«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӘҢІР ТАБЫСТАҒАН ТАРТУ

Бабаларымыз ұлан-ғайыр Ұлы Даланы шоқпармен, айбалтамен, найзаның ұшымен, білектің күшімен, ақыл-парасатымен, жаудың жүрегіне жететін нәрлі қазақ тілінің сөз құдіретімен қорғады. Кең даланың ұлтарақтай жерін жауға бастырған жоқ. Бүгінгі “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” күнге жету үшін ата-бабаларымыздың көрмеген қорлығы, шекпеген азабы, тартпаған қайғы-қасіреті болды ма?! Қазақ халқының сол замандағы ең сауатты, ең дарынды, көзі ашық, көкірегі ояу, жүректері тек қана “Елім, жерім, халқым” деп соққан Алаш азаматтары артына ұрпақ қалдыра алмай, ал ұрпақ қалдырғандары өсіре алмай, атылып кетті.

“Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” ел тарихында ешқашан ұмытылмайды. Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов: “Бұл қазақ халқының өміріндегі ең сұмдық, ең ауыр, ең қасіретті кезең болды”, – деп жазды өз еңбегінде.  

Голощекин тұсында қолдан жасалған аштықтан қазақ халқының тең жартысы қырылды. Сұлтанбек Қожановтың сол кезде “Бірлік туы” газетіне жазған мақаласын “Егемен Қазақстан” көшіріп басыпты. Онда: “Түркістан қазақтарының тұрмысы күн сайын төмендеп барады… Көшелерде шұбырып жүрген аш қазақ. Көздері, беттері аштықтан іскен. Ана жерде де, мына жерде де аштан өліп жатқан кісілер. Өліктерді жинап алуға шама келмей жатыр. Осылай бола берсе, Түркістанда қазақтан ұрпақ, тұқым қалмау қаупі бар!” – деп жазылыпты. Мен сол мақаланы жылап отырып оқыдым…

Қазақ халқы осындай адам төзгісіз қиыншылықтардан өтсе де, ұрпағын, тілін, дінін, ділін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жоғалтпады. Тектілігін сақтап қалды. Елбасы: “Қазақ халқы қырғынға ұшырамағанда, 50 млн-ға жетер едік!” – деп тектен-текке айтқан жоқ.

Құдайға шүкір, Тәуелсіздік қолымызда! Тәуелсіздігіміз 2 мүшел жасқа толайын деп тұрған бозбала іспеттес. Тәуелсіздікті алу бар да, оны нық ұстап тұру, өркендету, өсіру, тамырын тереңдету бар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін жастардың есіне тағы бір салғым келеді. “Тәуелсіздігіміз – біздің ең жоғары бағалайтын байлығымыз. Ата-бабамыздың қанымен, терімен келген тәуелсіздікті ешкімге бере алмаймыз! Тәуелсіздігімізді қасық қанымыз қалғанша қорғауымыз керек!” – дейді Тұңғыш Президентіміз. Ендеше, Тәуелсіздігіміз кімнің қолында болуы керек? Әрине, жастарымыздың! Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау кімге аманат? Әрине, жастарға аманат!

Сақ, ғұн дәуіріндегі бабаларымыздың Монғол жерінен елге әкелінген Күлтегін ескерткішіне тасқа қашап жазып кеткен сөздері де қазақ халқына аманат. Орхон-Енисей жазуымен: “Ей, түріктің бектері, халқы! Сендер таққа деген қағидамен кіріптарсыңдар, алауызсыңдар! Әкелі-балалының ымырасыздығынан, ағалы-інілінің дауласқандығынан, дұшпанның сөзіне алданғандығыңнан – қағаныңның қағандығыңнан айрылдың! Жер-жерге босып, сандалдыңдар! Бек ұлдарың – құл болды! Пәк қыздарың күң болды! Сүйегің таудай үйілді! Түркі бектері, халқы өкініңдер. Бірігіңдер! Бірлесіңдер!” деп бабаларымыз өсиет қалдырған.

Күні кеше ғана Нұрсұлтан Әбішұлы журналистермен бейресми ашық әңгімесінде де еліне, халқына, жастарға бірлік пен бірігудің қажеттігін және “Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін” деген мақсатпен әрекет жасау керектігін баса айтты. Бұл әңгіме – мыңдаған жылдар бойындағы бабалар өсиетінің сабақтастығы, өміршеңдігі.

Үш ғасырдан артық дербес, өмір сүріп жатқан алпауыт елдердің өзі нарықты экономика заңдарына төтеп бере алмай, аяқтарынан шалдыруда. Ширек ғасыр ғана тәуелсіздікте өмір сүріп жатқан жас Қазақ елі кемеңгер Елбасының басқаруымен дамыған 30 елдің қатарына қосылуға, халықтың әл-ауқатын көтеруге, реформалар арқылы өсіп, дамуға нақты қадамдар белгілеп, іске асыруда.

Біз, Қазақ елі, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында ұлттық қорымыз жоқ, ине мен жіпке зар болған ел едік. Енді, міне, ширек ғасырдың ішінде инфрақұрылымы мен инновациялық экономикамыздың даму жолдары жағынан көптеген елдерге үлгіміз. Қазақ елін әлем таныды. Танып қана қоймай, Елбасымыздың көрегендігімен, болжампаздығымен барлығы санасады. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында, сұхбаттарында әрқашан жастарға сенім артады.

Қазақ елінің жастары “Жаным – арымның садағасы” деген қағидамен елі, халқы үшін таза, адал өмір сүретіндей саналы болса екен деп армандаймын. Сол жастарға халқымыздың әділ, дана биі Қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғар қолбасшысына айтқанын жеткізгім келеді. Жоңғардың қолбасшысы: “Сізде 5 ұл бар ғой”, – дегенде, Қазыбек би: “Менде 1,5 (бір жарым) ұл бар”, – дейді. Қолбасшының: “Қалайша?” – деген сұрағына Қазыбек би: “Ұлым Бекболат – үш жүздің беделді, ақылды данасы. Оны 1 ұлға теңеймін. Қалған 4-еуі – отбасыларын жақсы ұстап, жағдайын жасай алатындар. Оларды жарты ұлға балаймын”, – деп жауап беріпті. Міне, Қазыбек би бабамыз өз отбасын ұстап, еліне, халқына қызмет етіп, Отанының өркендеуіне үлес қосқан, халқының қамын ойлаған азаматты ғана толыққанды нағыз қазақ жігіті санаған. Ендеше осы ХХІ ғасырда Отбасын, Қазақ елін қорғайтын жастар жайқалып, жасыл құрақтай өсе берсін! Тәуелсіздігіміз Ұлы Дала Еліне мәңгілік орнап, баянды болсын деп тілеймін!

Қымбат ИСМАНОВА,

 зейнеткер ұстаз, педагогикалық қызметтің ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp