Кеше Петропавл қаласындағы Қазақстан Конституциясы көшесі, 1а-үй мекенжайында жаңа “GREEN WHICH” төрт жұлдызды қонақүйі пайдалануға беріліп, оның ашылу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
“GREEN WHICH” қонақүйінің жалпы ауданы 3 мың шаршы метр. Мұнда қонақтарға арналған 40 бөлме бар, олар стандарт, бизнес, жартылай люкс және люкс санаттарына бөлінген. Қонақүйде мейрамхана, жаттығу залы, конференц-зал, сауна жұмыс істейді.
Жаңа нысанның іші-сырты әсем безендірілген. Бұл жұмыспен “Сергей Филатов” дизайн студиясы айналысыпты. Жиһаздардың 80 пайызы жеке үлгі бойынша арнайы тапсырыспен жасалған. Ғимарат ішін әрлеуде жасыл түске басымдық берілгені бірден аңғарылады.
Қонақүйдің басқарушы менеджері Анар Шаймұқанованың айтуынша, нысанның іске қосылуы нәтижесінде 32 жаңа жұмыс орны ашылған. Құрылтайшылар Астанадан болғанымен, қызметке тек жергілікті қыз-жігіттер тартылыпты. Қазақстандықтармен қатар шетелдіктерге де қызмет көрсету көзделген. Сондықтан үш тілді білетін мамандар жұмысқа алынған.
Қонақүй ішін аралап көрген облыс әкімі Ерік Сұлтанов соңғы кездері өңірімізге шетелдік қонақтар көп келе бастағанын атап өтті. Облыс өткен жылы инвестиция тарту қарқыны бойынша республикада бірінші орынға шыққан. “Жыл басында облыстық инвесторлар форумы өтті. Астанада шетелдік дипломатия өкілдерімен кездестік. Осының бәрі экономикаға құйылатын инвестицияны арттырары сөзсіз. Сыйлы қонақтар келеді. Оларды осындай сәні мен сәулеті келіскен қонақүйде қарсы алуымыз керек”, – деді өңір басшысы. Ерік Хамзаұлының айтуынша, бүгінде Петропавл қаласында төрт бірдей қонақүйдің құрылысы жүргізілуде.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.