«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛГЕ ЖҮЙРІК ТӘЛІМГЕР

Дана халқымызда «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген нақыл сөз бар. Бүгінде көп тіл білу – заман талабы. Уақыт көшінен қалмай, біліктілігін арттырып, білімін жетілдірген Анна Ваховская сынды бәсекеге қабілетті жастардың болашағынан зор үміт күтуге болады.

Анна Ваховская – Тайынша ау­данының тумасы. Вишневка сын­ды қазағы аз ауылда дүниеге кел­генімен, мемлекеттік тілді мектеп­те оқып жүргенде-ақ үйреніп ал­ған. Поляк қызының ұлы ақын Абай Құнанбаев, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов сөйлеген көркем де бай, дана тілді үйренуге деген құлшынысына ештеңе кедергі бол­мады. Білмекке ұмтылған табан­ды­лығы мен зеректігінің арқа­сын­да Анна қазір қазақ тілінде еркін сөйлейді. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген жас маман өзінің біл­генін өзгелерге үйретуде.

– Қазір мен өзім сияқты өзге этнос өкілдерінің балаларына қа­зақ тілі мен әдебиеті пәндерінен са­бақ беремін. Құлшыныс пен ын­та болса, кез келген тілді үйреніп алуға болады. Мектепте оқығанда менің қабілетімді байқап, зейінімді ашқан ұстазым Гүлзада Құсайы­новаға алғысым шексіз. Ағылшын тіліне де құштарлығым ерекше бол­ды. Бірақ қазақ тілі жүрегіме жа­қын. Сондықтан орта мектепті та­мамдаған соң Л.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық универси­тетіне оқуға түстім, – дейді Анна Ваховская.

Еліміздегі алдыңғы қатарлы жо­ғары оқу орындарының бірін үз­дік аяқтап, филолог маман ре­тінде ең­бек әліппесін өзі білім алған мек­теп­тен бастауды жөн көрген. “Ұс­тазы жақсының – ұстамы жақсы” дегендей, бүгінде білікті маман бұрынғы мұғалімдерімен әріптес ретінде қоян-қолтық жұмыс істеп жүр. Аннаның өзіне қоятын тала­бы таудай. Биыл М.Қозыбаев атын­дағы СҚУ-дің ағылшын тілі ма­мандығын тамамдаған. Қос дип­ломы бар ұстаз қазір Тайынша ау­данындағы Зеленый Гай орта мек­тебінде қазақ, ағылшын тілі пән­де­рінен оқушыларға сабақ береді. Ойлаған мақсатына қол жеткізген жас маман адам үшін алынбас асу, бұзылмас қамал жоқ екенін айтады. Арманға ұмтылу үшін әрекет ету де маңызды.

Ұстаз деген ұлағатты есімге ла­йық болуды алдына мақсат еткен мұғалім ұжымның сенімін ақтауға барынша тырысуда. Педагогика­лық шеберлігін шыңдап, біліктілі­гін арттыруды да естен шығарған емес. Облыстық, республикалық деңгейде өтетін шаралардан қал­мауға тырысады. Нәтиже де жоқ емес. Жастар арасында өткізілген “Тілдарын – 2019” байқауында же­ңіске жеткен ұстаз мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға қосқан үле­сі үшін де түрлі деңгейдегі ма­рапаттарға ие болуда. Бұл тек бас­тамасы ғана.

Қазақ, орыс, ағылшын, поляк тіл­дерінде еркін сөйлейтін Анна – ардақты жар, аяулы ана. Бола­шақ­та балаларының да қазақ ті­лін­де білім алғанын қалайды. Оқу­шыларының да сенімді ақтап, жо­ғары жетістіктерге қол жеткізгенін армандайды. Оның айтуынша, қа­зір өзге этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшыныс зор. “Бірнеше тіл білу мақтан емес. Әркім өзі үшін үй­ре­не­ді. Бірақ Қазақстанда тұрып, осы жерде өсіп-өнген әрбір адам мемлекеттік тілді білуге міндетті”, – дейді ол.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp