«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТІЛШІЛЕР СЫНҒА ТҮСТІ

Өткен демалыс күндері БАҚ қызметкерлері арасында XXIX облыстық спартакиада өтті. Өздерінің төл мерекелеріне орай ұйымдастырылған спорттық шараға жүзден астам өңір тілшілері қатысты. Олардың арасында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері, республикалық басылымдар мен телеарналардың меншікті тілшілері, облыстық Ішкі саясат басқармасының мамандары мен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Журналистика” мамандығының студенттері де болды. 

Әр мекеме шамасы келгенше журналистерін бәйгеге қосса, жұмыстың қауырттығына қарамастан, сайысқа түскен ақпарат майданының сарбаздары жеңіске жетуге тырысып бақты. Ал, аудандық газеттер мен облыстық “Северный Казахстан” газетінің ұжымдары “Аудандық газеттер” атауымен сайысқа түсті. Сонымен, спартакиада да тілшілер шағын футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шахмат және волейбол ойындарынан жарысты.

Бақ пен бап таластырған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің спартакиадасының қорытындысына келсек, жеңіл атлетикада жалпыкомандалық есепте “Қазақстан-Петропавл” телеарнасының командасы жеңімпаз атанса, “Аудандық газеттер” құрамасы – екінші, ал “1 Северный” телеарнасы үшінші болды. Жекелей есепте 60 метрге жүгірген қыздар мен ерлер арасында Екатерина Белоусова (10,02 сек., “Қазақстан-Петропавл”) мен Иван Вагнер (“Аудандық газеттер”) алдына жан салмады. Қыздар арасында ұзындыққа секіруде муниципалдық телеарнаның тілшісі Ольга Загоруйко (1,85 м.) үздік болса, ерлер арасында “Аудандық газеттер” құрамасының өкілі Максим Семаш (2,66 м.) топ жарды.

Волейбол ойынында бірінші орынға ие болған “Аудандық газеттер” құрама командасы қарсыластарының барлығынан басым болып, жеңістің биік тұғырына көтерілді. “Қазақстан-Петропавл” телеарнасы мен меншікті тілшілер екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

Үстел теннисінен Қуанар Абдрахманов (“1 Северный”) пен Әйгерім Құсайынова (“Қазақстан-Петропавл”) өзгелерге дес бермесе, бұл сайыста біздің газеттің тілшісі Гүлгүл Төлешева екінші орынға лайық деп танылды. Шахмат сайысында “Қазақстан-Петропавл” телеарнасы мен “Аудандық газеттер” құрамасының өкілдері Дмитрий Патошкин мен Сабина Оспанова үздік болса, тоғызқұмалақта М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері Сәлімхан Сәбитов және Бибігүл Құсайынова жеңімпаз атанды.

Жарыс барысында қатысушылар мен көрермендердің қызығушылығын оятқан шағын футболда “Аудандық газеттер” құрамасы жеңімпаз атанды. Бұл сайыста “1 Северный” екінші болса, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенттері үшінші орыннан көріне білді.

Журналистердің арасында ұйымдастырылған спартакиаданың қорытындысы бойынша жалпы есепте 107 ұпайға қол жеткізген “Қазақстан-Петропавл” құрамасы жеңіске жетті. Екінші орыннан 105 ұпайы бар “Аудандық газеттер” спортшылары көрінсе, 97 ұпаймен “1 Северный” телеарнасы үшінші орынды місе тұтты.

Үздік үштік орындарды еншілеген командаларға спартакиадаға демеушілік жасаған “Алина” сұлулық салондарын жабдықтау орталығы мен “Қазмикрофинанс” микрокредиттік ұйымы тиісінше, 80, 60 және 40 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыстады. Сондай-ақ, жекелей сында жеңімпаз атанған сайыскерлер де медальдармен және грамоталармен марапатталды.

Қанат АТАМАНОВ,

 “Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp