Қараша айында әлемнің көптеген елдері Халықаралық төзімділік күнін атап өтеді. Осыған орай Петропавл қалалық №2 кітапханасы мен Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектеп кітапханасы бірлесіп “Толеранттық дәстүрі және бір-бірімізді құрметтеу” тақырыбында “дөңгелек үстел” ұйымдастырды. Оған учаскелік полиция инспекторлары, мектеп психологтері мен медбикелері қатысты.
Шараның мақсаты – толеранттық ұғымын оқушыларға қарапайым тілмен жете түсіндіру, олардың бойында адамдарға, әлемге деген мейірімділік, төзімділік дағдыларын қалыптастыру, өз ойларын еркін айта білуге үйрету. Сондай-ақ, шара ұлтаралық достық қарым-қатынасты, қоғамдағы тұрақтылықты, шыдамдылықты сақтауға, бір-біріне мейірімді болуға тәрбиелеуді мақсат етті.
Оқушылар толеранттық түсінігін ұлттық дүниетаным тұрғысынан талдады. “Дөңгелек үстелге” қатысқан қонақтар оқушыларды бір-біріне түсіністікпен қарауға, басқа адамның ішкі әлеміне жол таба білуге, өз бойларында жағымды көзқарас қалыптастыра отырып, жалпы әлемге деген толерантты қарым-қатынасқа дайын болуға шақырды және оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Ләззат ЕРҒОЖИНА,
№2 қалалық кітапхананың
меңгерушісі.