Өткен демалыс күндері мониторинг топтары карантин талаптарын бұзудың 34 дерегін анықтады. Мониторинг топтары Петропавл қаласының маңындағы демалыс орындарын тексерді. Соның нәтижесінде, жүргізіліп жатқан түсіндіру шараларына және ескертулерге қарамастан кейбір тұрғындар тойлардан әлі де болса бас тартпаған.
Құрамында жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері, прокуратура өкілдері мен санитарлық дәрігерлер болған мониторингтік топ «Березовая роща» демалыс орнына келгенде, ондағы барлық үйлерде демалушылар болған. Қала тұрғындары карантин режімін бұзып, туыстарымен және жолдастарымен бірге туған күндерін тойлаған. Аталған фактілер бойынша кешен иелеріне де, той өткізушілерге де әкімшілік материалдар толтырылды. Сондай-ақ, демалыс күндері карантиндік шараларды бұзып, жұмыс істеген «Огни Каспия» дәмханасының иесі де әкімшілік жазаға тартылады.
Демалыс күндері шектеу шараларының күшейтілген. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес көңіл көтеру мекемелерінің жұмысына тыйым салынған. Қоғамдық тамақтандыру нысандары сенбі-жексенбі күндері өнімдерін жеткізу арқылы ғана жұмыстарын жүргізе алады.