«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТӘУЕЛСІЗДІК — БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҚ”

Рамазан ҚАНЖІГІТОВ,

Мамлют аудандық “Ықылас” мешітінің бас имамы:

– Азаттықпен бірге дініміз, тіліміз, ұлттық құндылықтарымыз ортамызға оралды. Тәуелсіздік алғанға дейін елімізде Алланың жердегі үйі – мешіттердің саны 200-ге жетпейтін. Ал бүгінгі күні ғибадат орындарының саны екі мыңнан асады. Осылайша егемендік біздің тілімізге теңдік берді, дініміз қайта қанат жайды.

Тәуелсіз елімізде қазақ халқынан бөлек түрлі этнос өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Мамлют ауданында да неміс, орыс, татар, украин этностары өмір сүруде. Қазақ халқы “Байлық – байлық емес, бірлік – байлық”, – дейді. Яғни, біз үшін елдің тұтастығы мен бірлігінен, татулығы мен тыныштығынан артық қазына болған емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін де ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін жәбірлемей, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. “Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар, ең басты байлығымыз, ел бірлігі болуы керек” екенін Елбасы да орайы келгенде атап көрсетеді. Біз еліміздің татулығы басты құндылық екенін мектеп, колледж оқушыларымен кездескенде үнемі естеріне салып отырамыз. Сондықтан бабалардың өсиетін өскелең ұрпақтың жадына сіңіруге имамдар да қолдарынан келгенше үлес қосып жүр.

Еркін КӨЖЕКОВ,

“Мәмбетов және К” КС-нің бас инженері:

– Біздің серіктестіктің 19 мың гектар жері, алты жүзден астам асылтұқымды малы бар. Меңгесер ауылында өз жұмысшыларымызға арнап жыл сайын жаңа үйлер тұрғызамыз. Серіктестік 200-ден астам адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, Меңгесер ауылының тұрғындарымен бірге бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, қара жердің қасиетін түсініп, еңбек етіп жатырмыз. Менің айтайын дегенім, біздің жеріміздің үсті де, асты да тұнған байлық. Егер бүгінгідей азат ел болмағанда өз байлығымыз өз қолымызға тиер ме еді?

“Жері жоқ ел мемлекет құра алмайды, жері жоқ ел өмір сүре алмайды”, – деген екен Мөңке би. Ендеше, ұлан-байтақ, ұшы-қиыры жоқ жерімізді аманат еткен ата-бабаларымызға мың алғыс. Кейбіреулер тәуелсіздіктің парқын түсіне бермейді, қаншама ұлттар азаттыққа қол жеткізе алмай етегі жасқа толуда. Қаншама мемлекеттер соғыстан көз аша алмай, бейбіт өмір іздеп, сенделіп жүр. Сондықтан тәуелсіздік біз үшін Алланың үлкен сыйы. Елбасының ерен еңбегінің арқасында өміріміз бен өңіріміз гүлденіп, тыныштықтың бесігінде тербеліп отырмыз.

Дайындаған

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp