Бәрі де алақандағыдай көрініп тұратын біздің Қызылжардың өзім өкшелерін басқалы жүрген қарияларын, меніңше, шартты түрде екі топқа жатқызуға болады: біріншісі – дүниенің жауабын діннен табуға ден қойғандар, екіншісі – қарт немесе дойбы ойнауды ермек қылғандар. Осыларға қосылмайтын, саяси тілмен айтқанда, бейтарап ардагерлердің бірі – Қасым Жүнісов.
Осыдан жарты ғасыр бұрын облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімінің тізгінін қолына алған кездегі кейпі де көз алдымда: жиналыстарда төралқаның ең шетінен табылатын. Ал осыдан отыз жылдай бұрын зейнеткерлікке шығып еді, оған күнде таңертең қалалық Мәдениет және демалыс саябағында сәлем беретін болдым: асып-саспайтын дағдысымен керіліп-созылып жатқаны. Сақылдаған аязда да таңертеңгілік жаттығуын үзбеген оны былтыр да күнде көріп, табандылығына тәнті болғанымның белгісі ретінде бас иіп өткенім есімде.
Былтыр демекші, бір жолыққанымда: “Тоқсан жастың ауылы алыс па?”– деп сұрағаным бар. Ол әзіл-шыны аралас сауалыма кесімді жауап берді: “Хабар менен болсын”. Сөйткен Қасекең айтқанында тұрды: өткен мамыр айының орта тұсында өзі телефон шалып, маусымның 5-і күні тоқсан жасқа толатынын хабарлады. Мен де елп ете қалдым: ертеңіне кеңестік кезеңнің кіл бастықтары тұратын жым-жырт үйдің берекесіндей болып көрінетін Қасекеңмен қауышып, әңгімесіне құлағымды тостым…
Туған жылдары, айлары мен күндері аналарының айтуымен жазылған әке-шешелерімізден бұл кісі де аумайды екен: “Патша қайтқан жылғы аштықта туғансың, көпененің астында босанғам” деген анасының “бұлтартпас” фактісі бойынша дүние есігін ашқан күні 1924 жылғы 5 маусым болып белгіленеді. Әкесі Қожахмет қазіргі Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылының шұрайлы даласында байлардың жылқысын бағумен өмірін өткізген адам болыпты. Ол Қасымнан кейін тағы екі қызын көреді: бірі – Қаншайым, екіншісі – Қайынжамал деген.
Оның туғанда көрген аштығы ес біліп, етегін жапқанда көрген аштықпен салыстырғанда түк емес екен: отызыншы жылдардың басындағы жұт “Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан” асып түспесе, кем болған жоқ. Жұрттың жемегені болмапты: ертоқым да, жүген де, божыны да талғажау қылыпты. “Шөгеңкеде сақылдап қайнап, бартиған қайыс қыртыс майдан кем көрінбейтін”, – дейді Қасекең.
Ауыл тұрғындарының тең жартысы қырылып қалған соң шешесі үйдің бас көтерері болған Қасымды ертіп алып, ұжымшардың керегесін көтеріп жатқан Қиялы ауылын бетке алады. Екеуі сондағы асхананың маңында жүріп, аштықтан аман қалады. “Белгілі тұрағы жоқ кезбелерді көргенде сол кезеңім көз алдыма келе қалады”, – дейді қария. Ал Қиялыдан оралғанда екеуі де отбасының орнын сипап қалды: Қасымның әкесі қайтыс болыпты, екі қарындасы Полтавкадағы балалар үйіне жөнелтіліпті.
Балалар үйінің мекеніне айналуы мұның да маңдайына жазылған екен: анасы қатты сырқаттанып, төсекке таңылғаннан кейін Рублевка ауылында ашылған жетімханаға жолы түсті. “Қасымжан, сонда тәрбие де, білім де аласың”, – деп ақыл қосқан ауылдастарының болжамы ақиқатқа айналды: ол сонда мектеп табалдырығын да аттады. Жетімдіктің қыспағынан да құтылды: әкесінің інісі Жүніс іздеп келіп, Қасымды өз қолына алды. Сол үйде өскен Қасым өгей әкесінің жақсылығын қайтарды деуге болады: содан бері – тегі “Жүнісов” деп жазылып жүр. Бұл – бір. Екінші қайтарымы, тіпті, ерекше: өгей әкесін күту үшін 7-сыныпта оқып жүрген оқуын да доғарды.
1938 жылы бітік шыққан егінді 1941 жылға дейін жинаған аралағаштықтар Ұлы Отан соғысының басталғандығын шабындықтың басында естіді: мұны аупарткомның бірінші хатшысы Мұхамедияров хабарлаған еді. 500 гектар егінін жинайтын 2 комбайны, 5 ХТЗ тракторы бар “Төңкеріс” ұжымшарының колхозшысы ретінде Қасым сиыр жегіп, шөп те шапты, жер де жыртты. МТС-тен керосин тасымалдаудан тынбаған жанармай құюшы да болды.
Оның әскер қатарына шақырылуы да басқашалау болды: Ташкент пулемет училищесіне жолдама алды. Сібірлетіп, Өскемендетіп бір апта жүріп барса, училище Ташкентте емес, Шыршықта екен. Одан Термезге көшірілген училищеде ол 1943 жылдың жазына дейін оқыды. Станогының өзі ғана екі пұттық “Максимді” иығына салып алып, 6-7 шақырым жердегі ату орнына аптасына екі рет барып келгенде Термездің шыжып тұрған аптабына шыдаған Қасым көзге түспей қалмады: ол пулемет взводтарының болашақ 30-40 командирінің бірі ретінде таңдалды. Көзге түскен осы 30-40 сарбаз тамұққа түскендей болды: қарша бораған оқтары жаныңды қоярға жер таптырмаған Курск иінінде кескілескен шайқасқа кірді де кетті. Адамның қаны суша аққан майдан. Жаудың тізілген 15 ұшағы ерсілі-қарсылы екі рет бомбалап өткенде қыбырлаған қарсыластарын тып-типыл қылғандай әсер қалдырады. Оның үстіне “Тигр” деген танктері алдырмады: қалыңдығы 12 сантиметр құрышына “Максимнің” оғы өтпейді. Қаншама адамның індет тигендей жусап қалғаны да содан. Отарды бастаған ақ серке сияқты бәрінің алдында жүретін пулеметшілер де баудай түсіп жатты: бір “Максимнің” төрт кісісі бір күннің ішінде үш-төрт рет жаңаруға мәжбүр болады. Бір минутта бір миллион оқты бүрке салатын “Максимімен” ентелеген Қасымды Құдай қақты, әйтеуір: біржарым ай бойы құлақ тұндырған қанды қырғында ол аман қалды.
“Цитадель” жоспары бойынша Курск иініне тоғысқан біржарым миллиондай кеңес жауынгерлерін жоя алмай, бастары тасқа тигендей болған немістерге лап бергені де есінде: 23 шілде күні Воронеж майданының қалың қолы да қарсы шабуылға шықты. Нәтижесінде Чугуев қаласы азат етілді, одан кейін – Харьков. Рас, Харьков қиынға түсіпті: бір апта бойы туталақайы шыққан қала қолдан-қолға өтіп, қыркүйекте ғана қызыл туды қайтадан желбіретеді.
– Күз жаңбырдан көз аштырмағанына қарамастан, пулеметімізді сүйретіп жүріп, жауды шегіндірумен болдық, – дейді Қасекең. Ол азат етуге қатысқан Украинаның қалалары аз емес: Полтава, Кременчуг, Пятихатка, сосын Кировоградқа ентелегені есінде…
Айтпақшы, түнде жаман түс көрген болатын: ауруханада екі аяғын кесіп тастаған екен. Бұл түсін егде тартқан қосшысы жорыды: бүгін жараланасың, депті ол.
Қосшының айтқаны айдай келеді: 1944 жылғы 4 ақпанда Кировоград түбінде екінші шепте алға ұмтылған Қасекеңнің взводы танкілерге тап болып, екі атқанда аман қалған олар үшінші снарядтің жарылғанын ғана естіді…
– Көзімді ашсам, оңбай жараланыппын: қолым жансыз, екі аяғым да қимылдамайды, – деп еске алады ол. – Пимам қанға толып тұрғанын сезгеннен кейін қалтамдағы кездемемен екі санымды будым. Одан кейін тағы да есімнен танып қалсам керек, содан көзімді ашсам, түс болыпты. Дөңде жатқан мен ойға қарай домалап, окопқа топ ете түстім. Шетінен мәйіт болған қаруластарымның біреуінің шинелін жамылып, белімдегі немістің пистолетін көкке атып, белгі беруге тырыстым. Тағы да талықсып кетіп, содан көзімді ашсам: жұлдыздар жымың-жымың етеді. Тағы да оғымды аспанға аттым…
Ол содан соң көзін ашқанында әскери шатырдағы операция жасайтын үстелдің үстінде тыр жалаңаш жатыр еді. Саны мен балтырының етін кескілеп, снарядтің уыс-уыс жарықшақтарын алыпты. Ажалы жоқ Қасекеңді олар госпитальға жөнелтті.
Десе дегендей, оның көрер жарығы бар екен: ұрыс даласында жан тапсырғандарды жерлейтін ротаның командирі, рас, үйреншікті әдетімен теңкиіп жатқан Қасекеңді де өлгендердің арасына қоса салыпты. Кезінде Қасекеңнің бір пулеметшісі болған оның санитарларының бірі өліктерді қарап жүріп, айғай салыпты: “Мынау біздің лейтенант қой!” – деп. Үңіліп қараса: лейтенант тірі! Мұны медсанбатқа жеткізген солар екен.
Жеңіл-желпі жаралы жауынгерлерді Шығысқа жөнелту жөніндегі бұйрық бойынша екі-үш апта емделгеннен кейін ол бір ай жүріп, Читаға жетті. Онда бірнеше ай ем алған соң Даурияда шекарашылар взводының командирі болды.
