Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында елімізде әлеуметтік, жұмыссыздық, тұрғын үй құрылысы, жол жөндеу мәселелері тиімді шешілуде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты кезекті Жолдауында және “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында ауылды дамыту жөніндегі тапсырмаларын және өзге де бағдарламалық құжаттарда қойылған міндеттерді орындау жөнінде нақты іс-шаралар белгілеген болатын. Бұл жұмыс Амандық ауылдық округінде де ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Округ құрамына Амандық, Ильичевка, Жаңадәуір және Аймақ ауылдары кіреді. Біздің елді мекендердің тұрғындары өте белсенді, барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өз отбасы мен ауылдың әлеуетін арттыруға атсалысуда. Осы орайда ауылдық округтің әкімі ретінде мен төрт елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне, 1700 тұрғынның тыныс-тіршілігіне жауаптымын. Елімізде ауылдағы қарапайым халықтың әлеуметтік әлеуетін жақсартуға бағытталған түрлі бағдарламалар қолға алынуда.
Ел экономикасының басты салаларының бірі – ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылуда. Бүгінгі күні округте мал және құс өсірумен айналысып жатқандар аз емес. Ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсініп, өз кәсібін дамыту үшін несие алушылар қатары көбейіп келеді. Көрсетіліп отырған мол мүмкіндікті пайдаланған тұрғындар ауылдың дамуына өзіндік үлестерін қосуда.
Дәнді және бұршақты дақылдар өсіруде өзіндік үлес жоғары. Жем-азықтық және майлы дақылдардан басқа, тамшылатып суару әдісімен картоп пен көкөніс өсіріледі. Бүгінде округте ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, ел экономикасына елеулі үлес қосып отырған әртүрлі сала бойынша маманданған бес жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен бес шаруа-фермерлік қожалығы және үш астық сақтау орны жұмыс істейді.
Атап айтқанда, “Бесқарағай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 120 тұрғын еңбек етеді. Мал шаруашылығымен айналысатын “КМК – 2014” ЖШС-де 230 ірі қара мал бар. Ал “Байжол – 2004” ЖШС-і суармалы 15 гектар жерге картоп және басқа да көкөніс түрлерін отырғызып, ойдағыдай өнім алуда.
Адал еңбегімен ырысын арттырып отырған ауыл тұрғындарының да ауданның әлеуетін жақсартуға қосар үлесі зор. Үкіметке қол жайып қарап отырмай, қосалқы шаруашылықтарында мал, қой-ешкі, көкөніс өсіріп, артылғанын сатып, пайда тауып жүргендер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Ауыл тұрғындары қосалқы шаруашылықта 1676 ірі қара, 5134 қой-ешкі, 996 жылқы, 510 шошқа өсіріп отыр.
Тайынша – облыстағы өнеркәсібі алға басқан алдыңғы қатардағы ауданның бірі. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай Ильичевка ауылындағы “Тайынша-май” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің майлы дақылдарды өңдейтiн жаңа кәсiпорны іске қосылды. Алпыс жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беріп отырған жоба Индустрияландыру картасы шеңберінде Қытай Халық Республикасының инвесторларымен бірге іске асты. Аз уақыт ішінде бой көтерген зауытта елді мекендердің тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылғаны қуантады. Бұл жерде жылына 300 мың тоннаға дейiн рапс майын өндiретiн болса, алдағы уақытта ет, астық, бал, сүт өңдеу қолға алынбақ. Нәтижесінде жұмыс орындары ашылып, өңір экономикасына салық төленіп, бюджетке кіріс түседі.
Ильичевка ауылындағы “Ильичевка-Астық” серіктестігі 2012 жылдан бері май өнімдерін өңдеумен және астық сақтаумен айналысады. Бүгінде серіктестіктің қоймаларында 43 мың тонна өнім бар. Алпыс адам тұрақты жұмыспен қамтылған, олардың әрқайсысы 80 мың теңге жалақы алады. Сондай-ақ, нысан аумағында қонақүй кешені, 50 орынға шақталған асхана бар.
Үстіміздегі жылы серіктестік астық қабылдау қосынының қуатын 43 мың тоннаға дейін жеткізді. Жалпы 570 млн. теңгеге инвестициялар құйылды. Аталмыш серіктестік сүтті ірі қара өсіруге де мамандандырылған. Мұнда табынды сауықтыру, оның өнімділігін көтеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы гольштино тұқымының әрбір сиырынан орташа есеппен 7800 килограмм сүт сауылды.
Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. “Өрлеу” мемлекеттік бағдарламасы аясында Амандық ауылының бір отбасы мүшелері алты ай білімдерін жетілдіріп, үй шаруашылығы құрылымдарын сатып алды. Оларға бағдарлама аясында жарты миллион теңгенің көмегі көрсетілді.
Сондай-ақ, ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында “Есдаулетов” пен “Кабышева” жеке кәсіпкерліктеріне 2 млн. 900 мың теңгенің екі несиесі беріліп, ісін кеңейтуге мүмкіндік жасалды.
Бүгінгі таңда көптеген ауылдардың сақталуына тірек болып отырған білім беру ұйымдары да жұмыстарын жетілдіруде. Білім беру және спорт саласына қолдау көрсетіліп отырғандығын ерекше мақтанышпен айта аламыз. Үстіміздегі жылы бюджеттен бөлінген 22 млн. теңге қаражатқа Ильичевка орта мектебінің шатыры жөнделіп, есік-терезелері ауыстырылды. Бас мердігер “Алтын Тау НЧ” серіктестігі 13 жұмыс орнын ашты. Ал демеушілік қаржыға Ильичевкада хоккей қорапшасы, Аймақ ауылында балалардың ойын алаңы мен хоккей қорапшасы, Амандық елді мекенінде ойын алаңы пайдалануға берілді. Бұл жұмыстарға қолы ашық азаматтарымыздың 3,7 млн. теңге қаржысы тартылды.
Әлеуметтік қамқорлықты қажет ететін санаттағы тұрғындар үнемі мемлекетіміздің назарында екені баршамызға белгілі. Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында жергілікті шаруашылық басшылары тарапынан көмек көрсетілді. Мәселен, округте тұратын жалғызбасты зейнеткерлерге 17 тонна шөп, 13 текше метр отын және 6 тонна көмір сатып алынды. Азық-түлік пакеттері таратылды. Көмек көрсету әлі де жалғасын табатын болады.
Елді мекендерді көркейту және көгалдандыру мақсатында ауылдық округте бірқатар жұмыс атқарылды. Ұлы Жеңіс мейрамы қарсаңында арнайы сенбіліктер ұйымдастырылып, ескерткіш маңайы тазартылды. Абаттандыру және санитарлық жұмыстарға серіктестіктердің, шаруа қожалықтарының басшылары барынша техника жұмылдырып, белсенді атсалысты. Нәтижесінде “Жасыл ел” бағдарламасы аясында 200 түп ағаш пен көшет отырғызылып, 2015-2016 жылдары аралығында жарты миллион теңге қаражатқа ауылішілік жолдар жөнделді. Амандық орта мектебіне 250 мың теңгеге жаңа линолеум сатып алынып, қоршауы жаңартылса, Аймақ ауылындағы фельдшерлік-акушерлік қосынға 70 мың теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың арқасында округіміздің ауылдары қайта гүлденуде, тұрғындардың тұрмысы жақсаруда. Ал біз ел игілігі жолындағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыра беретін боламыз.
Сембі МҰҚАНШӘРІПОВ,
Амандық ауылдық
округінің әкімі.
Тайынша ауданы.