«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тыйылмай отырған тойлар

  

Әлемді үрей құшағында ұстаған биылғы пандемияның салқыны біздің елімізді айналып өткен жоқ. Алайда салдары ауыр соққан індеттен облыс орталығындағы мейрамханалардың иелері сабақ алмаған секілді. Ақша табуды ғана мақсат тұтқан олар оның салдары қандай болатынына бас қатырып жатпайды.

     Петропавлдағы «Эмират» және «Созвездие» мейрамханаларында жасырын той өткізілгені туралы ақпарат расталып отыр. Екеуінде де өткен тойға 100-ден астам адам жиналған, бұл карантиндік шектеу шараларын бұзу болып табылады. Қазіргі уақытта облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен адамдар көп жиналатын кез-келген салтанатты іс-шараларды өткізуге тыйым салынған. Тойдың үстінен түскен учаскелік полиция инспекторлары қолданыстағы заңнаманың тиісті бабы бойынша материалдар жинақтап, мекеме иелері мен тапсырыс берушілерге қатысты әкімшілік шаралар қолдану үшін облыстық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне тапсырды. «Мұндай тойларды ұйымдастырушылар айыппұл төлеуді ғана емес, жауапкершілікті де түсінулері тиіс. Біз іс-шараларды тоқтатуға міндеттіміз. Ең бастысы, сол жерде жұмыс істейтін адамдарға және тойға келген қонақтардың денсаулығына толығымен жауап беруі қажет», – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Сондай-ақ, демалыс күндері Петропавлда түнгі сағат 12-ден кейін екі сауна жұмыс істегені анықталды. Тиісті орындар қыркүйек айында облыс аумағында 99 карантиндік бұзушылық анықтады. Олардың әрқайсысы бойынша тиісті шешім қабылданатын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp