Кеше қалалық Мәдениет үйінде ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, өртке қарсы қызмет генерал-майоры Серік Әубәкіровтің төрағалығымен облыстық департаменттің өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындысына және алда тұрған міндеттерді, сонымен бірге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін талқылауға арналған кеңес болып өтті. Аталмыш шараға облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко қатысты.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы, өртке қарсы қызмет полковнигі Әсет Ысмағұлов 2014 жылдың қорытындысы және алда тұрған міндеттер жайлы баян етті. Әсет Шалбайұлының айтуына қарағанда, департамент былтыр 235 шара өткізуді жоспарласа, ол 100 пайыз орындалған. Облыстағы табиғи және техногендік апаттардың алдын алу мен олардың салдарларын жоюға байланысты шаралар департаменттің басты назарында. 2014 жылдың қараша айынан бері қарлы бұрқасынға және көктайғаққа орай автожолдарда 47 көліктің тоқтап қалу оқиғасы тіркеліп, 497 адам мен 98 техника қар құрсауынан босатылып, қауіпсіз жерге көшірілді. Облыс аумағында төтенше жағдайларды жою үшін құрамында 1032 адам мен 440 техника бар 14 шұғыл қимыл жасағы құрылып, жұмыс істеуде. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Айыртау ауданындағы Имантау және Аққайың ауданындағы Тоқшын ауылдарында өрт сөндіру қосындары құрылды. Тағы екі ауданның шаруашылық субъектілері базасында сондай қосындар ұйымдастырылмақ. Қазіргі уақытта ауылдық елді мекендерде 157 өрт сөндіру автомобилі және 1017 бейімделген техникасы бар 497 ерікті өрт сөндіру құрылымы жұмыс істейді. Есепті кезеңде департамент қызметкерлері 2 мыңдай өрт сөндіру, апаттан құтқару жұмыстарына қатысып, 230 адамды құтқарды, бір жарым мыңдай адамды қауіпсіз жерге көшірді, 123 зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетті, 600 млн. теңгеден астам материалдық құндылықтарды аман алып қалды.
Департамент қызметкерлері төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстың 505 нысанына тексеру жүргізіп, өрт қауіпсіздігін сақтауға салғырт қараған 546 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Соған қарамастан, өткен жылы облыста 155 төтенше жағдай орын алды (2013 жылы – 148), одан 159 адам (2013 жылы – 170) зардап шекті, оның ішінде 109 адам (2013 жылы – 112) қайғылы қазаға ұшырады. Былтыр 812 өрт (2013 жылы – 746) тіркеліп, одан 119 млн. теңгенің материалдық шығыны келді, отта 47 адам (2013 жылы – 48) опат болды және 45 адам (2013 жылы – 58) әртүрлі деңгейде дене жарақатын алды.
Кеңесте “Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” ММ-нің басшысы, өртке қарсы қызмет полковнигі Серік Ғайсин, бақылау және алдын алу жұмыстары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Денис Шуваев, азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Евгений Обухов, кадрлық жұмыс бөлімінің басшысы Асқар Ысмағұлов күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты өз ойларын ортаға салды.
Осы күні ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Серік Әубәкіров Петропавл қаласындағы №1 және №2, Аққайың ауданындағы №9 өрт сөндіру бөлімдерінде болып, олардың материалдық-техникалық базасымен танысты.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.