«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРТ АУДАННЫҢ ТАНАПТАРЫНДА БОЛЫП, маңызды нысандардың жағдайымен танысты

Өткен сенбіде облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен өңіріміздің Шал ақын, Тимирязев, Жамбыл және Мамлют аудандарын аралап, жергілікті тұрғындардың хал-жағдайларын білді, жол мен ауызсу мәселесіне назар аударды.

Сергеевка қаласындағы бой көтеріп жатқан емхананың іргетасы 2012 жылдың тамыз айында қаланыпты. Бүгінде күніне 250 адамды қабылдай алатын негізгі ғимарат тұрғызылған. Құрылысшыларға тек ішкі әрлеу мен инженерлік желілерді тарту жұмысы қалған.

Облыс әкімі Шал ақын ауданының орталығындағы “Сергеевка сүт өнімдері” кәсіпорнында да болды. Шикізатты агроқұрылымдар мен ауылдықтар тапсырады екен. Бүгінде тәуліктік қуаты 50 тонналық кәсіпорында күн сайын 20 тонна сүт өңделуде.

Ауданда егін шаруашылығын дамытуға да зор мән беріледі. Қазір мұнда 5 мың тонна астық сақтайтын элеватордың құрылысы жүргізілуде. Құрылысшылардың айтуынша, маңызды нысан алдағы орақ науқанының өнімін қабылдайтын болады.

Шалақындық диқандар күзде мол астық бастыруға мүдделі. Өңір басшысымен әңгіме барысында диқандар егіс науқанын тамамдауға таяп қалғандарын айтты. Ауданның егістік көлемі – 260 мың гектар. Биыл мал шаруашылығы әлеуетін арттыру мақсатында жемшөп азығы мен майлы дақылдар алқабы 2 есе ұлғайтылыпты.

Осы сапарында Ерік Хамзаұлы Виктор Окуневтің шаруа қожалығына аялдады. Кәсіпкер қарамағындағы 127 бас жергілікті ірі қараның өнімділігін арттыру үшін 3 бас асылтұқымды бұқа сатып алған. Мал азығын сақтау үшін 2 қойма салмақ.

Тимирязев ауданында облыс әкімі дән сіңірілген танап басындағы жұмыс барысымен танысты. Жалпы, аудан бойынша 268 мың гектар алқаптың 200 мыңы ырыс дәні – бидайға бөлінген.

“Тан” шаруа қожалығы парға қалдырылған жерді өңдеу үстінде. Осы жерде Ерік Сұлтанов агроқұрылым басшыларымен кездесіп, ауылдықтардың әлеуметтік жағдайын естен шығармау керектігіне тоқталды. Әңгіме барысында мал шаруашылығын қолға алудың маңыздылығы да айтылды. Ауданда “Атамекен-Агро-Тимирязево” серіктестігі асылтұқымды репродуктор-шаруашылық құрған. Мал кешенінде шетелдік жоғары өнімді 433 бас абердин-ангус сиыры бағып, күтілуде. Тең жартысы қолдан ұрықтандырылады. Өзге Зеңгі баба төлдері жазғы жайылымға шығарылған.

Ал Жамбыл ауданы диқандарының ісіне бірқатар мәселе қолбайлау болыпты. Жанар-жағармай уақытында жеткізілмеген. Шаруалар бүгінге дейін дизель отынының тиісті көлемін толықтай ала алмай, сергелдеңге түсуде. Облыс әкімі бұл келеңсіздіктің шешімін өз бақылауына алатындығын жеткізді. Ауылдықтар күре жолдардың жағдайына да алаңдаулы.

Облыс әкімі сапар кезінде “Пресновка-Благовещенка-Қайранкөл” бағытындағы тас жолдағы күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына да көңіл бөлді. Оны жаңарту жұмыстары өткен айда басталыпты. Жолды қалпына келтіруге ел қазынасынан 266 млн. теңге жұмсалмақ.

Жамбыл мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесінің аумағы 27 мың гектарды құрайды.

– Ормандарды төтенше жағдайлардан қорғауға арналған арнайы техника жеткілікті,– дейді табиғат сақшылары.

Облыс әкімі “Сычев” шаруа қожалығының ет өңдеу кәсіпорынында болды. Бұл ұжым 1,5 тонна жартылай өңделген және шұжық өнімдерін шығарады. Ерік Хамзаұлы жұмысшылардың жағдайын сұрап-білді.

Сапар соңында өңір басшысы Мамлют ауданына аялдады. Онда алдымен күрделі жөндеуді қажет ететін облыстық маңызы бар жолдардың жағдайын көрді. Становое-Новомихайловка-Раздольное ауылдарын байланыстыратын жолдың 2 шақырымы әбден тозған.

Аудан орталығында облыстың бірінші басшысы бой көтеріп жатқан жаңа мектептің құрылысымен танысты. Оқу мекемесі 300 орынға шақталған. Құрылысы өткен жылдың наурыз айында басталыпты. Алайда, бар жұмыс іргетасының қалануынан әрі аспай тұр.

Мамандардың айтуына қарағанда, ленталы іргетасты бұл жерге пайдалануға болмайды, соған орай құрылыс жұмысы тоқтаған. Ал жоба қайтадан жасауға жіберілген. Сәуір айында бас мердігер тағы бір мәселеге кезіккен. Көктемде құрылыс аумағын су басып қалыпты. Тиісті қаржының уақытында төленбеуі де жұмысты тежеп тұрған көрінеді. Осының кесірінен қажетті тас қалаушылардың тек үштен бірін ғана жалдау мүмкін болып отыр. Ерік Сұлтанов мектеп құрылысын қатаң бақылауға алуды, оның мерзімінде тапсырылуын қадағалауды аудан әкімі Владимир Бубенкоға тапсырды.

Осы жолы өңір басшысы аудан орталығындағы қазақ мектеп-интернатына да ат басын бұрды. Аталмыш білім ордасы 400 балаға арналып салынған, 200 жатын орынды интернаты бар. Биыл онда 182 шәкірт қана білім-тәрбие алған.

Сапар барысында Ерік Хамзаұлы “Искра” сауықтыру лагерінде болып, оқушылардың жазғы демалысы қалай ұйымдастырылатынына назар аударды. Аталмыш нысан балалар қабылдауға сақадай сай әзір отыр.

Мамлют ұн үгу комбинаты да өңір басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Оның астық қабылдау қоймаларының сыйымдылығы – 145 мың тонна. Ұн экспортқа шығарылады. Шикізатты бірінші кезекте жергілікті диқандар тапсырады. Жергілікті тұрғындар сүт қабылдау қосынының ашылғанын қалайды. Ерік Хамзаұлы орынды тілекке қолдау білдірді.

Сапар соңында Ерік Сұлтанов көктемгі-дала жұмыстарына оң бағасын берді.

Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ, журналист.

 

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp