негізінде шағын орталық, бастауыш, орта және жоғары буындарда жас ерекшеліктеріне қарай жүргізіледі. 8-сынып оқушысы Алена Лыганың тарих пәнінен Полтавка ауылы негізінде жазған зерттеу жұмысы ғылыми жобалар байқауында 2-орынды иеленсе, Азамат Шәкірдің “Қазақтың ақбас сиырлары” тақырыбына арнаған жұмысы аудандық кезеңде 2-орынды жеңіп алды. “Зерде” шығармашылық және зерттеу жұмыстары жобаларының сайысында 2-сынып оқушысы Қамаш Жүніс те облыстық кезеңде 2-орынға ие болды.
Білім беру сапасының деңгейі “PISA”, “TIMSS” және “PIRLS” халықаралық зерттеулері арқылы анықталады. Осы бағытта мектепте оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға арналған ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуы оң нәтижесін беруде.
Түлектер мектепте алған білімдері мен дағдыларын өздері таңдаған мамандықтарында тиімді пайдаланып жүр. “Ат айналып қазығын табар, Ер айналып елін табар” дегендей, білім ошағының тағы бір ерекшелігі – түлектердің көпшілігі өздері ұшқан ұясына қайтып оралатындығында.
“Саламатты өмір салты” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жолында мектепте спорт залы, тренажерлік зал, спорт секциялары ұйымдастырылған. Мектеп оқушылары аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуы – осы бағыттағы жүргізілген жұмыстардың нәтижесі. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жанамай Әшірбековтің жетекшілік етуімен оқушылар облыстық “Батыр”, “Алау” спартакиадаларының бірнеше дүркін жүлдегерлері атанды.
Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жанамай Әшірбековтің шәкірттері Жәнібек Жүнісов, Мәрлен Белгібаев, Қанат Сәбиев, Дамир Жәкенов өз ұстазының жолын қуып, бүгінгі күні әскери салада қызмет етеді.
Балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін мектеп басшылығы мен ұстаздар ұжымы барлық жағдайды жасап отыр. Балалардың бос уақытын өткізуге арналған демалыс орындары, кітапхана, мектеп ауласы мен бақшасы, спорт алаңы – барлығы да жақсы жабдықталған. Мектептің шағын орталығы, оқу кабинеттері, арнайы жабдықталған сыныптары, тағы басқалары заманауи білім беру талаптарына сай.
“Тиімді ауыл мектебі” байқауының көздеген мақсаты – бүгінгі өзгермелі заманда оқушылардың табысқа қол жеткізулері, еліміздің зияткер, табиғи және рухани дамыған азаматтарын қалыптастыру және білім сапасын арттыру үшін педагогикалық үдеріске оқытудың жаңа әдістері мен ақпараттық-коммуникативтік технологияларын енгізе отырып, оқушыларды функционалдық сауаттылыққа үйрету. Алайда, облыс деңгейінде екінші жыл өткізіліп отырған байқауға қатысуға бар-жоғы он мектеп ниет танытса, соның біреуі ғана қазақ мектебі. Ол – Қызылжар ауданындағы “Парасат” мектеп-лицейі. Айыртау, Ақжар, Жамбыл, Есіл, Тимирязев сияқты аудандардан бірде-бір мектеп қатыспағаны өкінішті.
Светлана ШӘУКЕРОВА,
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша
педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру
институты филиалының жетекші маманы.