Гитлерлік Германияның басына түскенді Жапония да көрді: 8 тамызда таңғы сағат 4-те кеңес жауынгерлері оны үш майданның күшімен үш жақтан қысты. Квантун әскері күтпеген екен: мамық төсекте жатқан олар оп-оңай оққа ұшады. Мұздай қаруланған жапондықтар жайбарақаттықтың кесірінен күйрей жеңілді, дейді Қасекең. Желтоқсан айына дейін соғысқан олар Харбинді азат етіп, Даурияға оралады.
1947 жылдың көктемінде елге оралған Қасекең өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны – Петропавл мұғалімдер институтына әрең түсті. 7-сыныпты да бітірмеген жеңімпаз ел құрметінің арқасында қабылданды. Оны үздік бағамен бітірді, бірақ дипломсыз қалды: орта білімнен ада екендігі әшкереленді. Ақыл қосқандардың: “Мұғалімдер училищесіне түсіңдер”, – дегені де орындалды: майданнан оралған төрт жігіт орта білімнің орнын толтырды.
Қасекең еңбек жолын қазіргі Есіл ауданындағы Ильинка мектебінде мұғалім болып бастады. Оның мансабының өсуіне екі-үш ай ғана жеткілікті болды: қарашада Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының қызметкері болды. Сонда бес жыл еңбек етті.
Бюросына түссең: “Төбеге қара! Қайда отырғаныңды білесің бе?” деп “бұйралап” алатын қалалық және облыстық партия комитеттеріне ол отыз жыл саналы ғұмырын арнады. Жер қозғалса, қозғалмайтын Қасекең Алматыдағы партия мектебінде оқып, табандылық таныта білді: 120 сом стипендиясының қақ жартысын төрт баласын өсірген зайыбына жіберуден жаңылмаса да, үздік бағамен бітіруге қол жеткізді. Соңғы 20 жылда облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімін басқарған ол төралқаның ең шетінде отырғанымен, талай істі тындырыпты. Бұл ретте мына фактілерді тізбелеп шықты: 150 кеңшарға – 150 мектеп, 11 аудан орталығына – ауруханалар, 10 техникум, 24 кәсіптік-техникалық училище салынған. Солардың ішінде талайы, әсіресе, бірқатар мектептер жақсы көрсеткіштерімен көзге түсті: Чистов, Николаевка, Бұлақ, Мамлютка, Сергеевка, Приишимка және облыс орталығының он шақты оқу орны. Ұшқан ұясы – пединститут құлашын кең жая түсті: тұтас бір қалашыққа айналғандай. “Жетпісінші жылдары Целиноград, Қарағанды медицина және Шымкент стоматология институттарының қабылдау комиссиялары бізде жұмыс істеді. Сондықтан облыста дәрігерлер жеткілікті болды”, – дейді Қасекең.
Маң-маң басып жүретін Қасекең сырт көзге қарнын сипап, жата бергенді жақсы көретін кісі болып көрінуі мүмкін, бірақ бәрі де керісінше: оның серігі – спорт. Үйіндегі жаттығу құрылғылары қырық жылдан бері бар. Және де Қасекең неміс сияқты дәлдікті ұнатады: үш мезгіл тамағы, жаттығу жасауы – бәрі де кестеден ауытқымайды. Атқан әр таңын қалалық саябақта қарсы алатындығын күнде көріп жүрміз: ол Куйбышев ескерткішінің жанында жаттығу жасап жатады.
Екі соғыста да ерлік көрсеткен Қасекеңнің кәрілікке бой бермеуін қаһармандыққа балауға әбден болады, меніңше. Осынау еңбектегі ерліктің нәтижесін неге айтпасқа: зейнеткерлікке шыққан 28 жылдан бері облыстық ардагерлер кеңесінің, оның тұрақты комиссиясының мүшесі болып жүрсе, 24 жылдан бері “Ветеран” клубын басқарып жүрсе?! Ең қуаныштысы сол – өткен айда Ұлы Жеңістің 69 жылдығы тойланғанда таяғын тық-тық еткізген Қасекең соның жуан ортасында болып, кеудесін кере қуанғаны-ай!..
Енді, міне, тоқсан деген таудың басында тұр. Аштықтан аман қалған, қанды қырғында да Құдай қаққан оның өңі түгіл, түсіне де кірмеген бұл тау мұншама алыс болар ма: бала кезінде, жас кезінде өлмеу үшін жанталасып, бейбіт майданда білім қуып, билік қуып, ал зейнеткерлікке шыққан соң кәріліктен жеңілмеу үшін күресіп, ұзақ жүргені-ай!.. Ал пенделік пейілдің дүрбісімен қараса, керісінше де сияқты: жолдың ұшындағы тоқсанға тез жеткеніне аң-таң.
Айтпақшы, бәйбішесі Иранбағы екеуі төрт перзентін, төрт немересін, үш шөбересін жылдың он бір айына балап, әрқайсысын ардақ тұтады, аңсап қауышады…
Болат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.