«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Топырақ туған жерден бұйырады

Екінші дүниежүзілік соғыста із-түзсіз жоғалып кеткен солтүстікқазақстандық Қайыржан Тікшекеевтің сүйегін Украинаның «Вертикаль» іздеу ұйымы биыл наурыз айында тапқан болатын. Қазақ жауынгерінің сүйегі туған ауылына жеткізіліп, жерленетін болды. Ол 1916 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Әскер қатарына 1940 жылы шақырылған.

 

Қазіргі таңда жауынгердің сүйегі Украинадағы Қазақстан Республикасының әскери атташесіне берілді. Қазақстанға әкелінген соң немересі Марат Тікшекеевке ресми түрде табысталады. Жерлеу рәсімі Айыртау ауданы Дәуқара ауылында өтеді. Шараны ұйымдастыруға облыс, аудан әкімдіктері, қорғаныс істері жөніндегі департамент көмектеседі. Осыған дейін төрт қазақстандық солдаттың сүйегі елге әкелінген болатын. Марқұмның немересі Мараттың отбасының қуанышында шек жоқ. Жауынгерді туған-туыстары көп жыл бойы іздестірген. Араға 80 жыл салып мәйітінің табылуы – сирек кездесетін оқиға.

 – Атамды анасы Жәмила бір көрсем деп өмір бойы аңсаумен өтті. Қанша айтқанмен,  құрсағын жарып шыққан жалғыз ұлы ғой. Соңғы хатын 1941 жылдың шілде айында жазған екен. Содан кейін  байланыс пышақ кескендей кілт үзілген. «Із-түзсіз кетті» деген қаралы хабар келсе де оған сенбеген.  Әкем 2004 жылы дүниеден өтерде  атамыздың майданнан жазған 12 хатын маған аманаттап табыстады.  «Украинада атаң табылды» деген хабарды естігенде сенбедік. Көзіміз жеткеннен кейін ағыл-тегіл жыладық, қатты қуандық дейді, – немересі Марат Тікшекеев.

Көктемде Киев облысының Макаровский ауданы Боровка селосы аумағында  жүргізілген іздеу шаралары барысында төрт сарбаздың сүйегі табылып, бірі Қайыржан Тікшекеев екені арнайы белгісі арқылы  анықталған.  Алқапқа жүгері егілгендіктен, іздеуде біраз қиындықтар ұшырасқан. Қайыржан Тікшекеевтің сүйегі шұңқырдың ішінен табылған. 1941 жылы Киевті 28 атқыштар дивизиясы қорғағаны белгілі, демек ол әскери борышын осы құрамада өтеген сияқты.  Дәл осы жерде қазақстандық солдат өзінің соңғы шайқасын өткізіп, жау оғынан қаза тапқан деген болжам жасалып отыр.

Қазақ жауынгері мәйітінің  туған жерге тезірек жеткізілуін жерлестері асыға күтіп отыр. Ондай ақжарылқап күннің ауылы алыс емес.

                                                                      Айман ӘБЖАПБАРОВА,

қорғаныс істері жөніндегі департаменттің

әскери-патриоттық және қарулы күштер

ардагерлерімен жұмыс қызметінің жетекшісі.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp