Осыдан бірнеше күн бұрын Парламент Мәжілісіндегі фракциялар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Мәжіліс және түрлі деңгейдегі мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізу жөнінде Үндеу жолдады. Халық қалаулыларының бұл бастамасына қоғам жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.
“Қазақстанның Ардагерлер Кеңесі” республикалық қоғамдық кеңесі Мәжілісті тарату және Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың мерзімінен бұрын сайлауын тағайындау туралы бастаманы қолдайды.
ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ ЖАУАПТЫ КЕЗЕҢ
Бүгінде әлемнің ең дамыған 30 елінің санатына қосылуға бет алған Қазақстан әлемдік деңгейдегі барша қиындықтарға алдын ала тойтарыс беріп, өзінің даму стратегиясынан бір мысқал да айнымай алға қадам басуда.
Өткен жылы еліміз Ұлы Жеңістің 70 жылдығын зор ауқымда атап өтті. Қазақстанда тұратын бірде-бір ардагер мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Біз өзіміз үлес қосқан Ұлы Жеңістің араға жылдар салып Елбасының арқасында ұлы Тәуелсіздікке ұласқанын көрдік.
Қашан да халқының тілеуін тілейтін ардагерлер қауымы Қазақстанның Елбасының жетекшілігімен талай тығырықтан аман шыққанына куә болып келеді. Қазір де ардагерлер Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы саясатының толығымен, уақтылы жүзеге асуын жан-жақты қолдайды. Сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанды барлық бағыттар бойынша жаңғырта түсетін Бес институттық реформаны жүзеге асырудың Ұлт жоспары табысты жүзеге асырылғанын қалайды. Мұндай тарихи маңызы бар жұмыс ел бірлігі, татулық пен тұрақтылық арқылы ғана іске асатыны анық.
Ел тарихындағы аса жауапты кезеңге қадам басатын маңызды сәтте елді ұйыстырып, Елбасы саясатына жұмылдыра түсуге сайлау науқаны зор септігін тигізбек.
“Қазақстанның Ардагерлер Кеңесі” республикалық
қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі.
Бүгінгі елімізде орнаған уақытша қиындық кезінде Парламент Мәжілісі депутаттарының ұсынысы орынды деп ойлаймын. Бұл – заман талабына қажетті саяси қадам.
ҚАЖЕТТІ ҚАДАМ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – қашанда халқының жағдайын ойлап, еліміздің дамуына бағыт-бағдар беріп отыратын кемеңгер басшы. Әлемнің ең дамыған 30 елінің санатына қосылуды бағдар еткен қазақстандықтар үшін Президенттің бес реформасы мен дағдарысқа қарсы жасалған Ұлт жоспары стратегиясын ойдағыдай орындап шығу – басты мақсат. Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу осындай жауапты кезеңде өте маңызды шешім екеніне кәміл сенемін және осындай бастаманы көппен бірге қолдаймын. Өйткені, бұл – біздің елді кемел келешекке бастайтын баспалдақ.
Қазіргі тарихи сәтте осындай ауқымды жұмыстың барлығы ауызбірлік, өзара түсіністік арқылы ғана жүзеге асатыны сөзсіз. Елбасы қандай шешім қабылдаса да, оның барлығы ел игілігі үшін жасалатын шара екені анық. Бастысы – әлемдік дағдарыстан өтіп, рухы биік, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу.
Сағындық САЛМҰРЗИН,
“Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі.
АЛДА – ЖАҢА БЕЛЕСТЕР
Біз, “Ауыл” партиясының мүшелері, депутаттардың Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастамасына қолдау білдіреміз.
Бүгінде барша қазақстандықтардың алдында Бес институттық реформа мен еліміздің дағдарысқа қарсы стратегиясын жүзеге асырудың маңызды міндеттері тұр.
Көздеген мақсаттарға табысты жету жолында жүйелі түрде алаңсыз жұмыс істеу үшін біз ертеңімізге және жүргізілетін саясаттың болжамдылығына сенімді болуымыз керек.
Біз шаруалардың, ауыл тұрғындары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің партиясы ретінде мерзімінен бұрын сайлау өткізіп, жаңа Парламент жасақтау жаһандық дағдарыстан абыроймен шығу және Қазақстанның әрі қарай табысты дамуы үшін жүктелген міндеттерді толыққанды жүзеге асыруға қажетті халық сенімінің мандатын алуға мүмкіндік береді деп санаймыз.
“Ауыл” ХДПП баспасөз қызметі.
ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМДІ НЫҒАЙТАДЫ
Елбасының “Бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындаудың практикалық кезеңі биылғы жылдың 1 қаңтарынан басталғаны бәрімізге мәлім. Сондықтан Мәжіліс депутаттарының Үндеуінде айтылғандай: “Мәжілісті тарату және кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы шешім, әсіресе, қазіргідей аса күрделі әлемдік экономикалық және геосаяси жағдайда қиын, алайда, Қазақстанның бүгіні мен болашағы үшін тарихи маңызы бар шешім. Біріншіден, қазіргі Парламент Президенттің Бес институттық реформасын бастауға қажетті заңнамамен толық қамтамасыз етіп, өзінің тарихи миссиясын орындады. Қазір реформаларды нақты іс жүзіне асыру кезеңі басталды. Бұл ретте Қазақстан халқының елімізді ауқымды жаңғырту мен дағдарысқа қарсы тиімді саясатты заңнамалық қамтамасыз етуде қай партияларға жаңа сенім мандатын беретінін айқындауы айрықша маңызды”. Бұл уақытты ұттырмай, іс жүзінде тұтас бір жылды жоғалтпай, дағдарысқа қарсы шаралар мен мемлекеттің қуатын арттыру жөніндегі жаңа реформаларды жүзеге асыруға қазірден бастап кірісуге мүмкіндік береді.
Яғни, Мәжілістің жаңа сайлауы мемлекет пен қоғамның Ұлт жоспарына, экономика мен елді дағдарыстан қорғау міндеттеріне жұмылуына мүмкіндік береді. Биліктің мемлекеттік құрылымдарына, азаматтық қоғамның барлық тармақтарына аянбай, бар күш-жігермен талпына жұмыс істейтін уақыт туды.
Енді біз үшін, яғни сайлаушылар үшін ең маңыздысы – Парламентте қай партия жұмыс істейтінін айқындап алу. Қазіргі күні қоғамдағы тұрақтылық, келісім мен экономиканың түйткілді мәселесін шешу бұрынғыдан да мейлінше өзекті. Ал жаңа сайлау қоғамдық келісімді нығайтатынына сенімім мол.
Ғалия БЕКТАСОВА,
Қызылжар аудандық мұрағат
мекемесінің директоры.
БІРЕГЕЙ ҚАДАМ
Қазақстан қастерлі тәуелсіздігінің 25 жылдығына ауқымды жаңғыртулар арқылы қадам басып отыр. Еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін жаһандық дағдарыс жағдайында сақтап қана қоймай, еселей түсу үшін, Елбасының Ұлт жоспарын табысты жүзеге асыру үшін бізге тың көзқараспен, тың қуатпен жұмыс істейтін Парламент керек.
Мерзімінен бұрын Парламент сайлауын өткізу бүгінгідей жауапты сәтте халқымыздың бірлігін бұрынғысынан да нығайтып, Елбасының сындарлы саясатын мүлтіксіз жүзеге асыру жолында ұйыстыра түсетін бірегей қадам болмақ.
Шешім қабылданған жағдайда таңдау жасау – Қазақстан халқының құзырында.
Еліміз әлемдік экономикалық дүрбелеңнен де дін аман өтіп, “Қазақстан 2050” Стратегиясының мақсаттарына жетіп, “Мәңгілік Ел” боларына Қазақстанның зиялы қауым өкілдері, шығармашыл азаматтары кәміл сенеді.
Қазақстанның Жазушылар одағы еліміздің барша азаматтарын баянды болашақ үшін халық қалаулыларының бастамасын қолдауға шақырады.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма хатшылығы.
ӘРДАЙЫМ ЖАДЫМЫЗДА
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жастар – ел болашағы” деген сөзін біз әрдайым жадымызда тұтып, тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы қадамдары қарышты болуына өз үлесімізді қосып келеміз. Біз Елбасы сенім артқандай білімді, білікті, отаншыл азаматтар болу үшін аянбаймыз.
Азат елдің арқалы азаматтарына айналуымызға еліміз бар қамқорлықты жасап отыр. Заманауи білім ордалары мен денсаулық сақтау нысандары салынып, олар соңғы үлгідегі жабдықтармен жарақтандырылуда. Жастардың әлемнің әр қиырындағы ең үздік оқу орындарында алаңсыз білім алуына толық мүмкіндік жасалған. Біз ертеңімізге сеніммен қараймыз.
Әлемдік экономикадағы қиындықтарға алдын ала лайықты жауап берген Қазақстан бұл кедергілерден тың қуатпен, жаңарған ел ретінде шығарына сенімдіміз.
Жаһандық дағдарыстың жаңа толқынын абыроймен еңсеру үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы саясатын және мемлекетімізді жаңғыртуға серпін беретін Бес институттық реформаны іске асырудың “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын орындауға жаңадан сайланған Парламент сүбелі үлес қосады деп санаймыз.
“Нұр Отан” партиясы
“Жас Отан” жастар қанатының
баспасөз қызметі.