
Оқушылар сарайында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл – руханият тірегі» атты шара өтті. Түрлі этнос өкілдерінің белсенді жастарымен өткен кездесуде тілдерді дамытуға, мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға үлес қосқан азаматтар марапатталды.
Шарада облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Жамантаев еліміздегі мемлекеттік тіл саясатына тоқталып, тіл үйренуде белсенділік танытқан жастарға ризашылығын жеткізді.
– «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің бастысы – тіл» деп халқына ұлағатты сөз қалдырған Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың туған күні аясында өткізілген тілдер мерекесінің маңызы ерекше. Қазақ тілі – Абай, Мағжан сөйлеген дана тіл. Тәуелсіздіктің тарихында мемлекеттік тіл Қазақстан халқын саяси-мәдени бірлікке ұйыстырудың басты факторына айналды. Ынтымақ-бірлікті бағалай білген жерлестеріміздің, әсіресе жастардың қазақ тілін үйренуге ынтасы жоғары. Тағдырын қазақ тілімен байланыстырған ұрпақ үшін әрқашан жол ашық, – дей келе Нұрлан Досбайұлы елімізде орын алған қиын жағдайға қарамастан мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған шаралар жоспарлы түрле жалғасын тауып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, ол биыл поэзия пайғамбары Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аясында ұлы ақынның ғибратқа толы мұрасы арқылы өскелең ұрпақты тәрбиелеу бағытында бірталай жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті.
Шарада Ақжар аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Берік Здуәлиев, Қызылжар ауданына қарасты Вагулин ауылдық округінің әкімі Людмила Терехова, Мамлют аудандық мәслихатының іс жүргізу және кадр мәселелері жөніндегі бас маманы Арайлым Менжесарова облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталса, бірқатары Алғыс хаттарға ие болды. Ал Орал Жанатов, Анна Ваховская, Әсемгүл Айсина сынды тіл жанашырлары Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасын алды.

Жиында ұлт мүддесі мен тілдерді дамытуға үлес қосып жүрген белсенді жастар сөз алып, өздерінің жетістіктерімен бөлісті. Шығармашыл жастардың арасында Самрат Құскенов, Карина Мелихова, Анна Ваховскаяны ерекше атап өткен жөн. Жүректі тебірентер жылы сөздерден жастардың қазақ тіліне деген құрметі ерекше екенін аңғардық.