Таңмен таласа тұрғандықтан ба, әлде қалың ой шаршатты ма, Сәруар бойынан әлсіздікті сезінді. Жайшылықта зымырайтын уақыт та өтпей қойды. Сағат тілі түскі он екіге жете қоймапты. Көз ілдіріп алайын деп қисайып еді, ұйқысы келмеген соң, сәлден соң қайта тұрып кетті. Бар ойы баласында. Анасының жылында бір келетін төл мерекесін ұмытып кеткен сияқты. Күнде кешке телефон соғып, жағдайын біліп тұрушы еді. Сәруар кешеден бері қызыл телефонның шылдырын ести алмай, мазасызданып жүр.
“Шынымен ұмытып кеткені ме?” – деп күбірлей сөйлеп, шкафты ашты. Оның жоғары жақ сөресінде тұрған түйіншекті алып, үстелдің үстіне қойды. Бір күрсініп алды да, әлгі түйіншекті шешіп, ішіндегі заттарды әрлі-берлі төңкере бастады. Қолына бірінші түскен ашық хаттың ішіндегі қызыл сиямен жазылған жазуға көздерін сығырайта үңілді. “Анашым, мерекең құтты болсын! Сен барда менің де балалығым таусылмайды. Сен мен үшін әлемдегі ең сүйікті жансың”, – деп оқи бастағаны сол еді көңілі босап, отырып қалды. “Жарығым менің! Осы сөздерді жазған қолдарыңнан айналдым! “Ең сүйікті жансың!” – дейді. Иә, солай ойлайтыныңды білемін. Бірақ бүгін хабарсыз жатқаныңды түсінбей отырмын”, – деп іркіліп қалған жасын сүртпек болып жан-жағын қарманған оның көзі түйіншектің беткі жағында жатқан орамалға түсті. Айнаның алдына барып, иығына жапты. Күрең қызыл гүлдері бар жиегі жасыл түсті кәріс орамалды осыдан жиырма бес жыл бұрын әйелдер күні мерекесінде жұбайы Кәрім сыйлаған. Өте әдемі болатын. Әкесінің анасына арнаған сыйлығы ұлға да ұнағаны ерекше байқалып қалған. Орамалды көріп Ертай қолындағы өз сыйлығын анасына ұсынуға ұялғандай шегіншектей берген. Әкесі: “Балам, анаңа сыйлығыңды тапсыра ғой”, – деп өтінген кезде де орнынан қозғалмай, көздері жаутаңдап қалған еді. Баласының бұл қылығын түсінбей қалған әкесі қасына барып, сыбырласып-күбірлескеннен кейін ұлын құшақтай алып, шексілесі қата күлгені Сәруардың әлі күнге дейін есінде. “Балам мен жұмыс істейтін адаммын. Сен – оқушысың. Мен сыйлықты тапқан табысыма сатып алдым. Сен сыйлығыңды өз қолыңмен жасадың. Сондықтан екі сыйлықтың да құны бірдей”, – деген сөздерінен кейін Ертай анасына жақындаған. Тақтайдан жасалған бұйымдарды орамадан алып шыққан анасы баласын құшақтай алып: “Қандай әдемі. Гүлін ойып салған өзің бе?” – деп бетінен сүйді. Сол нан кескіш тақта мен оқтау асүйде әлі күнге дейін ілулі тұр.
Ертай анасына үш жылдан кейін бас орамал сыйлады. Онда оныншы сыныпта оқиды. Көздері бал-бұл жанған Ертайдың сол бейнесін Сәруар баласын сағынса, көз алдына елестетеді. Бойы анасының бойынан биік ол орамалды өз қолымен анасының басына таққан. Бұл сыйлықты сатып алуға ақшаны қайдан алды деген сауал ата-анасының ойында жүргенін ұққан бала келесі күні сырын ашты. Анасының қарны ашпасын деп күнделікті қалтасына салып беретін тиын-тебеніне тамақ ішпей, сыйлық сатып алғанын естігенде Сәруар ренжіген күй танытқан еді. “Балам, мен сенен сыйлық дәметеді дейсің бе? Мен үшін сенің денсаулығың маңызды. Сен аман болсаң, мен – бақыттымын. Сабағыңды беске оқисың, тілалғышсың. Сен маған Құдайдың бере салған үлкен сыйысың!” – деп ісін құптамағанға томпиып қалған баласын құшақтап, аймалап, жібіткен еді.
Телефон сылдыр ете қалды. Орнынан атып тұрған Сәруар өз аяғына өзі шалынып, құлап қала жаздады. Телефонның тұтқасын жұлқи тартып, құлағына тосты. “Алло”, – деді де, ар жағынан өзі күткен дауыс шықпаған соң, екпіні бәсеңдей берді. Хабарласып тұрған қайнысы Ораз екен. “Иә, Оқантай. Рахмет. Айтқаның келсін. Жоқ. Хабарласқан жоқ. Иә, бұл Кәрімсіз бірінші қарсы алып отырған 8-ші наурызым. Жоқ. Өзім жүре алмаспын. Абысынымды ертіп, кешке келіп қалыңдар. Жақсы, күтемін!” – деді де телефонның тұтқасын орнына қойды. Қайнысының дауысын естіп, Кәрімі есіне түсіп кетті ме иегі кемсеңдеп, сүйретіліп барып диванға отырды. Қабырғада ілініп тұрған суретте Кәрім күлімдеп өзіне қарап тұрғандай. “Сабырлық сақта!” – дейтін сияқты. Оның қасындағы суреттегі баласы, келіні және үш немересінің де жанарынан үлкен сүйіспеншілік сезіледі. Сағыныштан кеудесі қысып кеткендей болды.
Сәруардың ойын есік жақтан жеткен қоңыраудың шылдыры бөліп жіберді. “Ә, Ғанижамал көршім шығар. Есікті ашайын. Жалғыз отырғаннан гөрі сонымен әңгімелесіп, көңілімді тарқатайын”, – деп өз-өзімен сөйлей орнынан тұрды.
Ол жеткенше қоңырау үш рет шылдырлады. Құлыпты ашты да, есіктің көзінде тұрған адамның жүзіне қарамай, тез бұрылып кетті. Ондағысы жылағанымды байқамасын дегені болар. Екі-үш қадам жасап, төр бөлмеге кірер тұста артынан “әже” деген дауыс шықты. Өз құлағына өзі сенбеген Сәруар орнынан қозғала алмай, тұрып қалды. Бетін бұра бергені сол еді, өзін құшақтай алған Ерасылдың құшағына кіріп кетті. Тосын кездесуден әжесінің аузына сөз түсер емес. Көздерінен жас парлап, немересінің бетінен сүйе берді. “Сіз қуана ма десем, жылағаныңыз не?” – деп Ерасыл әжесінің екі жағынан ұстап, өзіне қаратты. “Қуаныштан ғой, құлыным, қуаныштан!” – деп немересінің кеудесіне басын қойып, жылауын тоқтатты. Құшақтап біраз тұрды да, басын жұлқи көтеріп: “Сен қайдан жүрсің. Оқуың қайда?” – деді. Әжесінің есін жинай бастағанын байқап, Ерасыл: “Бәрі қалтада”, – деп жымиды. Шыншыл, қылтың-сылтыңды ұнатпайтын әжесінің мінезін білетін Ерасыл: “Жарайды. Сосын айтамын ба деп едім. Сұрақтың астына алып, маған маза беретін түріңіз жоқ сияқты. Менің биыл соңғы курста екенімді білесіз. Бізде тәжірибеден өту айлығы басталды. Сол айлықты осы жақта өткізетін болдым. Ойым институтты бітірген соң, сіздің қасыңызға келу. Мұнда зауыт көп, қызыл дипломмен бітіріп жатқан инженерге жұмыс табылатын шығар, ә?! Қалай ойлайсыз?” – деп еркелей әжесіне қарады. Сәруар мына хабарға, тіпті, қуанып: “Құлыным. Жүрегім. Жаным!” – дегеннен басқа ештеңе айта алмады. “Бұл әке-шешемнің келісімімен жасалған шешім. Өзіңіз Алматыға көшкіңіз келмейді. Атамның қырық күндігі дедіңіз, енді жылы өтсін деп отырсыз. Одан кейін де сылтау табасыз. Қалай, келісесіз бе?” – деп әжесін құшақтай алды.
Сол сәтте телефон шылдыр ете қалды. “Бұл әкем болар. Оларға мен жеткенше хабарласпаңдар, тосын сый жасаймын деген едім. Енді хабарласып жатыр”, – деп әжесін телефонға қарай қолтықтай жөнелді…
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.