
Кеше облыс әкімі Ерік Сұлтанов шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бір топ солтүстікқазақстандық қыз-келіншектермен кездесіп, нәзік жандарға жүрекжарды лебізін білдірді.
– Көктемнің шуақты мерекесінде кездесуге келген сіздердің әрқайсыларыңыз өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына атсалысудасыздар. Біздің оған ризашылығымыз шексіз. Бұл ең тамаша, жарқын мерекелердің бірі болып саналады. Сіздер отбасының ғана емес, еліміздің ұйытқысы, береке мен бірліктің бастауы болып саналасыздар. Жауапкершілік, еңбекқорлық, іскерлік, ұйымшылдық сияқты адамгершілік асыл қасиеттеріңізбен сіздердің қоғамда алатын орындарыңыз ерекше. Елбасымыз да әйел-аналардың қоғамдағы орнын жоғары қойып, әрқашан сіздердің еңбектеріңізге жоғары бағасын беріп отырады.
Уақыт көз ілеспес жылдамдықпен жүйткіп, жылдар жылыстап өтсе де, нәзік жандардың отбасына деген қамқорлығы, мейірімі еш өзгеріссіз болмақ. Әрқашан жақындарыңызды жан жылуына бөлеп, отбасында бақытты ғұмыр кешсеңіздер екен дейміз. Ойлаған армандарыңыз орындалып, балаларыңыз сіздерді тек қана қызықтарымен қуантсын. Өмірлеріңіз мәнді де сәнді болып, отбасында тек қызық-қуаныш орнауына әрқашан тілектеспін, – деді Ерік Хамзаұлы.
Кездесуге келген нәзік жандардың арасында әртүрлі сала өкілдері бар. Олардың барлығы қандай салада жұмыс істесе де, өз кәсіптерінің арқасында көпке үлгі боларлық қыз-келіншектер екенін баса айтып өткен жөн. Айналасына күн нұрындай сәуле шашқан нәзік жандар облыс әкімімен емен-жарқын әңгіме құрып, өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Алғашқылардың бірі болып сөз алған көпбалалы ана Дәния Есқаққызы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға өзінің шынайы ризашылығын білдіріп, бүгінгі қоғамда ана мен баланың жайлы өмір сүруіне баса назар аударылып жатқанын тілге тиек етті. Бес баланың анасы ретінде әр шаңырақта сәбидің шат күлкісі сыңғырлап, барлық бала бақытты болса екен деп ақ тілеуін жеткізді.
Шуақты мерекеде көңілдері нұрға, құшақтары гүлге толған қыз-келіншектердің құрметіне ақ дастарқан жайылып, ән-жырдан шашу шашылды. Бұл күні көктемнің гүліндей құлпырған нәзік жандар ерекше көтеріңкі көңіл-күйге бөленді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.