Былтыр облыс бойынша полиция органдарына 4464 арыз келіп түскен. Әсіресе, жұмысқа орналасу және әлеуметтік салаға қатысты сұрақтар көбейген. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 578 адам полиция департаменті басшылығының жеке қабылдауында болды. Оның 380-ін департамент бастығы Марат Төлебаев, қалғандарын орынбасарлары қабылдады. Сонымен қатар облыстың бас полицейі “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында 6 рет қабылдау өткізіп, 25 адамның өтінішін тыңдады. Қабылдауға келушілердің көбі полиция полковнигіне тергеу, анықтау бөлімдерінің және жергілікті полиция қызметінің жұмысына қатысты жүгінген.
Қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің басшылары да апта сайын азаматтарды қабылдайды. 2019 жылы Мағжан Жұмабаев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың, Петропавл қалалық полиция басқармасының басшылары тұрғындармен жиі кездескен.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев ауыл тұрғындарымен 18 есепті кездесу өткізіп, 50-ден астам адамды қабылдады.
Бұған қоса департамент бастығының блогы жұмыс істейді, ресми портал арқылы сұрақтар қабылданады. Онда бір жыл ішінде 30-дан астам хат келіп түсті. Сонымен қатар былтырғы жылдың 1 маусымынан бастап “Facebook” әлеуметтік желісінде облыстың бас полицейінің жеке аккаунты ашылып, ол үнемі жаңартылып отырады.
2020 жылдың бірінші тоқсанында азаматтарды қабылдау кестесі ведомствоның порталында жарияланған. Марат Төлебаев азаматтарды апта сайын сәрсенбі күні қабылдайды. Департамент бастығының кезекті көшпелі қабылдауы 29 қаңтарға жоспарланған. Бұл күні полиция полковнигі Петропавлдағы №25 орта мектепте азаматтарды қабылдайды. Шағын ауданның тұрғындары ішкі істер органдарына қатысты сұрақтарын қоя алады.